Президент • 08 Маусым, 2018

Елбасы Қытай Халық Республикасының іскер топтар өкілдерімен кездесті

407 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Елбасы Қытай Халық Республикасының іскер топтар өкілдерімен кездесті

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі болып саналатынына тоқталып, екі ел арасында тарихи тұрғыдан достық және сенімді қарым-қатынас қалыптасқанын айтты.

– Қытай Қазақстанға тікелей инвестиция құю көлемі жөнінен 4-орынды иеленеді. 2017 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 10,5 миллиард доллар болды. Бұл жердегі өсім – 33 пайыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның мұнай-газ, химия және тамақ өнеркәсібінде, сондай-ақ банк, машина жасау, логистика және басқа да салаларында Қытай капиталының қатысы бар 1200 кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті.

– Бүгін екі елдің 300-ден астам бизнес өкілдері қатысқан Іскерлік кеңес өтті. 13 миллиард доллардан астам қаржы көлеміндегі 40-қа жуық коммерциялық құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар, индустрияландыру және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық аясында жалпы сомасы 28 миллиард доллар көлеміндегі 51 жобаның тізімі жасалды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы кездесуге қатысып отырған кәсіпкерлерге Қазақстанның геосаяси тұрғыдан ұтымды орналасқаны және осы факторға байланысты оның бизнес жасаудағы артықшылығы жөнінде айтты.

– Қазақстан – 180 миллионнан астам тұрғыны бар, кедендік шекарасы жоқ Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. Қазақстан аумағы арқылы Қытай мен басқа да Азия елдерін Ресей, Каспий теңізі, Қара теңіз, сондай-ақ Иран және Түркия арқылы Еуропамен байланыстыратын 5 темір жол және 6 халықаралық автомобиль жолы өтеді. Бұл жүкті Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға және кері қарай 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді. Ал, жүк теңіз жолымен жеткізілетін болса, 2-3 есе көп уақыт кетер еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті кездесуге қатысушылардың назарын инвестициялық тартымдылықты арттыру және бизнес ортасын жақсарту үшін қолданылып жатқан шараларға, атап айтқанда, кәсіпкерлік саласындағы заңнаманың жетілдіре түскеніне, Шетелдік инвесторлар кеңесінің, «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» ұлттық компанияларының құрылғанына, шетелден жұмыс күшін тарту және жер қойнауын пайдалану үшін лицензия алу мен келісімдер жасау рәсімінің жеңілдетілгеніне, сондай-ақ 11 арнайы экономикалық және 24 индустриалды аймақтың жұмысына қатысушылар үшін салық жеңілдіктері мен артықшылықтар белгіленіп отырғанына аударды. 

– Біздің елде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы және «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Туристік саланы дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Біз ірі компанияларымыздың Гонконг және Шанхай биржа алаңдарындағы IPO-ға шығу мүмкіндіктерін қарастырудамыз. «ЭКСПО» көрмесінің базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастады. Ол «жасыл» қаржы құралын, исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамытатын өңірлік орталыққа айналуға тиіс. Қытай компанияларын осы ауқымды жобаларды жүзеге асыру ісіне атсалысуға шақырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу барысында Қытайдың жетекші компанияларының өкілдері қазақстандық әріптестерімен бизнестегі байланыстарын орнатуға зор мүдделілік танытты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы осындай басқосулар екі ел арасының жақындай түсуіне және өзара тиімді әріптестіктің нығаюына септігін тигізетінін айтты.