11 Маусым, 2018

Жүз жасаудың жұмбағы неде?

1050 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұзақ өмір сүрудің құпиясы неде екенін білу үшін адамзаттың бас қатырғанына да талай жылдардың жүзі болды. Осы мәселеге қатысты айтылатын ақыл-кеңестер де өте көп. 

Жүз жасаудың жұмбағы неде?

Біреулер тамақты аз ішу керек десе, енді біреулер бұйырған дәмнен бас тартпа, тек тым шектен шығып кетпесең болды деп білгішсиді. Енді біреулер арақ-шарап ішу мен темекі шегуден бас тартып, спортпен айналыссаң ұзақ жасайсың деп ақыл айтады. Бірақ қанша талпынғанмен осы күнге дейін бірде-бір оқымысты ұзақ жасаудың негізгі себебін анықтай алған жоқ. Егер өмірден алынған кейбір деректерге жүгінер болсақ, бұл орайда шындықтың түбіне жету тіптен де мүмкін емес сияқты.

Сонымен деректер не дейді?

«Менің ұзақ жасауымның құпиясы өзімді еркектерден алыс ұстауымда. Олардан пайдадан гөрі зиян көбірек», депті 109 жыл өмір сүрген Шотландияның ең кәрі тұрғыны Джесси Галлан 2015 жылы. Өзі кедей отбасында дүниеге келіп, 13 жасынан бас­тап жұмыс істеген. Ешқашан тұрмысқа шықпаған, сондықтан әрине, балалары да болмаған. 

Биылғы жылдың сәуір айында 106 жасқа толуын атап өткен британдық Мэделайн Дай да осындай көзқараста көрінеді. «Ешқашан еркектерге қараған емеспін, сол себепті де осы жасқа жетіп отырмын», деп әзілдейді екен өзі. Ол да өмір бойы дене еңбегімен айналысқан.

Әлемдегі ең кәрі әйел саналатын 117 жастағы италиялық әйел Эмма Морано да жалғызбастылықтың пайдасы көп деп есептейтіндердің қатарында. Дегенмен, туған-туыстарының күштеуімен Эммаға 26 жасында тұрмысқа шығуға тура келген. Бірақ арада оншақты жыл өткенде оның баласы қайтыс болады, осы оқиғадан соң бір жылдан кейін ол күйеуін үйден қуып шығады. Содан қайтып тұрмысқа шықпаған. Бір қызығы, Эмма Морано күн сайын үш дана шикі жұмыртқа ішіп отырған. Сөйтсе, анемияға пайдалы деп дәрігер сондай кеңес беріпті. Осылайша ол бүкіл өмірінде жүз мың данадан астам жұмыртқа ішкен екен.

Ұзақ жасағандардың тамақ ішулері, яғни диета сақтаулары да әрқалай болған. Мәселен, 117 жастағы ямайкалық Вайолет Мосс Браун шошқа еті мен құс етін ешқашан жемегенін, жүз жасар америкалық әйел Флоренс Беарс пісірілген шұжықты мүлде ұнатпағанын, Франциядағы ең кәрі әйел, 2017 жылы жүз жылдығын атап өткен Мари-Лу Вирт дәрумендерді жек көргенін айтқан. Ешқашан жеміс-жидек жемегенін, сүт пен йогуртты пайдаланбағанын, негізінен су ішіп, сонымен бірге «ащы судан» аздап татып тұрғанын айтқан да дәл осы әйел.

Керісінше, 116 жасқа келіп 2013 жылы дүниеден өткен жапониялық Дзироэмон Кимура тағамның кез келген түрінен, соның ішінде шошқа еті мен шұжықтан да бас тартпағанын, бірақ тамақты шамадан артық жемегенін айтқан.

Ал, оңтүстікафрикалық Фреди Блюм болса алкагольді ішімдік ішіп, сонымен бірге темекі шегуде де өзіне ешқандай шектеу қоймаған. Кейін келе ішуді тоқтатқанымен, шылым тартуды қоя алмаған көрінеді. Блюм­ның жасы бүгінде 115-те, үлгірсем темекіні әлі де болса қоятын шығармын деп әзілдейді екен өзі.

112 жастағы америкалық Ричард Овертон әрбір атқан таңды төрт стақан вискимен бас­тайды екен. Ол аз десеңіз, күні бойы шылым тартып, бурбон қосылған кофе ішеді де, кешке қарай өзі ұнататын балмұздаққа ауыз салатын дағдысы болған.

Нью-Джерси штатының ең кәрі тұрғыны болып есептелген Агнес Фентон өзінің ұзақ жасауының сыры спиртті ішімдік ішуде деп білген. Өзінің айтуынша, ол 40 жасынан бастап күн сайын үш стақан сыра мен бір стақан арақ ішіп отырған. Оның сыртында ол ұйқыны және Құдайға құлшылық етуді жақсы көрген. Тіпті әбден қартайған шағын­да да оның денсаулығы еш сыр бермепті.

Тарихтағы ең кәрі әйел, 1997 жылы 122 жасында қайтыс болған франциялық Жанна Кельман апта сайын бір кило шоколад жеп отырған. Ал  2017 жылы жүз жылдығын той­лаған Дороти Флетчер күн сайын фастфудпен тамақтанған. Оның пайымдауынша, ұзақ өмір сүрудің сыры чисбургерде көрінеді.

Бүгінде 112 жасқа келген Непал тұрғыны Батули Ламияхане темекі шегуді 17 жасында бастаған. Сөйте тұра өзі әлі күнге дейін шылымды паровозша бұрқыратады. Диета мен темекінің ұзақ өмір сүруге еш қатысы жоқ. Ең бастысы, дұрыс көңіл-күйде жүріп, стрестің пайда болуынан сақтану керек деп есептейді ол. Оның айтуынша, адам еште­ңеге алаңдамай, белсенді және бақытты өмір сүруге тырысуы қажет. Сонда өмір жасың да ұзақ болады. 

Әрине бұл айтылғандарға қарап ұзақ жасау үшін арақ ішіп, темекі шегу керек деген қате түсінік тумауы тиіс. Сол сияқты тамақты талғап ішу де денсаулыққа онша әсер ете қоймайды деген пікір бар. Біздің ойы­мызша, ең бастысы, әр нәрсенің шегін біліп, зиянды дағдыларға салынбай, дұрыс өмір сүре білу қажет.

Қазақстанда да халықтың орташа өмір сүру жасын ұзарту бағытында нақты шаралар қолға алынуда. Осы орайда арнайы «Денсаулық» бағдарламасы да қабылданды. Олай болса, біз келтірген мысалдар ел аза­мат­тарының ұзақ өмір сүрулеріне септігін тигізіп жатса нұр үстіне нұр...

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»