Тарих • 11 Маусым, 2018

Есімі елге елеулі: Өресі биік Бижігіт

968 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Сөз арқауы – көрнекті заңгер, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ардақты азамат – Серік Қатенұлы Байбатыров. Оның өмір жолы, жарты ғасырға жуық ел игілігіне атқарып жүрген қызметі, жақсылық пен ізгілікке, адамгершілік пен адалдыққа, әділдік пен тазалыққа толы тұлғалық ұстанымдары тек өзінің ғана абырой, беделі емес, әсіресе өскелең жас ұрпаққа өнеге. 

Есімі елге елеулі: Өресі биік Бижігіт

Серік Қатенұлы бала кезі­нен бойы да, ойы да өз қатар­ларынан, кластастарынан озық өсті. Қандай жағдайларда да оның мектепте бірге оқыған құрдас­тары, әсіресе Қазақ мемле­кеттік университетіндегі курстас­тары сөзіне құлақ асып, «Се­рік не айтар екен» деп, жүріс-тұрысына қарайлап жүретін. Өйткені ол жастайынан әлдінің әлсізге күш көрсетуіне, біреудің басқа біреуге қиянат жасауына жол бермей, түсініспестікті жарастырар сөз айтар еді. Өзі жақсы оқыды. Спортта да мерейі үстем – оның төңірегіне жастар шоғырланып, Серік бастаған университет волейболшылары жүлделі орындардан көрініп жүрді. Жастайынан ағалық мінез-құлыққа бейім болып ержетті. Ол ерте есейгендер қатарынан. Әдетте мұндай мінез көп балалы отбасының ең үлкеніне тән. Ал Серіктің жағдайында – керісінше, ол Қатен ағамыз бен Салиха анамыздың ұл-қыз­дары­ның ең кенжесі. Ғажабы – Серік өзінің алдындағы аға, әпке­лерінің қамқоршысы, қор­ғаны болып өсті. Тіпті Серіктен жиырма жасқа жуық үлкен Дүкен ағасының өзі Се­рікке аға­сына арқа сүйегендей ер­ке­лейтін. Отбасында осылайша қа­лыптасқан қарым-қатынас есейе келе арта түспесе азайған жоқ. 

Серік Қатенұлы жиырма алты жасында сол кездегі Талдықорған облысының Гвардия ауданы сайлау­шыларының 99,97 процент с­енімін иеленіп, халық соты болып сайланып, Қазақстанда ең жас аудандық сот төрағасы лауазымын он бір жыл атқарып, елдің сенімін арқалап, аудан, облыс көлемінде зор абырой биігіне көтерілді. Аудандық сот төрағасы қызметінде жаңа университет бітіргендей көп нәрсеге көзі ашылды. Өмірдің бұрын-соңды көрмеген, білмеген тұрмыстық қарым-қатынастардың, алуан түрлі адамдар тағдырларының күрделі қайшылықтарын көріп, кейбірінің түйінін шешуде де іркіліп қалған жоқ. Орасан мол тәжірибе жинақтады. Кезінде оның Әділ сот деген жақсы аты тек бір аудан көлемінде ғана емес бүкіл Жетісу өңіріне әйгілі бо­лып, республика дәрежесінде лайық­ты бағасын алды. Бұл да кез кел­ген лауазымды қызметкердің пеше­несіне беріле бермейтін бақыт. 

Әрине, абырой тек сайланумен өздігінен келе қоймайтыны белгілі. Сайланғаннан соң – се­нім үдесінен шығу – сенімге ие болудан әлдеқайда қиын. Ауданда сот төрағасының әрбір өткіз­ген процесі, қабылдаған үкім, шешімі, ел-жұртпен кезде­сулері, сөйлеген сөздері, бар әңгімесі, қысқасы – жүрген-тұрға­ны халықтың көз алдында. Ха­лық сыншы. Сотқа келген әрбір іс, бір немесе бірнеше адам­ның тағдыры. 

Университет сабақтарында жадына түйген ұлағатты ұстазда­рының ақыл-кеңестерін де есінен шығарған емес. Қандай қыспақты қиын жағдайларда ұлы ұстазы – білімі мен парасаты, ары мен қайраты ұлт үлгісіне айналған академик, профессор Салық Зиманұлы Зимановтың айтатын: «күні ертең сот болып қылмысқа билік айтатын тұстарыңда әртүрлі қиындықтарға кездесулерің мүмкін. Оның ішінде – сот қыз­метіндегі адамды көлгірсіп, жөнді-жөнсіз құрметтеген болып, алды-артыңды орап мадақ­тап, өзінің арам пиғылын, шын­дықты ішіне терең жасырып тұрып – өтірік айтуы, соған сендіруге тырысуы, немесе жы­мысқылықпен ықпалды әлде­кімдердің мүдделілігін көл­денең тартып, шатастыруы, кей­бір жағдайда қоқан-лоқы жасап, ашықтан-ашық қорқытуы, әртүрлі жолдармен пара беруге тырысуы тағы басқа толып жатқан сайқалдыққа барулары өмірде талай болған әрі болатын жағдайлар. Әсіресе мұндай жағдайлар жас кездеріңде, биік лауазымдарға көтерілгенде жиі кездесуі мүмкін. Осындайға сақ болыңдар. Сендер естен шығармайтын екі құндылық бар. Бірі – Арларың. Тазалықтарың. Қазақтың «Жаным – арымның садағасы» деген мәрттік мұра­сы. Екіншісі – заңның, құқық­тың сақталуы, бұзылмауы, бұрма­ланбауы», деген сөздерін біздің Серік жанына, өміріне серік ете алған тұғырлы тұлға. Секең бұл құндылықтарды тек қана қызмет үстінде сақтаумен шектелмейді. Ол кәдімгі өмірде де осыларды ұстанады. Бұл оның болмысы.

Ондай адами қасиеттері туралы «Юридическая газета» ба­сылымының журналисі Қаб­драхман Наурызбаевтың «Власть любви. Слово о Серике Бай­батырове» деген деректі пове­сін­де өте шеберлікпен баян­далған.

Серік – отбасынан, анасынан – «адам баласына қайырымды, мейірімді бол, жетімге, кемтарға, әлсізге жанашыр қол ұшыңды бер, пенденің ала жібін аттама, зорлық-зомбылыққа жол берме» деген қағидамен өскен. Мектепте, университетте оқығанда да, тіпті қыз­метке кірісіп, бастағанда да, есейген шағында да өмірге осы көзқарасынан айныған жоқ. Алайда көптеген пенделердің, тіпті сенімге кіріп, жақын жү­ретіндердің кейбірінің бақай есебі ішінде болатынын, жанашыр, тілекшіл болғансып, сыйласуы лауазымына, мәнсабына қатынасты қалыптасатынын, алдымен өзінің бас пайдасын ойлайтынын кейінірек білді. Сотқа қылмыскер немесе куә болып келетін адамдардың да іс-әрекеттері, сөздері, жасаған қылмыстарының себебі, сыры, қыры сан алуан. Оларды да белгілі жазалау статьяға таңып, қатып қалған үйғарымдары шынайы адам өміріндегі жағдайларды қамти алмайтынына талай рет көз жеткізді.

Әсіресе, қылмыскер қатарын­да жас адамдар өмірде жаза басып келіп қалғанда Серік Қатен­ұлы қатты қиналатын. Әдеттегідей қай істердің болса да құжаттарын жаң-жақты терең зерттеп, оқумен шектелмей, жауапқа тартылатын адамдардың бүкіл өмірбаянын, оның отбасын, төңірегінен толық мағлұмат жинайды. Сол адамның мінез-құлқына, дүниетанымына терең үңілетіні өзінің ішкі талабы. Соттың мақсаты – тек жазалау емес, алдымен қылмыс жасаған адам өз күнәсін, жаза басқанын түсіне ме, өкіне ме, болашақта өзінің қателігінен қорытынды шығара ала ма, оңалу, түзелу жолына түсе ме деген сұрақтар үзбей мазалайтын. Әділ сот осыларға жауап іздеп табуды да өзіне мақсат ететін. Сондықтан да әдейі қанқұйлылықпен адам өміріне көпе-көрнеу балта шап­қан ауыр жағдайлардан басқа қылмыс жасаған адамдар үшін сот шешімі оларды қоғамның ізгі­лікті, үмітті сәулесіне бет бұр­ғызатын жолдарын іздестіруді – соттардың азаматтық, қоғам­дық, мемлекеттік парызы санайтын. 

Сот қызметіндегі алғашқы жылдары көршісінің үй құстарын ұрлаған балаң жігіттің қылмыстық әрекеті сотта қаралды. Мәселе тек ұрланған меншікте емес. Ұр­­лықта, ұрлықтық әрекетте. Яғни қылмыста. Бозбала «жаздым, жаңылдым, ендігәрі қай­таланбайды, бүкіл өміріме сабақ болды, кешіріңіздер?!» деп жылап тұрды. Бірақ, проку­рор жібімеді. Жазықтыны кінәлап, «кемі үш жылға бас бостандығынан айы­ру керек», деді. Болған істі, тергеу құжаттарын жан-жақты саралап, талдап, аудандық сот төрағасы Серік Байбатыров жас азаматтың кінәсін мойындап, өкінетіндігін, бұрын ешқандай қылмыс жасамағандығын, оның ата-анасының бұл жағдайды кінәлайтынын, болашақ өміріне сабақ болатындығын ескеріп, қысқа шартты мерзім кесіп, сот үстінде босатып жібергені тек бір отбасының еңсесін көтеріп қоймай, осыдан кейін Қоғалы ауы­лында ғана емес, бүкіл ауданда мал, үй құстарын ұрлау сиреп, кейін ұзақ уақыт тоқталып, тіпті жақсы дәстүрге айналып еді. 

Соттан күтпеген жерден сондай қамқорлық, мейірім көрген орыс жігіті жақсы азамат болып өсіп, отбасын құрып, сот Серікке «Сіз менің өкіл әкемсіз (крестный отец)» деп, бірнеше жылдан кейін келіп, Секеңе сәлем беріп кетіпті. Бүліне жаздаған тағдырға осы­лайша соттың шапағаты тиген. 

Секең өзінің заңгерлік жо­лын­дағы айрықша елеулі екі оқиғаны бөліп айтады. Соның бірі – 1990 жылы өткізілген Қа­зақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депу­таттықтың КОКП-ның қасаң құр­сауынан еркіндік алған ашық, демо­кратиялық, баламалы негіз­де өткізілген сайлауы болды. Қара­тал ауданының сот төрағасы Серік Қатенұлының кандидатурасы аудан жұртшылығының, сайлаушылардың ұйғарымымен Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа ұсынылды. Әрине ондай ұсыныста тұрған еш ерекшелік жоқ. Сайлауға түсу, түспеу әр азаматтың өз құқы. Мәселе – Жоғарғы Кеңес депутаттығына партия тәртібінің заманында тұңғыш рет сот қызметкерінің қоғам тарапынан әрі аудандық, облыстық партия комитеттерінің ресми келісімінсіз, елдің қолдауы­мен, ең күрделісі – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымен, яғни аудан басшысымен қатар сайлауға баламалы үміткер – сот төрағасының ұсынылуында. 

Сол сәттен бастап Серіктің бір күнінде маза болмады. Әр­түрлі деңгейдегі басшылардың ша­қырып, телефондап «осы сайлауды қайтесің, қойсайшы» деген сыңайдағы әңгімелер дуылдап, жоғары лауазымды қызметтерге ұсынамыз деушілерге қарамастан Серік алған бетінен қайтпады. Негізгі ойы – халықтың, сайлау­шы­лардың сот, құқық орын­дары­на қаншалықты сенім көр­сететіндігін бағамдау еді. Міне, сол сайлауда ел аудандық сот төрағасына сенім көрсетіп, Серік Байбатыровты ҚазақКСР Жо­ғарғы Кеңесіне халық депутаты етіп сайлады. Бұл, яғни ауда­ндық сот қызметкерінің Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайлануы – осыған дейін бұрын-соңды Қазақстан аумағында болмаған жағдай еді. 

Сол 12-шақырылымның депутаттары қызмет істеген шақ республикамыз үшін сындарлы кезең болды. Ең үлкен тарихи оқиғалар – Жоғарғы Кеңес депу­таттары 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақ­стан Республикасының Мемле­кеттік тәуелсіздігі туралы» Консти­туциялық Заң, 1993 жылы қаңтар айында жаңа, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Консти­туциясы қабылданды. Осындай ел тағдырына қатысты ең маңызды істердің бел ортасында сауатты, білімді, ұлтжанды депутаттардың бірден-бір белсендісі болып Серік Қатенұлы аянбай еңбек етті. Депутаттық қызметтен кейін сот билігінің жаңа жүйесін, заң төрелігін қалып­тастыруға Алматы қаласы, облысы, Жоғарғы Сот әкім­шілігі комитетінің төрағасы, мемлекетіміздің Әскери соты, Судьялар одағының төрағасы лауазымдарын абыроймен атқарған Серік Қатенұлының қайраткерлік еңбегінің үлесі зор.

Ол тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық кеңістігін қалыптас­тыруға сіңірген еңбегі үшін Ел­басы Жарлығымен еліміздің «П­а­­расат», «Құрмет» орденде­рі­­мен, «Жоғары білікті судья», «Қа­зақ­стан Республикасының құр­­­­метті судьясы», тағы бас­қа құр­­метті атақтармен мара­патталған. 

Секеңнің рухани келбеті ақылы мен біліміне сай, сөзі мен ісі үйлесімді, төзім мен сабыр­ға келісті пішілген. Батыр кескінді, кесек денелі, кең маң­дайлы, дархан жүректі, таза­лық­қа жаны құмар, достыққа берік, сыйластықтың қадірін қастерлей білетін жарамды Азамат. Онымен көп адамдар аралас-құралас, дәмдес-тұздас болуға ықыласты. Ұзақ жылдардан бері жақын араласатын сыралғы достары, бауырлары, жанашыр тілектестері Секеңнің мінезге бай, өресі биіктігін, кінәмшілдікке жоқтығын, сый­ластыққа беріктігін ерекше қадірлейді. Оның жөнді-жөнсіз маңғазданып, қабағын шытып, керіліп, «төрге шықпадым» деп елге өкпелегенін көз алдына келтіре де алмайды. Мұндай ұсақ мінез Секеңе жат, табиғатында да, сана, сезім мәдениетінде де жоқ. Керісінше, қай кезде болса да, қандай жағдай болса да адамдарды түсінушілігі басым. 

Серікке туған ауылы Қастек пен Суықтөбеден асқан сұлу, олардың бұлағынан таза су жоқ. Әзіл-қалжыңы жарасқан қимас­тықтары бауырлыққа ұла­сып кеткен университет, қыз­меттің әр дең­гейіндегі Әли­хан Тойбаев, Тоқ­қожа Естенов, Жұмагүл Сол­тиева сияқты тілектес достары бір төбе. 

Өзімен аттас досы, кезінде облыс әкімі, Ауыл шаруа­шы­лығы министрі болған Серік Шаяхметұлы Ахымбеков еке­уінің егіз қозыдай жарасып, сыр­ласып жүруі – оларға ті­лектес жақын адамдардың кө­ңі­лі­не шуақ. Екеуінің достығы да сол романтикаға толы Қоғалы жерінен, бірі – сот төрағасы болса, екіншісі сол заманда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығынан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланғаннан жас болса да елге ие, аға боларлық жауапты лауазымды басшылық қызметтерін абыроймен атқа­рудан басталған. Отбасылық достықтарын жұбайлары Уәлипа мен Ғазиза елге үлгі дәрежесіне көтере алды. Жұптары жазылмай жүргендеріне жарты ғасырға тақады. Ұлдары ер жетіп, қыздары барған жерін гүлдетті. Аталарының, әкелерінің жолымен келер ұрпақ та өмірге еркін араласып, шаңырақтарын нұрға бөлеп, өсу, өркендеу өрісінде. 

Екі Серіктің де ресми қызмет, лауазымдары мен еңбектерінен қолдары бос уақытта саятшылық өнерлері оңаша әңгіме боларлық. Осы жолы негізгі сөз Серік Қатенұлы туралы болғандықтан, Серік Шаяхметұлының Серік досына әдемі арнау өлеңдерінің біріндегі мынандай жолдарға зер сала кеткеннің артықтығы болмас: «Саят құрып, қыран құстай түледің, Қанжығаңа олжа байлап жүремін. Бабаңыздай нағыз батыр болсын деп, Жегіздім ғой қасқырдың да жүрегін» (С.Ахымбеков. Жайсаң жандармен жарасым.113-б.) .

Өлең шумағында айтыл­ғандай, Қарасай батыр, Жарыл­қап би бабалардан асыл тек, батыр жүрек, орынды сөз – осы Сері­ктің бойына дарыған. 

Бір жолы екі Серік бірге келгенде көңілді отырған дос­тары аңшылық, саятшылық тақырыбын қаузап: «Қай Серік? Үлкені ме, кішісі ме, әкімі ме, соты ма, атқаны қайсысы, тигіз­гені қайсысы, екі Серіктен шата­сатын болдық қой», деп әзілдепті. Дуылдаған жігіттер бір мезгілде тынышталғандай болғанда екі Серіктің аса сыйлайтын бір жеңгелері:

– Қай Серік деп үнемі сұрақ қойып, анықтап жүргенше, өздерінің жүріс-тұрыстары, ең­бек, қызметтері айтып тұрған­дай бірі – Бижігіт, бірі – Төрежігіт болса келіп тұр емес пе? – деген екен. Отырғандар «Тамаша!» десіп ду ете түсіпті. Содан бері – сыйласар жақын адамдар арасында Серік Байбатыров – Бижігіт, Серік Ахымбеков – Төрежігіт. Қазақтың қазынасы ел ішінде, сыйластықта, таза көңілде деген осы да. 

Бұл мақалада Бижігіттің биіктіктерінің кейбіреуіне ғана тоқталатын мүмкіндік болды. Қазақта Бижігіттей өресі биік азаматтар көп болса, ұлттың да сапасы биіктен көрінері хақ.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты