Қазақстан • 11 Маусым, 2018

Шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру еселенді

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасында айтылған шағын несие­леу сомасының 85 пайызын Үкімет кепілдендірмек. Мәсе­лен, алынған бір миллион теңге несиенің 850 мың тең­гесіне Үкімет кепілдік береді, ал қалған 150 мың тең­ге үшін несие алушы ауыл­­дағы малын, жерін немесе басқа да жылжымайтын мүлкін кепілдікке қоя алады. Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұ­мыс­пен қамту және ең­бек нарығын дамыту депар­таментінің директоры Жеңісбек Дулатов шағын несиелеуде атқарылып жат­қан жұмыстармен таныс­тырды.

Шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру еселенді

Былтырғы жылы «ҚазАгроКепілдік» АҚ және «Даму» қоры 414 несиеге кепілдік берген. 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда «Бас­тау Бизнес» жобасы бойын­ша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмаған болатын. Ел Үкіметі 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 мил­лиард тең­геге жеткізуді көздеп отыр. Биылғы жылы шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Шағын кәсіп­­керлікке кепілдік беру­дің үлесі де еселеніп, 800 кепілдік беру жоспарланып отыр. Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі − «Шағын несие беруді көбейту» бо­йынша өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдікті шағын несиелер тұрақты беріліп келеді. Бұл өз кезе­гінде шағын және орта кәсіп­керліктің ел экономикасына қосар үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»