Театр • 11 Маусым, 2018

Жұлдыздар жарқырайтын маусым

524 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен маусым айының 24-30 күндері Астананың 20 жылдығына орай өтетін «Eurasian Dance Festival» ІІ Халықаралық балет өнері жобасына арналған баспасөз мәслихатына «Астана Балет» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Валерий Күзембаев, белгілі хореограф Рикардо Амаранте, «Астана Балет» театрының бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри, фестивальдің атқарушы директоры Жәнібек Қайыр қатысты.

Жұлдыздар жарқырайтын маусым

Астанадағы Еуразиялық балет фестивалі танымал балет жұлдыздары мен жастардың наза­рын аудартқан әлемдік дең­гейдегі бірден-бір дәстүрлі ірі өнер жобасына айналып келеді. Халықаралық жобаға Қытай ұлттық балетінің балет труппасы, Испанияның аңызға айналған «Castro Romero» ұжымы, Голлан­дия ұлттық балеті, Португалия ұлттық балеті, Словения ұлттық балеті, «Астана Опера», Абай атындағы МАОБТ, «Астана Балет» театрының ұжымдары мен Үлкен театр (Ресей) солистері қатысады деп күтілуде.

Сонымен қатар фестиваль аясында «Астана Балет» театрының сахнасында тұңғыш рет әлемдік балет жұлдыздарының Гала-концерті өтпек. Оған осы кешке арнайы шақырылған, әлемнің үздік театрларының әйгілі әр­тіс­тері, атап айтқанда, Иван Ва­си­льев (Михайлов театры, Санкт-Петербург), Анастасия Сташ­кевич (Үлкен театр, Мәс­кеу), Фридеман Фогель мен Ма­рия Эйхвальд (Штутгарт мем­лекеттік балеті), Майя Маха­тели (Голландия ұлттық балеті), Филиппа де Кастро мен Карлос Пинильос (Португалия ұлттық балеті), Бақтияр Адамжан, Мәдина Баспаева мен Еркін Рахматуллаев («Aстана Опера»), Фархад Бөриев пен Риза Қанат­қызы ( «Астана Балет») қа­тысатыны мәлім болды. 

23 және 24 маусымда көрермен назарына «Жизель» классикалық балетінің премьерасын ұсыну жоспарлануда. Виллистар жайлы көне поэтикалық аңыздың ізімен Ген­рих Гейне жазған туындының негізінде бразилиялық хореограф Рикардо Амаранте сахналаған екі актілі балет тұрмысқа шықпаған, сүйіктілері теріс айналғандықтан құсадан көз жұмған бойжеткендер хақында баяндайды. 

Ал 28 маусымда астаналықтар мен қала қонақтары Испанияның – «Castro Romero», ал 29 маусымда тұңғыш рет Қытайдың Ұлттық балеті (Бейжің) театрларының өнерін тамашаламақ. Отандық театр­лармен қатар әлемдік де­ң­гейдегі танымал балет ше­бер­лері қатысуымен өтетін гала-концерт, заманауи хореографтар әзірлеген нөмірлер мен үздік туындылар шоғыры жан баурайды.

– Елорданың 20 жылдық тойын «Астана Балет» театры толайым табыспен қарсы алып отыр. Еуразия халықаралық балет жобасының мұнда екінші рет өткізілуінің өзі балет солистеріне үлкен сенім арқалатады. Осы орай­да театрдың шетелдерге гас­трольдік сапарлары мен Қазақ­стан қалаларына турнесі де сәтті өткізіліп, көпшілік сүйіспен­шілі­гіне бөленгенін атай кеткен жөн, – дейді фестивальдің атқа­рушы директоры Жәнібек Қайыр.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»