Театр • 11 Маусым, 2018

«Отпен ойнама!» балаларға ой салды

1361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық Ж.Аймауытов атындағы музыкалық-драма театрының репертуарында балаларға арналған «Алдаркөсенің сиқырлы дүрбісі», «Қасқыр және жеті лақ», «Күш атасын танымас», «Қаңбақ шал», «Қожа мен спорт» сияқты қызықты ертегі қойылымдары жыл бойы сахнадан түскен емес.

«Отпен ойнама!»  балаларға ой салды

Ал маусым айында театр әртістері мектептердің бастауыш сынып оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерін «Отпен ойнама!» атты жаңа ертегіні көруге шақырды. Орыс балалар жазушысы Е.Пер­­­мяковтың балаларға ар­нал­­ған шығармасы негізінде қойыл­­ған «Отпен ойнама!» ерте­гісінің тақырыбы қай уақыт­та болсын өзекті.

Театр режиссері Әді­лет Ақановтың айтуынша, балаларға арналған әр қойы­­лым ерекше. Қазақ ер­тегілерінің желісі бойынша қойылған қойылымдар бала­лардың ұлттық-танымдық ерекшеліктеріне, ана тілде­рінде жақсы сөйлеулеріне де әсер етері сөзсіз. Осы жолы таң­дап алынған «Отпен ойнама» ертегісінің тақырыбы – қауіпсіздік, тосын қауіп-қатердің алдын алу жайларына арналды. Мақсат – от пен судың қаншалықты қауіпті екенін сахнадан көрсетіп, кішкентайларға ой салу.

Ертегі басталмас бұрын балалар театр фойесіндегі облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті арнайы дайындаған көрмемен танысады. Көрмеде өрт сөн­діру техникалары, құрал-жаб­дықтары мен киімдері қойыл­ған. Мамандар әр баланы көр­меге қойылған заттармен таныстырып, оларға өрт­тен сақ­танудың ережелері жа­зылған парақшаларды үлестіреді. 

– Жалпы, жаз мезгілінде өрт қаупі жиі кездеседі. Осы­ған орай біз облыстық Ж.Ай­мауытов, А.Че­хов атындағы  драма театрларымен бірле­сіп, балаларға арналған ертегі­лерді қоюды қолға алдық. Мақ­сат – өрт қауіпінен сақ болуға, сіріңке тәрізді от тұтан­ды­ра­тын заттарға жоламауға, ата-аналарды балаларын жал­ғыз қалдырмауға шақыру. Биыл өңірде балалардың қатысуымен өртке қатысты 3 оқиға тіркелді, – дейді өрт қауіп­сіздігін бақылау жә­не алдын алу басқармасы бас­тығының орынбасары Қайыр­гелді Әлімхан. 

«Отпен ойнама!» қойы­лымындағы рөлдерді Еркежан Төлеубек, Қобыланды Болат, Нұрсерік Кеңесбаев, Әйгерім Сүлейменова сынды әртістері сомдайды. Ер­тегі маусым айында да жал­ғасады.

 Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР