Қазақстан • 11 Маусым, 2018

«Жасыл ел» жасақтары атқа қонды

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз аумағымыз үлкен бола тұра әлемдегі орманы аз елдің қатарындамыз. Бүгінгі күні республика қалалары мен ауылдарын жасыл желекке орау мақсатын көздейтін кешенді салалар белгіленген. 

«Жасыл ел» жасақтары атқа қонды

Осыдан 14 жыл бұрын «Жасыл ел» жасақтарын құру жөнінде шешім қабылданған еді. Сол уақыттан бері елімізде аталған құрылымның бөлімшелері, соның ішінде студенттер мен жастар елді мекендерді көгалдандыру мен көркейтуге және тал-терек­тер мен ағаштар отырғызу ісіне белсенді түрде араласып келеді. Оның жарқын мысалдары Ақтөбе аймағында да өте мол. Биыл бұл жұмыстарға облыстық бюджетен 400 миллион теңге қаражат бөлінген. Мұндағы басты мақсаттың бірі жұмыссыз жүрген жастарды да еңбекпен қамту екенін ескерсек, «Жасыл ел» жасақтары арқа­лайтын жауапкершілік жүгі ауырлай түседі. Әлі мәселенің дәл осылайша қойылуы студент­тердің жазғы демалыстарын тиімді әрі мәнді де мағыналы өткізуге жол ашады. Ақтөбе облыстық «Жасыл ел» жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусиннің айтуынша биыл өңірде 6000-нан астам жас өрен Ақтөбе қаласы мен елді мекендерді көгалдандыру мен көркейту және абаттандыру жұмыстарының бел ортасынан көрінетін болады. Әрине оның бәрі тегін емес, ақы­лы түрде жүр­гізіледі. Яғни «Жа­сыл ел» жаса­ғының мүшелері кем дегенде айына 60-70 мың теңге көлемінде еңбекақы таба алады. 

Тағы бір айта кетерлік жайт, жазғы еңбек маусымының ауқы­мы барынша кең екендігі. Мұ­ның өзі тал-теректерді күту мен көгалдандыру, елді мекен­дерді абат­тандыру және құрылыс жұмыс­тары секілді бағыттардан тұрады. Бір сөзбен айтқанда, облыста жаз айларында қолға күрек пен балға ұстап жұмыс істеймін деген жастарға ешқандай кедергі жоқ. Сондай-ақ «Жасыл ел» жанашырлары сапында болғысы келетіндердің саны жылдан-жылға өсіп келе жатқаны да көңілге қуаныш ұялатады.

Тағы бір жағымды жайттың бірі – өткен жылы Ақтөбе облы­сындағы «Жасыл ел» жасағы штабы ел өңірлері арасында топ жарып, «Үздік республикалық штаб» атанғаны. Биыл олар осы биік кәсіби деңгейден төмендей қоймайды деген сенім де мол. Айталық соңғы жылдары Ақтөбе аймағында «Жа­сыл ел» жа­сақтарының күшімен миллион түпке таяу көшет отыр­ғызылған. Сөз жоқ, бұған өңір жас­тарының қосқан үлесі зор. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ