Қазақстан • 13 Маусым, 2018

Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы: Цифрландыруға кедергі келтіретін қиындықтар баршылық

692 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атақты «Шахнама» дастанын 35 жыл жазған әйгілі Шығыс ақыны Әбілқасым Фирдоусидің: «Алдыңда не күтіп тұр, соны ойла. Игі мақсатқа тура жүрген жетеді», деген ғибратты сөзі бар. Мұның өзі қандай да бір іс-әрекетке кірісе отырып, біз дұрыс бағытпен жүріп келеміз бе әлде бағдардан ауытқыдық па, оқиғалардан ілгері оздық па әлде шабандап қалып келеміз бе – ұдайы таразылап отыру үшін қажет.

Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы: Цифрландыруға кедергі келтіретін қиындықтар баршылық

21 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ­стан-2030. Барлық қазақ­стан­дықтардың өсіп-өркендеуі, қауіп­сіздігі және әл-ауқатының артуы» атты тұңғыш Жолдауын жариялағаны белгілі. Жолдау – еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын анықтайтын стратегиялық құжат екенін әрі оның әр уақыттың өз міндеттеріне сай түзіліп, жыл сайын халыққа хабарландырылып отыратынын Мемлекет басшысы сонда айтқан болатын. 

Еш жасыратыны жоқ, қас қарая қараңғылық тұмшалап, дүкен сөрелері жылан жалағандай бос қалып, ел ертеңін көзге елестетудің өзі қиынға түскен шақта осындай өршіл де батыл бағдарламаға сенімсіздікпен қарап, оны қиял-ғажайып ертегіге балағандар да табылған еді. Ал мен айтар едім, «Қазақстан-2030» Стратегиясының қуаты да осындай күрделі жағдайда келешекке сеніммен көз тігуінде жатыр деп. Нәтижесі белгілі. Осы жылдар ішінде еліміз ілгері жылжуы, дамуы жағынан ғасырға пара-пар жолдан өтті. Бір ғана дерек. Бар болғаны 15 жылдың бедерінде «Қазақстан-2030» бағдар­ламасының бас­ты бағыт­тары мезгілінен бұрын жүзег­е асқаны, Қазақстанның әлем­нің бәсекеге қабілетті 50 мем­лекетінің қата­рына қосылғаны ресми хабарланып, 2012 жылы Президент өзінің кезекті Жол­дауында ел дамуының жаңа белесін – «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын жария етті. Сөйтіп, Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарында болу мақсаты белгіленіп, ол «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде іске асатын болды.

Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы жаңғыру үдерістерінің қисынды жал­ғасы және «Қазақстан-2050» Страте­гиясымен, Ұлт жоспарымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ұштасып жатыр. Онда Қазақстанның алға қарай дамуының басымдығы бар бағыттары айқындалған, атап айтқанда, нақты 10 міндет белгіленген. 

Ендігі мақсат елімізді Елбасы алды­мызға қойған осынау биік міндет­тер үдесінен шығару болып табылады. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Бірақ өзге жол жоқ. Себебі қазір жиі айтылатын өнеркәсіптік революцияның әрбір кезеңінде өндіруші күштер ғана емес, өндіріс пен ғылымның тығыз ықпалдасуы туындап дамуға жаңа серпін беріп отыр. Яғни, өнеркәсіпке енгізілген инновациялық технологиялар тауардың өзіндік құнын төмендетіп, экономикалық тиімділікті өсірді. Мәселен, бу қозғалтқышы жаппай қолданысқа енген 1760-1840 жылдарды қамтитын бірінші өндірістік революция кезеңінің тұсында Ұлыбританияда механикалық өндіріс дамып, аграрлық қоғамдар индустриялық қоғамға трансформацияланды. Өндірісте машиналар қолданылды, еңбек өнімділігі артты, жұмыс күші дамыды, урбанизация жылдам жүрді, экономикалық өсім жоғарылады. Ал екінші өнеркәсіптік революция ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басын қамтыды және бұл кезеңдегі экономикалық дамуға ғылымның жетістіктері ерекше серпін беріп, электр энергиясын қолдануға, конвейердің пайда болуына, темір жолдың таралуына мүмкіндік туды. Үшінші өнеркәсіптік революция дәуірі 1960 жылдан бастап компьютер мен дербес компьютерлер, өнеркәсіптік роботтар, цифрлы технологиялар мен интернет өмірге енуімен басталды. Ентелеп енген соңғысы – осы үшінші кезеңнің заңды жалғасы іспетті, бірақ анағұрлым жоғары деңгейдегі, киберфизикалық жаңа технологиялар дәуірі.

Күні кеше ғана елордада беделді халықаралық саясаткерлердің, бизнес  өкілдерінің, атақты экономистердің, айтулы  ғалымдардың қатысуымен өткен ХІ  Астана экономикалық форумының күн тәртібіндегі 11 тақырыптың ішінде цифр­лы  әлемге ерекше мән берілгені тегін емес.  Осы ретте, форумда Қазақстан  Президенті  цифрландырудың адамзат өмірінің барлық аспектілерінің  бірінші  мегатренді болып отырғанына мейлінше тоқталып, «Біз де осы жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру арқылы  елімізде цифрлы инфрақұрылымының  және ІТ-экожүйесінің дамуы қамтамасыз етіліп, тұрғындардың 85 пайызының цифрлы  сауаттылығы артады. Біз жаңа  технологияларды қолдана отырып, 5 жыл  ішінде өңдеу секторындағы еңбек  өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспар­лап отырмыз», деп атап өтті.

Әрине, кешегісіз – бүгін, бүгінгісіз – келешек жоқ. Сондықтан да басты мәселе бүгінімізді болашағымызбен дұрыс ұштастыруда жатыр. Шүкіршілік, бүгінгі таңда Қазақстан түрлі салаларға жаңа технологияларды енгізуде қалыс қалмай, нақты істерді қолға алуда. Инвестициялар және даму министрлігінің деректеріне сүйенсек, бүгінгі күні «ERG», «Kazzinc», «ArcelorMittal Temirtau», «Kazakhmys Corporation», «Kazminerals» сияқты еліміздегі ірі компаниялар өз өндіріс­теріне Индустрия 4.0 технологиясының элементтерін енгізу жобаларын іске асыруда. 2018 жылы Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында өндірісті автоматты басқару – ТОРО жүйесін енгізу аяқталады. Жүйе жабдықтың сенімді­лігін 8-10 пайызға арттыруға, жөндеу шығын­дарын 10 пайызға төмендетуге, жоспарлы жылдық жөндеу жұмыстары­ның мерзімін 45 күннен 25 күнге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар биылғы жылы «ЕмбіМұнайГаз», «Қазгермұнай» мекемелерінің кен орындарында «Интеллектуалды кен орны» және «Қазатомөнеркәсіп» кен орындарында «Цифрлы кеніш» қанатқақты жобалары жүзеге асырылады. Мұның сыртында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қатарында «Цифрлы электр стансасы», «Ақылды желілер», «Электр энергияны коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесі» секілді жаңашылдықтар бар.

Дегенмен, цифрландыруға кедергі келтіретін жайттар мен қиындықтар да баршылық. Олардың қатарында білікті мамандардың жетіспеуі, іскерлік орта­ның цифрландырудың экономикалық артықшылықтарын толық түсінбеуі, отандық технологиялар мен құзыреттер­дің дұрыс дамымауы, цифрландыруға қажет­ті қаржылық ресурстардың шек­теулі болуы, телекоммуникациялық инфрақұрылымдардың даму деңгейінің төмендігі сияқты бірқатар мәселелер бар. Бұларды оң шешудің бір жолы – қарапайым қазақ балаларын жаңа дәуірге лайық сирек те жаңа мамандықтарға бейімдеу десек, білім беру саласына назар аудару қажет. Өйткені білімнің дамуы – бұл қоғамның алға жылжуы, азамат өркениетінің өнегелі өлшемі. Сондықтан Мемлекет басшысының халыққа биылғы Жолдауында да білім беру саласына ерекше басымдық беріліп отыр. 

Елбасының Парламенттің қос пала­тасының бірлескен отырысында жария еткен бес әлеуметтік бастамасы туралы Үндеуінде де білім мәселесіне ерекше назар аударылды. Олай болса, Жолдау белгілеген міндеттердің ойдағыдай жүзеге асып, мемлекетімізді нығайтуға, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға, Қазақстанның халықаралық қоғамдастық алдындағы абыройын асқақтатуға, әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарынан көрінуіне толық мүмкіндік бар деген сөз.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, 

саясаттанушы