Қазақстан • 13 Маусым, 2018

Рудныйдағы Жедел жәрдем стансасындағы бір күн

400 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір Жедел жәрдем стансаларында маман­дар­дың жетісе бермейтіні белгілі жайт. Одан Рудный стансасы да құралақан емес. Сондықтан Ирина Юрьевна ғұмыр бойы жас мамандарға ұстаздық етумен келеді.

Рудныйдағы Жедел жәрдем стансасындағы бір күн

– Иә, біз ажалмен күн сайын бетпе-бет кездесеміз десем болады, расында солай. Адамдарды ауруханаға жеткізіп, аман алып қал­ғанымды білсем, сол күні қа­­нағаттанғандық сезіммен жаным да, жүрегім де жай таба­ды. Жал­ғыз мен ғана емес, әріп­тес­те­рімнің барлығы да сондай кө­ңіл-күйде екенін білемін. Же­дел жәрдемді шақырғаннан кейін айтылған мекенжайға қарай құстай ұшасың. Әсіресе жағдайдың ауыр екенін көргенде са­­нау­лы минуттар санаң­да тыр­сылдап ұрып тұра­ды ғой, – деп баста­ды әңгімесін Рудный қа­ла­лық Жедел жәрдем стан­сасының жо­ғары са­натты дәрігері Ирина Ключ­никова. Ол біз кез­дескен күні де бір қа­рия­ны жүрек талмасынан аман алып қалған екен. Қазір саябақта жұмыс қызған кез. Жұрт жер қарайғаннан-ақ қала сыртындағы саябағын ретке келтіре бастайды. Әжей стансаға жан даусы шығып, үрейлі кейіппен телефон шалады. «Саябақта менің шалыма бір нәрсе болды, телефон шалып еді, бірақ сөйлей алмайды», дейді жанұшырып. Тапсырманы Ирина Юрьевнаның бригадасы алды да, әжейдің айтқан мекенжайымен қала сыртындағы саябақтардың біріне зуылдап ала жөнелді. Жүргізушілер де кеншілер қаласын бес саусақтай біледі, көліктің құлағында ойнайды ғой. Саябаққа жеткенше Ирина Юрьевна да, жүргізуші де үн қатысқан жоқ. Қанша дегенмен ана, әйел ғой, Ирина Юрьевна жол амандығын тілеп келеді, «жай жүр, байқа» деп жүргізушіні алаң­датудан да сескенеді. Олар кел­генде қарияның түрі бұзылып кеткен екен. Ол көкірек тұсын көр­сеткеннен-ақ инфаркт екенін біл­ді. Науқастың көкірегінің күй­іпбара жатқанын жанымен се­зін­гендей болды, енді әр минут есепте. Кардиограммасын тү­сір­ген­нен кейін, науқасты «жедел жәр­дем» машинасына салды да, жатқызған күйі ауруханаға әке­ліп, дәрігерлерге табыс етті.

– Бүгінгі күнім олжасыз емес. Біз шамалы кешіккенде саябақ­та­ғы атайдың жағдайы қалай боларын кім білсін, оны аман алып қа­лу оңай болмас еді, – дейді Ирина Юрьевна.

 Жол үсті зулаған көлік, екі күннің бірінде жол апаты болып жатады. Дер уақытында жеткенмен де Ирина Юрьевнаның ажал ал­дында дәрменсіз күй кешкен кез­дері де аз болған жоқ. Кей­де жан­ұшырып жеткенде қан­жоса бо­лып жатқан атпалдай аза­мат­тың, қыршын жастың тамыры соқпайды...

– Жол-көлік оқиғасына бару қай дәрігер үшін де оңай емес. Біз де ет пен сүйектен жаралған адам­быз, жайрап жатқан жерге кел­генде психологиялық көңіл-күй дәрігерлік біліктіліктен басым түсіп кететін кездер болады. Отыз екі жылдың ішінде талай ауыр жағдайды көрдік қой, – дейді дәрігер.

Ирина Ключникова Қара­ғанды медицина институтын бі­тір­­ген соң, бір орында – Рудный қа­ла­лық Жедел жәрдем стансасында ғана қызмет етіп келеді. Үзіліссіз!

– Осы жылдар ішінде Қазақ­стан медицинасының өсуі кере­мет байқалды. Отыз жыл бұ­рын инфаркт, инсульт, тағы бас­қа қа­терлі ауруларды аман алып қа­лу өте күрделі еді. Қа­зір оңай­лықпен ажалға адам бер­мей­міз. Шүкірлік етемін осыған, – дейді ол.

Алайда оның айтуынша, адам ағзасының ғы­лымға да белгісіз, тосын жайлары жетерлік. Кей­де инфаркт ауруына бірден диагноз қояды, өйт­кені оның бел­гі­ле­рі дәрігер үшін бадырай­ып бі­лініп тұрады. Ал кейде кар­диограмманың өзі ештеңе көр­сет­пейді, сонда да білікті дәрі­гер ин­фаркт деп жобалап, ауру­ды тас­тап кетпей, ауруханаға жет­кі­зеді.

– Ауруханадағы әріптес­те­рім­нің өзі алғашында кардиограмма ешнәрсе көрсетпегенін кө­ріп, «нау­қасты неге әкелдіңіз?» деп қалатыны бар. Бірақ олар зерт­тей келгенде науқастың диагнозы бәрібір инфаркт екені дәлелденген кездер де болған. Жұмыстың қиындығы да осында, науқаспен де, диагнозбен де алғаш біз кездесеміз, ал қиын жағдайларда ажалмен де бетпе-бет келіп отырамыз. Әр минут есеп­те болатын арпалыстың ар­қа­сында ажалды өңменінен итерумен келеміз, – дейді Ирина Юрьевна.

Қазір Жедел жәрдем стансаларында маман­дар­дың жетісе бермейтіні белгілі жайт. Одан Рудный стансасы да құралақан емес. Сондықтан Ирина Юрьевна ғұмыр бойы жас мамандарға ұстаздық етумен келеді.

– Жастар қазір теорияны жақ­сы біледі. Бізде тәжірибе бар. Күнделікті ауыр жағдайда жет­кізіл­ген науқастардың диагнозын, белгілерін талқылап отырамыз. Ертіп жүріп үйретеміз. Бірақ бұл жұмыстың қиындығына шыдас бер­меген жастар кетіп қалады. Кә­сіптік біліктілікті жетілдіру өте күрделі деп ойламаймын, біз­дің жұмыстың психологиялық көңіл күйге салмақ салатын ерек­шелігі бар, қиындығы да осында, – дейді Ирина Юрьевна.

Рудный қаласындағы Жедел жәрдем стансасы облыстағы осы сала үздіктерінің бірі.

– Ирина Юрьевна дәрігер­лік ісінің нағыз маманы. Адам­дар­ға жедел жәрдем көрсететін салақи­ындықтары жетерлік. Соның бар­лы­ғына төзіп, оған ғұ­мы­рын ар­на­ған кісі. Осындай дәрі­гер­лердің арқасында науқастарға қызмет көрсету жоғары дәрежеде. Ирина Юрьевна науқастармен де тіл табыса біледі, ұжымда да ақыл сұрар ардагеріміз. Айт­­пақ­шы, ол «жедел жәрдем қыз­ме­тін­де дәрігер бі­лік­тілігімен қа­тар, осы саланың мәдениетін кө­те­­ру­ге үлес қосқан дәрігер, – дей­ді Руд­ный Жедел жәр­дем стан­са­­сының бас дәрігері Наталья Бот­винова.

Біздің жұмыс арасындағы сәл ғана үзілісті пайдаланып айт­қан әңгімеміз кілт үзілді. Дис­петчерге безілдеп қоңырау түс­ті, Ирина Юрьевна дәрі-дәр­мек салған сөмкесін алды да, машинаға жылдам басып ба­ра жатты. Оның ендігі назары науқастың жағдайында.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

РУДНЫЙ