Қазақстан • 13 Маусым, 2018

Жезқазғанда жаңа нан зауыты ашылды

1035 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жезқазғандағы жаңа нан зауытының құрылысы был­тырғы жылдың қыр­күйек айында басталған болатын. «Ulytaý Nan» деп аталған кәсіпорынның алдына Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жәйрем кенті және Ұлытау ауданы тұрғындарын сапалы нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Жезқазғанда жаңа нан зауыты ашылды

Зауыттың алып жатқан аума­ғы 2640 шаршы метрді құ­рай­ды, қуаты тәулігіне 35 тонна нан-тоқаш өнімдерін өндіруге же­теді деп жоспарланған. Бұл жо­баны іске асыруға 2 млрд тең­­­­ге­ден астам инвестиция жұм­­­­са­л­­ды. Жаңа нан зауыты Елба­­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың экономикалық стра­­те­гиясын, «Төртінші өнер­кәсіп­­т­ік даму жағдайындағы даму­­дың жаңа мүмкіндіктері» Жол­­дауын, «Цифрлы Қазақстан» кешен­­ді бағдарламасын жүзе­ге асыру мақсатында салын­ды. Зауыт халықаралық стандарт­тар­­ға, өндірісті цифрландыру бо­йын­ша талаптарға толық сәй­кес­тен­ді­рілг­ен, ол ТМД мен Еуропа елдері аумағындағы заманауи нан зауыт­тарының бірі болып табылады.

Бұл көлемді де серпінді жобаны нан пісіру өндірісінің ең жаңа технологияларын қолдана отырып, өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз етуді мақсат еткен біліктілігі жоғары кәсіби маман­дар жүзеге асырды. «Ulytaý Nan» нан зауыты алдыңғы қатар­лы Еуропа елдерінде шыға­рыл­ған энергиялық тиімді, жоға­ры тех­нологиялық заманауи құрал­дар­мен жабдықталған. Ита­лия­­ның «Эчер» компаниясынан қамыр илейтін машиналар, қамыр ашытатын аударғыштар, миксер, «Мондиал Форни» компаниясынан қамыр бөлгіштер мен қамыр дөңгелектегіштер, толықсыту шкафтары, табанды және ротациялы пештер, «Сартори» компаниясынан то­қаш­тарға арналған бөлгіштер мен дөң­гелеткіштер, «Дженерал систем пак» компаниясынан нан-тоқаш өнімдерін орауға ар­на­л­ған жабдық, Словакияның «А-Т» компаниясынан қаптарда сақтауға, ұнды тасу мен мөл­шер­леуге, ашытқы жасауға ар­нал­ған жабдық жинақтары, швей­цариялық «Рондо» компа­ния­сынан круассан түріндегі қаттама өнімдерді шығару үшін қамыр жаюға арналған жабдық сатып алынды. Германиядан «Хобарт» компаниясынан шыға­рыл­­ған нан жәшіктерін жууға арналған машина әкелінді. Нан зауытының жоғары техноло­гия­лы жабдықтарын монтаждау және қалпына келтіріп рет­теу­­ді еуропалық мамандар іске асырд­ы, сондай-ақ олар келе­шек­те осы құрылғыларда қыз­мет көрсетуші жергілікті мамандар­дан құрылған өндірістік бри­гадир­лерді оқытты. Нан зауы­ты­ның өн­дірістік қыз­метінде дуал­­ды білім беру жүйесі қолданылады. 

Кәсіпорында 225 жаңа, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жұмыс орындары ашылды. Қызметшілер­дің еңбек жағдайын барынша жақсарту және оларды әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етумен қатар, жалпы бекітілген нормалардан тыс жұмыс ауысымы барысында тегін тамақтандыру қарастырылды. 

Заманауи технологиялар мен жабдықтар, білікті персонал өнімдердің экологиялық таза­лығын, 50-ден астам нан-тоқаш өнім­дері түрлерінің жоғары дәм сапасын және тағамдық құнды­лығын қамтамасыз етеді. Тұтыну­шылар үшін тұтас дәнді сорттардан өндірілген қазақ­стандық ұнн­ан жасалған және әртүрлі дақыл дәндері, кебек қосылған дие­талық және бас­қа да нан сорттары шығарылады. 

Жаңа нан зауытының алғаш­қы өнімдері бөбектер үйіне, Жез­қазған балалар үйіне, кәме­лет­ке толмағандарды бейімдеу орта­лығына, жасөспірімдер үйіне және қарттар мен мүгедектер үйіне жолданады. Кәсіпорын ме­тал­лургтерді, кеншілерді және байытушыларды сапалы әрі пайдалы өніммен қамтамасыз ету үшін өндірістік асханалардың нан-тоқаш өнімдерін жет­кізу­ші болып табылады. Нан зауы­­ты­ның сату-өткізу бөлі­мі­не қ­азіргі уақыттан бастап кәсіп­­­кер­лерден, ірі супермар­кет және сауда нүктелері иелері­нен көптеген сұраныстар түсіп, тұрақты негізде өнімді жет­кізу­ге келісімшарттар жасалуда, оларды өнімнің сапасы, сан алуан түрлілігі мен арзан бағасы қызықтырады. Тұтынушыларға нан-тоқаш өнімдерін жеткізуді меншіктегі сатып алынған және брендтелген автопарк іске асырады, сонымен қатар Жезқазған және Сәтбаев қалаларында өз брендімен «дөңгелекті дүкен­дер» жұмыс істейтін болады. 

Өскелең ұрпақ пен аймақ тұрғындарының бойында нанға және наубайшылардың еңбегіне де­­ген құрметті қалыптастыру әрі кә­­сіби бағдарлау жұмысын жүр­­гізу мақ­сатында кәсіпорында экс­кур­­сия­л­ық эстакада жұмыс істей­тін болады, онда барлық тілек біл­ді­ру­­шіл­ер нан-тоқаш өнімдері­нің өн­­ді­ріс технологиясымен таныса алады. 

Заманауи жаңа кәсіпорын «Ulytaý Nan» нан зауыты аймақта жаңа жұмыс орын­дарының ашы­луына, алдыңғы қатарлы инно­ва­циялық технологияларды ен­гізу арқылы адами капиталды да­мы­туға, салық салу базасын өсіру­ге жағдай туғыза отырып, жаһан­дық даму жағдайында еліміздің эко­­н­о­микасын көтеруге және Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанның әлем­нің ең дамыған 30 мемле­кеті­­нің қатарына кіруі жөніндегі тапсыр­масын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы