Қазақстан • 13 Маусым, 2018

«Ұмытпаймыз! Білеміз! Жеңеміз!» атты республикалық науқан басталды

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргінің көзі ашық адамы адамның иммун тапшылығы вирусы тек азғындағандардың ғана айықпайтын дерті емес екендігінен хабардар. Оны жұқтырмауға ешкімге кепілдік берілмегенін Шымкент қаласында 2006 жылы медицина қызметкерлерінің кесірінен 149 баланың осы ауруға душар болғанынан көрдік. Бейкүнә балалардың он шақтысы о дүниелік болды. Бұл трагедияның әлі де соңғы нүктесі қойылған жоқ. Балалардың барлығы дерлік жылдар бойы науқасынан хабарсыз болып, ата-анасын өкіндіріп өсіп келеді. Сондықтан да айналамызда АИТВ статусымен өмір сүріп жүргендер бар екенін қаперден еш шығаруға болмайды.   

 

«Ұмытпаймыз! Білеміз! Жеңеміз!» атты республикалық науқан басталды

18 мамырда елімізде ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алудың халықаралық күніне орай, «Ұмытпаймыз! Білеміз! Жеңеміз!» атты республикалық науқан басталды. Бұл шара Алматыдағы республикалық ЖИТС орталығынан бастау алды.

ЖИТС-тен қайтыс болған­дарды еске алуда АИТВ інде­тіне тап болған адамдарға ниет­тестігін білдіру үшін мемле­кеттік, халықаралық, діни және үкіметтік емес қоғамдық ұйым­дардың өкілдері, медицина қыз­меткерлері, студенттер, ме­диа­лық тұлғалар жиналды. Атал­мыш акцияға ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орта­лығы, Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы, «АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың қазақстандық ода­ғы» заңды тұлғалар бірлес­тігі, ЮНЭЙДС, Алматы қала­сының ЖИТС орталығы, С.Д.Ас­фен­дияров атындағы Қа­­зақ ұлттық медициналық универ­ситеті, PSI ұйытқы болды.

– Бұл науқанның мақсаты – індет жалмаған адамдарды еске алумен қатар, халықты АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға (АӨА) түсіністікпен қарауға ша­қыру. Аталған санаттағы адам­дардың денсаулығын сақ­тау үшін бүгінгі таңда мемлекет оларға тегін түрде антире­тровирустық терапия ұсыну­да. Емдеу кестелері үнемі жақсар­тылып отырады, жаңа антире­тровирустық препараттар сатып алынуда. Жылдан-жылға ЖИТС-тен болатын өлім-жітім айтарлықтай төмендеп келеді, – дейді ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі рес­публикалық орталықтың бас ди­ректоры Бауыржан Байсеркин.

Қазақстанда АИТВ індетінің басталған сәтінен бастап ЖИТС-тен 9 мыңнан астам адам қайтыс болған. Дегенмен індет­тің алғашқы жылдарында АИТВ-мен өмір сүріп жүрген адамдарда дәрілерді таңдау мүмкіндігі болмағандықтан, бір жылда 280 адам қайтыс болған. Ал қазір түбегейлі шараларды қабылдау нәтижесінде бұл қарқын айтарлықтай төмендеді. АИТВ жұқтырған балалар тек түпнұсқалық препараттарды қабылдайды. АИТВ-нің анадан балаға берілуін тоқтату үшін барлық жүкті әйелдер АИТВ-ге екі рет тексеріле алады. Ал тестілеу жасау елде тегін, ерікті, қалауы бойынша құпия түрде жүр­гізіледі. Жыл сайын АИТВ-инфек­циясына тестілеуден өтіп жүрген қазақстандықтардың саны артуда. Жағдай бақылау сатысында тұр.

Акция кезінде қажет деп тапқандар АИТВ-инфекциясына жедел-тестілеуден өтуге мүм­кін­дік алды. Викториналық сауал­дарға қатысып, өз дертін жария еткен сұрақтар қойды. 

Мұндай дерттің бар екенін қашанда қаперде ұстау үшін әрі қарай науқан еліміздің барлық аймағында өткізілетін болады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ