Ұлттық спорт • 13 Маусым, 2018

Бескөлде Мағ­жан Жұ­мабаевтың 125 жыл­ды­ғына арналған спартакиада басталды

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бескөл кентіндегі «Құла­гер ипподромында ұлт­тық спорт ойындары спар­та­ки­адасының бірін­ші ке­зеңі «Бо­лашаққа бағ­дар: ру­ха­ни жаңғыру» бағдар­ла­ма­сы аясында өтіп, Алаш­тың ақиық ақыны Мағ­жан Жұ­мабаевтың 125 жыл­ды­ғына арналды.

Бескөлде Мағ­жан Жұ­мабаевтың 125 жыл­ды­ғына арналған спартакиада басталды

Ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған асыл мұраларымыз бен құндылықтарымызды жандандыру бағытында өңірде көптеген игілікті шаралар атқарылып келе­ді. Дәстүрлі жарыстың ашылу сал­танатында сөйлеген сөзінде оған облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет тоқталып өтті. Ұлттық ойындарға баулитын балалар және жасөспірімдер мек­тептері қатарына «Тұлпар» ат спорты және «Қызылжар арландары» қазақша күрес клубтары қосылғалы қызығушылықтың арта түскені байқалады. 

Делебені қоздыратын дүбір­лі додада ауылдардан келген, бұл­шық еттері бұлт-бұлт ойнаған, қолы қарулы, тақымы мықты алты жүз­ден астам спортшы күш сынасып, сайыс көрігін қыздыра түсті. Қазақ­тың ертеден қалыптасқан көне ұлттық ойыны көкпар де­се оттай лаулап қоя беретін Уәли­ханов ауданының білекті де жүректі намысшыл жігіттері елі­ші­лік бәсі жоғары жарыстарда мықтылық танытып жүргендерін осы жолы да қапысыз дәлелдеді. Қызылжар ауданының команда­сын 12:1 есебімен ойсырата ұтып, әбжіл қимылдарымен, ерекше шеберліктерімен тәнті етті. Ко­ман­­даның ең жас қатысушысы 14 жастағы Арыстанбек Махатов жас­тайынан ат құлағында ойнап өсіп, былтыр команда құрамына қа­был­даныпты. Осы жолы бірнеше са­лым тастап, жанкүйерлердің қо­шеметіне бөленді. Оның атасы кезінде көкпар, аударыспақ секілді ұлттық ойындардың дамуына зор үлес қосқан. Қазір зейнетке шықса да тазы ит ұстап, жүйрік ат баптаумен айналысады. 

Спартакиадаға Ғ.Мүсірепов ауда­ны­ның командасы да жап-жақсы дайындықтармен келгенін танытты. Сөйтіп, теңге алу, ауда­рыс­­пақ, тоғызқұмалақ пен асық ату­­дан ешкімге дес бермеді. Қызыл­­жарлықтар жекпе-жек пен арм­рес­тлингтен жеңімпаз атанып, көк­кпардан кеткен есенің орнын толтырғандай болды. 

– «Ұлттық ойындар спарта­киа­дасының бірінші кезеңінде ең көп ұпай жинаған Ғ.Мүсірепов, Қызылжар, Есіл аудандары көш бастап келеді. Екінші кезеңі 21-23 маусым аралығында Мағжанның туған жері Сарытомар ауылында ұйымдастырылып, жұртшылық ат спорты мен қазақ күресін, оның ішінде түйе балуан белдесуін тамашалайды. Бас жүлдеге екі жеңіл көлік тігіліп отыр», – деді әңгімелескенімізде жарыстың бас төрешісі Руслан Арықов.

 Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,

Қызылжар ауданы