Қазақстан • 13 Маусым, 2018

ҚР СІМ Сингапурдағы саммит қорытындылары бойынша мәлімдеме жасады

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі  12 маусымдағы Сингапур қаласындағы саммит қорытындылары бойынша мәлімдеме жасады.

ҚР СІМ Сингапурдағы саммит қорытындылары бойынша мәлімдеме жасады

"Қазақстан Республикасы Америка Құрама Штаттарының Президенті Д. Трамп және Корей Халық Демократиялық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің Төрағасы Ким Чен Ынның 2018 жылғы 12 маусымда Сингапур қаласында өткен кездесуін қолдайды және мемлекеттердің екіжақты қатынастарды реттеу бойынша күштерін жоғары бағалайды.

Аталған саммитті Вашингтон мен Пхеньян арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ КХДР мен халықаралық қоғамдастық арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіруге мүмкіндік беретін маңызды тарихи оқиға ретінде қарастырамыз.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі және ядролық қарудан азат әлемді құруды қолдайтын мемлекет ретінде Қазақстан мүдделі мемлекеттердің келіссөз процесін жалғастыру жөніндегі күштерін қолдайды және аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздануы бойынша нақты өзара тиімді және қолайлы жағдайларды жасауға үміттенеді.

Бұл тұрғыда Астана Пхеньянның ядролық қаруды жоюға деген ұмтылысын жоғары бағалайды және әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартып, ең ірі ядролық сынақ орындарының бірін жапқан сондай-ақ ЯҚТШ және ЯСЖТШ аясында белсенді жұмысы арқылы жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға елеулі үлес қосқан Қазақстанның жолын таңдауға шақырады.

Қазақстан Солтүстік Корея дағдарысы тек бейбіт түрде реттелу сипатына ие екендігіне сенім білдіріп, барлық мүдделі тараптарды Корей түбегін ядролық қарусыздандыру жөніндегі келіссөздер процесін қолдауға шақырады", делінген баспасөз хабарламасында.