Президент • 14 Маусым, 2018

Фахриддин Қаратаев: Астана - Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі

1059 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қашанда сулы да нулы жер иесіз, елсіз жатпайтыны анық. Толқындары тербеле ағып жатқан осы Есіл өзенінің бойын­да қаншама қала, елді мекен болма­ды десеңізші?! Қатал ға­сыр­лардың, сұрапыл ке­зеңдердің құрбаны бо­лып, жер бетінен өшіп кеткен шаһарлар аз ба? Дәуірлердің қал­та­рыс­та­ры­на терең үңілген та­рих­шы­л­ардың ашқан ерекше жаңалықтары елді елең еткізіп отырады.

Фахриддин Қаратаев: Астана - Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі

Соның бірі Астананың ірге­сінен табылған ортаға­сыр­лық Бозоқ қалашығы екені даусыз. Яғни бұл жаңалық осы жерде де талай қалалар мен ме­кендер болғанын дәлелдеп бер­ді. Елбасы «Тәу­елсіздік дәуірі» кітабында жаңа аста­на елдің кешегісін келешегімен бірік­тір­генін атап өткен болатын. Астана – қа­зақ халқының бір­неше ғасырлар бойы ұзақ күт­кен және сәтті жүзеге асқан асыл арманы. Кешегі тарихты бүгінгі же­тістіктерімізбен жал­ғас­тырып отыр.

Бүгінгі әсем шаһарымыздың іргесі қашан қаланған деген де­рекке назар аударсақ, 1832 жы­лы Есіл өзенінің жағасы, Қараөткел тұсында Ақмола бе­кінісі салынып, 1863 жылы 16 шілдеде ол аймақтық қала болып ресми түрде бе­кі­тілген. 1960 жылдың желтоқсанында Ақмола Қазақстанның барлық тың иге­ретін облыстарының орталығы болып жарияланды. Қала 1961 жылға дейін Ақмола, 1961-1992 жылдары Цели­но­­град аталды. Ал 1992 жы­лы өзі­нің Ақ­мо­ла деген тарихи атауын қай­тарып алды.

1990-жылдардың басында Прези­денттің тапсырмасы бойынша астана болуға лайықты қалаларға зерттеу жүр­гі­зілді, олар барлық жағынан сарапқа салынды. Бұл туралы Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кі­та­бында: «Үміткер қа­ланың гео­графиялық жағдайы да, та­би­­ғаты мен климаты да, әлеу­мет­тік-экономикалық, әскери-стра­тегиялық, көлік және ин­же­нерлік инфрақұрылым, құ­ры­­лыстық, демографиялық, ғы­­­лыми және мәдени даму мүм­­кіндіктері де аста­наға қой­ы­­латын талаптарға сай келуі ти­­іс еді. Жан-жақты талдай кел­­­генде, астана болуға ең лай­ы­­ғы Ақмола болып шықты», деп жазды. Міне, Елбасының таң­­дауы!

­Ақмола 1997 жылдың 10 жел­тоқ­санынан бастап Қазақстан Рес­публикасының астанасы болып жарияланды. 1998 жыл­ғы 6 мамырда Қазақстан Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың Жар­лығымен қала атауы Астана болып өзгертілді. Бас қаламыздың «Астана» аталуының сыры туралы Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» кітабында былай дейді: «Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сон­дықтан оның атауын сан құбыл­ту­ға жол бере алмай­тын едім. Онда Ақмо­ланы қалай ата­ған, дәл айтқанда, қалай қай­та атаған жөн? Ол атау қазақ­стан­дықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетел­дік­тердің де көңілінен шығуы керек.

…Бір жолы түнде, дәлірек айт­с­ам, сағат түнгі екіде Астана де­ген атау ойыма сап етіп, кө­кей­іме қона кеткені. Астана де­геніміз – Астана! Қазақша әде­­мі естіледі. Қомақты, ауыз то­­лады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орыс­­ша да, ағылшынша да со­лай естіледі. Бұл атауда ба­тыл­дық, мы­ғымдық және айқындық рең­к бар».

Ел орталығы Арқа төсіне көшіп келген жылы қала тұр­ғындарының саны 290 мың ша­масында болды. Ал 2018 жыл­дың 1 қаңтарындағы санақ бой­ынша елордада 1 млн 032 475 адам тұратыны анықталған. Осы 20 жылда қала аумағы 258 шаршы шақырымнан 800 шаршы шақырымға дейін ұлғайды. Өткен кезең ішінде Астананың сау­да-экономикалық әлеуеті де бірнеше мәрте өсті. Атап ай­тар бол­сақ, соңғы 20 жылда қа­ла­ның ЖІӨ-сі 190 есе өсіп, 5 трлн теңгені құрап отыр. Өнеркәсіп 30 есе өскен! Шағын және орта кәсіпкерліктің шығарған өнімі 4 трлн теңгеге жетті. Мемлекеттік бюджетке түсімнің көлемі 80 есеге артып, 1997 жылы 13 млрд теңге болса, өткен жылы 1 трлн теңгені құрады.

Еуропа мен Азияның бел ор­тасында орналасқан Аста­на­мыз бүгінде төрткүл дүние­нің толғақты түйіндерін тал­қы­­лайтын жаһандық үнқатысу ала­ңына айналғаны баршамызға бел­гілі. Бейбітшілік пен бі­тім­­­­гершілік мақсаттағы қыз­ме­ті айтарлықтай! Бұл тұр­ғы­­да ЕҚЫҰ Саммитін, VII Қысқы Азия ойындарын, Ис­лам Ынты­мақ­тастығы Ұйы­мы­ның форумын, Астана эко­номикалық форумын, Әлем­дік жә­не дәстүрлі діндер лидер­ле­рінің съездерін және Сирия мә­селесін реттеу жөніндегі ке­лелі басқосуларды атауға болады. Халықаралық айтулы оқиғалардың дүбірлі ордасы атан­ған елорданың төрінде өт­кен жылы ғана «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық ма­­мандандырылған көрмесінің өтуі үлкен мәртебе. Бұл да тәу­ел­сіз мемлекетіміздің жарқын бір жетістігі, Елбасымыздың орын­далған арманы. Аталған көр­менің қос ғасырлық тарихына үңілсек, бұған дейін Орталық Азия, тіпті ТМД ел­де­рінде осын­дай ірі халықаралық көр­ме­нің жалауы желбіреп көрген емес.

Тәуелсіздік жылдарына назар аударып қарайтын болсақ, еліміз I-II ғасыр­лық жолды басып өткен сияқты. Әрине мұ­­ның барлығы сарабдал саясаткер, әлемдік деңгейдегі тұлға Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбе­гі­нің, ұтымды саясатының арқа­сы.

2018 – қазақстандықтар үшін ерекше маңызды жыл. Бү­­гінгі таңда Астана Отаны­мыз­­дың жан жүрегі болуымен бір­ге, еліміздің бетке ұстар ор­талығы, Азия мен әлем елде­рі­не танымал қалаға айналып үл­герді. Мінекей, осындай та­маша жетістіктерге толы 20 жыл ішінде Ұлы Даланың кіндігі – Сарыарқа төсінде XXI ғасыр ғажайыбы, әлемдік мегапо­лис, арман қала бой көтерді. Астана – тәуелсіздігіміздің же­місі әрі теңдессіз же­­ңісі, дү­ние жүзінің алпауыт елдері мой­­­ын­­даған Қазақстандай тәуелсіз мем­­­­лекеттің кербез шаһары, кел­бетті ел­­ордасы!

Заманауи білім орда­ла­­ры­ның лайық­ты мамандар даяр­лау­­ын Астана­ның қа­рыш­тап да­муындағы тағы бір табысы­мыз дер едім. Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситеті, Назарбаев Универ­си­тет, Қазақ мемлекеттік заң университеті, Аграрлық уни­верситет, Медицина ака­демиясы, Қазақстан инже­нер­лік-техникалық академия­сы, гуманитарлық және по­ли­­тех­никалық колледждер мен М.В.Ломоносов атын­дағы Мәс­кеу мемлекеттік универ­си­те­ті­нің қазақстандық филиалы, та­ғы басқа да іргелі білім ор­да­ла­ры дарынды жастардың ба­ғын ашып, үлкен өмірге жолдама беріп отыр.

Жалпы, мемлекетіміздегі та­нымал жоғары оқу орын­да­­рының деңгейі бірте-бірте өсіп, шетелдік университеттер­ге теңесіп келе жатыр десек, сө­зіміз жал­ған болмайды. Бі­лім ордаларының ба­­сым көп­ші­лігі заманауи техно­ло­гия­­­мен жабдықталған, бір­не­­ше му­ль­­­ти­­медиялық және лин­га­фон­дық ка­би­нет­тері бар. Жас ұрпақтың білім алып, бі­лік­ті ма­ман болып шығуы үшін бар­лық жағ­дай жасалған. Ал кітап­ханалары тіпті керемет! Ондағы кітаптарды оқу үшін кезекте тұрудың да қажеті жоқ. Өйткені кітаптардың электронды нұсқалары бар, әрбір студент өзінің ұялы телефоны мен компьютеріне көшіріп алу арқылы кез келген уақытта оқу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Астананың төңірегіне «жасыл белдеу» орнады, жүйелі егілген орман алқа­бы бар. Осы ар­қылы қала ұлан-ғай­ыр да­­ла­лық өлкенің ортасындағы оазис­ке айна­лып келеді.

Астана мемлекетіміздің қау­іп­сіздігін, геосаяси еркін­ді­гін, территориясының мыз­ғы­­мастай беріктігін нығайтты. Ел­ор­да­ны көшіру тәуелсіз Қазақ­стан тари­хындағы елеулі бет­бұ­рыс кезең болды және эко­но­микамыздың қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз етті.

Болашақта да елдіктің ерен елордасы – Астанада ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары іс жүзіне асырыла беретін болады.

Елімізде де, әлемде де Қазақ­стан­ның жетістігін айтқан­да, Астанаға тоқталмау мүмкін емес. Бүгінгі таңда Астанаға шет­елдік меймандар да көп ке­леді. Мысалы, әлем елдерінің заң шығару орган­дарымен байланыс орнатқан біздің Пар­­­ламентте халықаралық кез­де­­сулер, форумдар жиі өтіп тұ­­рады. Сондай-ақ Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымының мүшелері де жиі келеді. Ол делегациялар Астананың әдемі көшелері мен сәулетті ғимараттарын көріп, таңданыстарын жасырмайды. Біз сапар бағдарламасына сәйкес шетелдік әріптестерімізді алып жүріп, елорданың көрікті жерлерін аралатамыз. Қыста келген меймандар күн суықтығына қарамай, «Астана аз уақыттың ішінде үлкен қа­ла­ға айналыпты. «Бәйтерек» кешенін кө­рей­ік», деп барып, жоғарыға көтерілді.

Ел­ба­сының қолы бейнеленген тұғырға қол­дарын қойып көрді. Соның жанында орналасқан әлем діндері өкілдерінің жазған бата-тілектеріне де ерекше назар аударғанын өз көзіммен көрдім. Меймандар өз әсерлерімен бөлісіп: «Бұ­рын Қазақстанды Жер шарының кар­та­сынан ғана көретін едік. Енді, міне, арнайы келіп, елордасын тамашаладық. Ұмы­тылмастай үлкен әсер алдық», деп ыс­тық ықыластарын жеткізді. Бұған Елба­сымыздың «Астана арқылы біз жаңа Қазақстанды жер-жаһанға таныт­тық» деген сөзі дәлел.

Депутаттық қызметке дейін, яғни Оңтүстік Қазақстан өңірінде еңбек етіп жүрген кезімде елордаға іссапармен келіп жүрдім. Алғаш рет Астанаға 1999 жылы жолым түсті. Ол кезде сол жағалау мүлдем жоқ еді. 2001 жылы 29 қаңтар күні Елбасымыз мемлекеттік қызметкерлерді мараптаттады. Еліміздің әр өңірінен 35 адам келдік. Мен онда Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі қыз­метінде едім. Сол жолы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолымен табыс еткен марапатынан жә­не бізге айтқан ойларынан, берген тап­сырмаларынан үлкен күш-қуат алып орал­дық. Одан кейін де бірнеше рет кел­дім. Әр келген сайын жаңа өзге­ріс­тер­ге куә болатынмын. Кө­шелерін жаяу ара­лап, сәулетті ғима­рат­тарына сүйсіне қарайтынмын.

2016 жылы Мәжіліске депутат болып сайланып, елордаға қоныс аудардым. Бүгінде осы қаланың бір тұрғыны ретінде мен де Астананы мақтан тұтамын. Енді бір 20-30 жылда Астана әлемге әйгілі Лондон, Вашингтон сияқты қалалардан кем болмайды, өзіндік даму ерекшелігі мен ұлттық реңкі бар үлкен мегаполиске айналады деп сенемін. Өйткені Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі!

 

Фахриддин ҚАРАТАЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты