Парламент • 14 Маусым, 2018

ФАО-ның байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы заң жобалары мақұлданды

723 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин­нің төрағалығы­мен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиында мемлекет­тік функцияларды бәсеке­лес ортаға беру мәселелері жөнін­дегі заң жобасы мен Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымы (ФАО) арасындағы ФАО-ның елімізде Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары мақұлданды.

ФАО-ның байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы заң жобалары мақұлданды

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы азаматтардың өзін-өзі реттеуді дамыту арқылы шешімдер қабыл­дау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге, мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруге бағыт­талған. Аталған құжат «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-қадамын іске асыруды көздейді. 

Құжатқа қатысты пікір білдір­ген Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беруге тағы бір қадам жасал­ғанын атап өтті. 

«Біз Елбасының Ұлт жоспарын орындау жолын­да тағы бір маңызды қадам жасадық. Прези­дент айтқандай, еліміздің дамуы бір­қатар мемлекеттік функцияларды бәсекелі ортаға беруді талап етеді. Оның басты мақсаты – мем­лекеттік органдардың уақытын үнем­деп, жұмыс сапасын күшейту. Осы орайда бүгін мақұлданған заң жоба­сының орны да ерекше, рөлі де өте зор», деді Н.Нығматулин. 

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, ең бастысы – заң жобасы мемлекеттік функциялар­ды бәсекелі ортаға беру­дің нақты белгіленген ережелерін бекітеді. Нәтижесінде бұл мәселеде бүгінге дейін орын алып келген жүйесіздікке, ретсіздікке жол берілмейді. 

Палатаның отырысында заң жобасын Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­менов таныстырды. Оның айтуынша құжатты әзірлеу барысында ЭЫДҰ елдерінің ең үздік тәжрибелері зерделенген. 

«Заң жобасының құрылымы 2016 жылы де­пу­тат­тардың қатысуымен, Премьер-Министр орын­басарының басшылығымен өт­кен Үк­імет­тің жанын­дағы Арнайы комиссия оты­ры­­сын­да мақұлданған бәсекелес ортаға функ­­ция­­­лар­ды берудің базалық қағидат­тары­­ның не­гі­зінде қалыптастырылған», деді Т.Сүлейменов.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, заң жобасында функция­лар­дың бәсекелі базалық тәсілдерін бекіту, функцияларды үкіметтік емес секторға беру көзделген. 

«Түзетулердің бірінші және негізгі бөлігі – базалық тәсілдер. 2016 жылы жүр­гізілген сараптама мемле­кет­­тік ор­гандардың функция­ларын бәсе­келі ортаға беру өлшемшарт­тары­­ның жоқ екенін және оның жүйе­сіз жүр­гізі­летінін анықтады. Осы­ған бай­ланыс­ты заң жобасында мем­лекет­тік органдардың фунция­ларын бәсекелі ортаға беру­дің мақсат­тары, қағидаттары және тәсіл­дері; функ­­ция­ларды іріктеу мен беру­дің өл­шем­шарт­тары, ал­горитмі; функ­ция­лар­дың жүзеге асырылу сапа­сының мониторингі; Үкімет­тің және мемле­кеттік органдардың өкілеттік­тері, «Атамекен» ҰКП рөлі; функцияларды орындау­шылардың құқықтары мен міндеттері; Үкімет­ жанынан арнайы құрылған комиссияның функциялары айқындалады», деп атап өтті министр.

Сонымен қатар жекелеген функцияларды бәсекелі ортаға беру қарас­тырылмайды. Олардың қатарын­да ұлттық, ақпараттық қауіпсіз­­дік­ті қорғауға бағытталған, қорғаныс, қо­ғамдық тәртіпті қорғауға арналған функциялар кіреді. 

Министрдің айтуынша, заң жобасында функцияларды бәсекелі ортаға берудің бес тәсілі айқындалған, олар толық немесе ішінара беруді көздейді.

«Толық беру кезінде функция тек функцияларды пайдаланушылардың есебінен жүзеге асырылады не толы­ғымен өз-өзін реттей­тін ұйымға өтеді. Бұл жағдайда функция заң­намалық түрде мемлекеттік органның құзы­ретінен шығарылып, бәсекелі ортаға беріледі. Ішінара беруге қазіргі уақытта кеңінен қолда­нылатын аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мем­лекеттік тапсырма арқылы функ­ция­ларды іске асыруға беру тәсіл­дері жатқызылған», деп түсіндірді Т.Сүлейменов.

Аталған тәсілдер қолданыстағы заңна­мамен реттелгендіктен, заң жоба­сында мемлекеттік сатып алу, мемлекет­тік әлеуметтік тапсырыс туралы заңдарға және Қаржы кодексіне сілтеме нормалар көзделген. Осы заң жобасы арқылы 3 кодекске және 4 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деп күтілуде.

Заң жобасында мемлекеттік ор­ган­­дарға мониторингіні жүзеге асыру мен бағалауды жүргізуге байланысты тиісті өкілеттіктер берілген. Мониторинг нәти­жесі қанағаттандырылмаса, функ­ция­ны қайтарып алу туралы мәселе Комиссияға шығарылады және қажет болған жағдайда функция заңна­ма­лық түрде мемлекеттік органға қай­тарылады.

Сондай-ақ отырыста депутаттар Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы арасындағы ФАО-ның Байланыс және әріптестік жөніндегі бюросын құру туралы келі­сім­ді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. 

Халықаралық құжат туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруа­шылығы министрі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, келісімде Қазақстан – ФАО әріптестік бағдарламасын одан әрі дамыту үшін бес басым бағыт белгілен­ген. Атап айтқанда, тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және экологиялық жағынан таза тағам өнімдерін өндіру; ветеринария және мал шаруашылығы, жайы­лымдарды және фитосанитарияны басқару; табиғи ресурстарды орнықты басқару (су, жер және орман ресурс­тарын басқару); балық аулау және аквадақыл; ауыл шаруашылығы статис­тикасы, деректерді жинау және оларды өңдеу үшін ақпараттық технологиялар. 

«Қазақстан Үкіметі Байланыс және серік­тестік бюросының форматында ФАО өкілдігін ашуды жоспарлап отыр. Әлемде мұндай Бюро тек 5 елде бар. Осы ретте келе­­шекте жобалар сәтті іске асырылса, Бюро­ны субай­мақ­тық бөлімшеге айналды­ру­дың мүм­кіндігі мол. Уәкілетті мемлекет­тік орган­дардың жақын­дығын ескеріп, агро­өнеркәсіптік кешен саласында күнделікті тығыз жұмыс жүргізу үшін Бюро Астана қаласында орналасады», деді Ө.Шөкеев. 

Бюроның басшысын ФАО Қазақ­стан Үкі­метімен келісе отырып, халық­аралық негіз­де тағайындайды. Басшының уәкілетті орын­басары Қазақстан резиденті болады. Үкі­меттің Бюроға қосатын үлесі – тегін бері­летін тиісті үй-жай, офистік жабдық және операциялық шығындарға арналған 300 мың доллар көлеміндегі жылдық жарна. Бұл шығындар Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Сыртқы істер министрлігінің 2019-2021 жылдарға арналған бюджетінде көзделген.

Жалпы отырыста Мәжіліс «Стан­дарттау туралы» және оған ілеспе заң жобаларын, сонымен бірге «Білім туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. 

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары Наталья Жұмаділдаева, Светлана Бычкова, Мейрам Пішембаев, Тұрғын Сыздықов, Ирина Смирнова, Екатерина Никитинская орталық мемлекеттік орган басшыларының атына депутаттық сауалдар жолдады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»