Қазақстан • 14 Маусым, 2018

Мәулен Әшімбаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді

406 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасы­ның бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді. Ол ең алдымен Ақтөбе қаласындағы № 56 жалпы білім беретін орта мектепте болып, мұнда ашылған IT-сыныптың негізінде тұтастай облыстағы осы істің жай-күйімен танысты.

Мәулен Әшімбаев Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді

Бұл мәселе бүгінде «Нұр Отан» пар­тиясының бастамасына орай ел өңірлерінде қанат жая бастағаны белгілі. Соның алдыңғы легінде Ақтөбе облысы тұр. Тегін оқытылатын IT-сыныптардың көк­жиегін кеңейту үшін материалдық базаға қоса тиісті маман-педагогтер әзірлеу ісінің маңызы жоғары. Осыған орай қазірдің өзінде 21 педагог арнайы дайындықтан өткізіл­ген. Бұған қоса, 35 оқытушы осы салаға мамандану үстінде. Қазір­гі күні облыста IT-сынып­тар жасақтау ісі бел ортадан асып келеді. Оның бәрі бюджеттен тыс көздер есебінен қаржы­лан­дырылған. 

– Бұл – «Нұр Отан» партиясы­ның қызметін жаңғырту аясын­да бел­гіленген басты жобалар­дың бірі. Оқушыларға бағдарла­малық бағыт­тар мен робот техникасымен құрас­тырудың басты негіздерін үйрететін оқытудың заманауи тәсілі бұған дейінгі информатика пәні атқарып келген міндеттерден өзгешелеу. Екеуінің атқаратын қызметі екі бөлек. Біз оны жүргізуді шетел­дің озық әдіс-тәсілдері негі­зінде одан әрі жетіл­діре түсуді ойластырып отырмыз. Әрине дәл көшіріл­ген күйінде емес, оның бәрі өз мем­лекетіміздің мен­та­литетін ескере отырып енгізіледі, – деді М.Әшімбаев. 

Сондай-ақ облыс мектеп­теріндегі асханалар жүйесін жаңғырту ісімен танысу сәтінде ол бұл істе тиісті стандарттық жүйе жасақтау қажеттігіне тоқ­талды. Соған сай балалардың тойып тамақ ішуі шарт бола қой­май­ды. Ең бастысы, мектептің асха­налар мәзірінде дәруменнің құнары мол тағам түрлері мол болуы тиіс. Сонымен бірге жас өскіндерді тамақ ішу мәдениеті­не дағдыландыру ісі де артық­тық етпейді. Осы ретте Мәулен Сағат­ханұлы Ақтөбе облысы­ның мектептерінде мемлекет-жеке­меншік әріптестігі негізінде құрылған мектеп асханалары жүйесіне оң баға берді.

«Нұр Отан» партиясы қол­ға алған бағдарламалардың басты бір бағыты «Рухани жаң­ғыру» деп аталады. Қазіргі кезде партияның бастамасына сәйкес отандық кітапханалар­ды жаңғыртудың және оны қазіргі заманғы білім орталықтары­на айналдырудың кең ауқым­ды бағдарламасы белгіленген. Мұндағы басты ерекшелік, аталған істің тек қалалар мен облыс орталықтарында ғана емес, сонымен бірге ауылдық жерлерде де жоғары стандарттарға сәйкес болуы басты назарға алынуында. Осындай биік талаптарға жауап бере алатын рухани орталықтың бірі Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылдық кітапханасы болып отыр.

Партия Төрағасының бірін­ші орынбасары еліміздің шалғай аудандарының бірінде орналасқан осы ауылдық кі­тап­­хананың қызметімен танысып, мұндағы оң тәжірибе­лерді еліміздің барлық ауылдық кітапханаларына үлгі ретінде ұсынуға болатынын мәлімдеді. Аталған елді мекендегі кітапхана «Нұр Отан» партиясы жоба­сының игілігі мен тигізген шапа­ғаты негізінде жаңғыртылғанын айтты. 

Сонымен бірге Бестамақ ауылын­дағы орта мектептердің жанынан «Мектептердің спорт алаңдарын түбірімен қайта жасақтау» атты партиялық жоба шеңберінде құрылған білім ордасының әмбебап спорт алаңы да алыстан менмұндалайды. «Міне, тағы бір үлгі, тағы бір өнеге осы спорт алаңынан көрі­неді», деп жоғары баға берді партия басшысының бірінші орынбасары. Аталған спорт кешені облыста іске асырылып жатқан «Бақытты бала» жобасы аясында тұрғызылған. Мұнда оқушылардың футбол, волейбол, баскетбол, гандбол және теннис­пен емін-еркін шұғылдануы­на барлық жағдай жасалған. Кешен­нің тағы бір ерекшелігі, аталған спорт түрлері бойынша үйірмелер жұмыс істейді. 

«Нұр Отан» партиясының бүгінгі күні жаңғырту аясында қолға алған жобаларынан бөлек мұның алдындағы бұрын­ғы жобалар да қазіргі күнге дейін сабақтастығын үзбей келеді. Соның бірі – «Кедер­гісіз келешек» жобасы. Бұл жоба мүм­кіндігі шектеулі бала­лар мен ересектерге қолдау көр­сетуге бағытталған. Партия белгі­леген осындай талаптар мен міндет­терге толық жауап бере алатын Ақтөбе облысындағы «Күншуақ» атауын иеленген балаларды сауықтыру лагері болып отыр. 

Тек елімізде ғана емес, сонымен бірге ТМД аумағында баламасы жоқ әлеуметтік мекеме туабітті әртүрлі дерттерге, аутизмге және Даун синдромына шалдыққан балалардың демалуына және емдік гимнастикамен шұғылдануына арналған. Тіпті мұнда мүгедек балалардың ана­лары бірге болуы үшін де тиісті жағдайлар қарастырыл­ған. М.Әшім­баев облыстағы «Күншуақ» арнайы лагері респуб­ли­каның өзге өңірлері үшін бас­ты базалық құрылым ретін­де әдістеме­лік тәжірибені бөлісе алатынын айтты.

Ақтөбе облысына сапары аяқтал­ған соң Мәулен Сағат­ханұлына өңірге жасаған сапар қорытындысы бойын­ша сауал қоюдың сәті түсті.

– Ақтөбе облысына жасаған сапары­мыздың аясында біз Ақтөбе облысының әкімі, партия облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев жетекшілік жасайтын филиалдың жұмысымен танысып, олар Елбасы тапсырмаларын орындауда нәтижелі жұмыстар тындырғанына көз жеткіздік. Өңірде цифрландыру деңгейі де жоғары. Бір сөзбен айтқанда, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы қолдау білдірген партиялық жоба­лардың бәрі Ақтөбе облысында ойдағыдай іске асырылып жатыр деп айтуға болады. Сондай-ақ бірқатар бағыттар бойынша аймақта іске асырылған оң тәжірибелерді өзге өңір­лерге де енгізудің берері мол деп есептеймін, – деді М.Әшім­баев.

Сапарының соңында М.Әшім­баев «Нұр Отан» партиясы­ның Ақтөбе облыс­тық активімен кездесіп, партия­лық жобаларды жүзеге асырудың тиім­ді тетіктерін жан-жақты саралап берді. Сондай-ақ ақтөбелік нұр­отан­­­дық­тарға бірқатар тың міндет жүктеді.

Темір ҚҰСАЙЫН, 

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ