Әлем • 14 Маусым, 2018

Сингапурдегі саммитке қатысты мәлімдеме жасады

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ президенті мен Корей Халық Демократиялық Республикасының басшысы Ким Чен Ын маусымның 12-сі күні Сингапурде кездесіп, екі­жақты қатынастарды реттеу жөнінде келіссөз жүргізгенін газеті­міз­дің өткен санында хабарлағанбыз. Осы тарихи кездесудің қорытын­ды­лары­­на қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады.

Сингапурдегі саммитке қатысты мәлімдеме жасады

«Қазақстан Республикасы Америка Құрама Штаттарының пре­зи­денті Д. Трамп және Корей Халық Демократиялық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ким Чен Ынның 2018 жылғы 12 маусымда Сингапур қаласында өткен кездесуін қолдайды және мемлекеттердің екіжақты қатынастарды реттеу бойынша күштерін жоғары бағалайды.

Аталған саммитті Вашингтон мен Пхеньян арасындағы сенім­ді нығайтуға, сондай-ақ КХДР мен халықаралық қоғамдастық арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіруге мүмкіндік беретін маңызды тарихи оқиға ретінде қарастырамыз.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі және ядролық қарудан азат әлемді құруды қолдай­тын мемлекет ретінде Қазақстан мүдделі мемлекеттердің келіссөз процесін жалғастыру жөніндегі күш­терін қолдайды және аймақтағы бейбіт­шілік пен тұрақтылықты қам­тамасыз ету мақсатында Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздануы бойынша нақты өзара тиімді және қолайлы жағдайларды жасауға үміттенеді.

Бұл тұрғыда Астана Пхеньянның ядро­лық қаруды жоюға деген ұмты­лысын жоғары бағалайды және әлем­дегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартып, ең ірі ядролық сы­­нақ орындарының бірін жапқан, сон­­дай-ақ ЯҚТШ және ЯСЖТШ ая­сында белсенді жұмысы арқылы жаһан­дық ядролық қаруды таратпау ре­жімін нығайтуға елеулі үлес қосқан Қазақ­станның жолын таңдауға шақырады.

Қазақстан Солтүстік Корея дағ­дарысы тек бейбіт түрде реттелу сипатына ие екендігіне сенім білдіріп, барлық мүдделі тараптарды Корей түбе­гін ядролық қарусыздандыру жө­нін­­дегі келіссөздер процесін қол­­дауға шақырады» делінген мәлім­демеде.
 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше