Қазақстан • 14 Маусым, 2018

Петропавлда БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшылары өз ұсыныстарымен бөлісті

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығында күн сайын 24 бағыт бойынша 330 қоғамдық көлік қатынайды.

Петропавлда БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшылары өз ұсыныстарымен бөлісті

Бүгінде қоғамдық көліктердің қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерлерін азайту, қызмет сапасын жақсарту басты мәселелердің бірі саналады. Қалалық әкімдіктің отырысында Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы сарапшыларының бір жыл бойы жергілікті қоғамдық көлік жағдайын зерттеп, жұмыс жүйесін жақсартуға бағытталған мониторингтің қорытындылары шығарылды. Ондағы мақсат–экологияға таралатын зиянды қалдықтар мөлшерін анықтау, алдын алу, болдырмау шараларын ұсыну.

«БҰҰ-ның Даму бағдарламасының өкілдері Қазақстанның бірқатар қалаларында экологияның жақсаруына, «жасыл экономиканың» түзілуіне өз үлесін қосып келеді. Осы жолғы зерттеу жұмыстары жолаушылар тасымалын жетілдіру саласында елеулі проблемалардың орын алып отырғанын байқатты», деді Даму бағдарламасының сарапшысы, Амстердам қаласы жолаушылар көлігі бойынша аға кеңесші Гуидо Бруггеман.

Оның айтуынша ақпараттандыру жүйесін жақсарту, автобустардың жүру кестесін оңтайландыру, уақытты көрсететін электрондық табло орнату жүргізушілер және жүргіншілер үшін көптеген қолайлы мүмкіндіктер туғызады. Екіншіден, ескі көліктерді экологиялық жағынан тиімді жаңаларымен алмастыру, үшіншіден JPS бақылауын орнату, төртіншіден бірыңғай билетті енгізу маңызды. Жолаушы баратын жерге жету үшін екі немесе үш автобусты алмастырғанның өзінде бірыңғай билет жүйесін қарастырған жөн.

Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ержан Ақапов тасымалдаушы компаниялар өз қаражатына 6 жаңа автобус сатып алғанын, жыл соңына дейін Еуро-5 стандартына жататын тағы 20 автобус көлік сатып алатынын жеткізді.

Әзірге жаңа өзгерістер жолақының бағасына қаншалықты әсер ететіні белгісіз.

Өмір ЕСҚАЛИ,

"Егемен Қазақстан"

Петропавл