Өнер • 14 Маусым, 2018

Абайдың әншісі Әлмағамбеттің домбырасы (жәдігер)

1035 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алдағы 1 шілде күні Астана қаласында Ұлттық домбыра күні атап өтілмекші. Домбыра демекші, біздің ата-бабаларымыз тудырған рухани қазына күй өнері ешбір халықта жоқ. Үлкен этнограф, күйтанушы Ақселеу Сейдімбектің сөзімен айтсақ, қазақтың адамзат тарихына қосқан ұлы үлесі осы – күйі.

Абайдың әншісі Әлмағамбеттің домбырасы (жәдігер)

Ежелгі грек тарихшысы Плутарх: «Сақ сарбаздары са­дақ­тың адырнасын шертіп күй ойнайды, ән салады» депті. Мы­салы, қазіргі «Ақсақ құлан» күйін алайық. Ол ХІІ ғасырдың мұ­расы болса, Асан қайғының «Ел айырылғаны» ХІV ғасырға тән туынды. Одан кейінгі ХІХ ғасыр алыптары – Дәулеткерей, Тәт­тімбет, Құрманғазы, Қазанғап күйлері... Осылай кете береді.

Жоғарыдағы «Домбыра күні» рәсімі ұлттық рухани жаң­ғы­ру­дың бір саласы десек қате­лес­пейміз. Осы орайда, айтпа­ғы­мыз ұлы мұра күй өнерін орын­дайтын аспап – домбыра өте қа­ра­пайым құрал. Бар болғаны тоғыз перне, екі ішек. Ел ішінде бұл аспаптың үш ішекті түрлері де кездеседі.

Соның бірі – өздеріңіз көріп отырғандай Абайдың әншісі Әлмағамбет Қапсәлемұлының үш ішекті домбырасы. Бұл жәдігер дәл қазір Астана қаласында ор­на­ласқан Қолжазбалар мен си­рек кітаптар ұлттық орталы­ғы­ның көрме залында тұр. Яғни бұ­йымды елордалықтарға көз­айым ету үшін Семей қала­сын­да орналасқан Абайдың мем­­­лекеттік тарихи-мәдени жә­не әдеби-мемориалдық қо­рық мұра­жа­йынан әкелініпті. Жәді­герді музейге өткізген Абай ауданы, Қасқабұлақ ауылында шопан болған Социалистік Еңбек Ері Шәбден Әлмағамбетұлы мен оның қарындасы Салтанат екен. 

Жәдігердің сипаттамасына тоқталсақ, оның таныстыры­лым құжатында мұра «ХІХ ға­сырда жасалған» деген ақпар тұр. Аспап кәдімгі ойдың қара ағашынан ойылған, ұзындығы шамамен – 85-90 см. Бет қақпағы қарапайым пәнер де шанақ формасы үш бұрышты. Дүмінің жалпақтығы – 25 см, ал аспаптың ішек бекітілетін кіндікше түй­месінен, шанақтың сағағына дейінгі өлшемі – 30 см. Шанақ дүмінің қалыңдығы – 3 см де, са­ғағы – 5 см. Үндіктің үлкен тесі­­гін айналдыра тоғыз саңылау жасап, төртбұрыш алақанына үш ішектің құлағы орнатылған. 

Зерттеуші Қайыржан Күзем­баевтың дерегі бойынша Абай атамыз ән шығарғанда руы уақ Мұқа дейтін шеберге жасатқан үш ішекті домбырасын толғап отырып әннің сазын құрап алып, оны әнші Әлмағамбетке айтқызып, жетілдірген дейді. Осыған ұқсас пікірді жас зерттеуші күйші Рүстем Нүркенов те айтады. 

Абайдың өз әндерін Әлмағам­бетке айттыратын себебі, Әлекең өте дарынды адам болғандықтан дейді білетіндер. Тағы бір дерек әнші Әлмағамбет 1914 жы­лы Абайдың дүниеден озға­нына 10 жыл толуына орай Семей­де Нұрғали және Нәзипа Құл­жа­нов­тар ұйымдастырған еске алу ке­шінде дәл осы домбырасымен ұс­тазының әндерін орындаған екен. 

Осылай Абайдың бастауымен Семей өңірінде жаңғырған (бұ­­рындары болған) үш ішекті дом­­бырамен өнер көрсету ісі ұр­пақтан-ұрпаққа жалғасып дамы­­ған. Күйтанушы Рүстем Шаһ­­мұ­ранұлының пайымынша Абайдың баласы Ақылбай мен немересі Исраил үш ішекті дом­­быраны шебер тартқан. Осы Ис­раил­дың домбырасы қазір Се­мей­дегі Абайдың мемлекеттік тари­хи-мәдени және әдеби-мемо­риалдық қорық музей қорында сақтаулы. 

Музыка зерттеушілер үш ішек­ті домбырамен ән-күй орын­дау екінің бірінің қолынан келе бермейді дейді. Себебі үшінші тұрған жетім ішектің рөлі өзгеше. Ол музыкаға пен­та­то­никалық дыбыс қоса­тын­дықтан оны үйлестіру оңай емес. Дейтұрғанмен Кеңес зама­нында бұл аспапты толық мең­­герген адам ретінде ақын Шә­кір Әбеновтің аты айтылады. Одан кейін Шәкірдің өзінен осы домбыраны тартуды үйренген Шәкәрім әндерін насихаттаушы марқұм Келденбай Өлмесеков аса жоғары деңгейде болмаса да біраз жыл насихаттады. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар