Медицина • 14 Маусым, 2018

Сексенінде желі тартып, бие сауып жүрген Жайнақ Қосақбаев

604 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында туған жер, өскен орта, ауыл туралы орамды ойлар айтылғаны белгілі. Расында, саф алтындай салт-дәстүрімізге жетер дүние бар ма? Ұрпаққа ғибрат боларлық жөн-жоралғыларымыз қандай! Ұлтымызға тән тағам, сусынның ішіндегі ең қастерлісі – қымыз. Атамекен ауылды төрт түліктің төресі жылқысыз, иісі бұрқыраған қымызсыз елестету мүмкін емес-ау.

Сексенінде желі тартып, бие сауып жүрген Жайнақ Қосақбаев

Қымызды қарағайдың бүрімен ыстайды

Шүкір, ел ішінде бар ғұмырын ата кәсібімізге, жыл­қы өсіруге, қымыз дайын­дауға арнап келе жатқан жандар аз емес. Солардың бірі – Райым­бек ауданындағы Сарыжаз ауылында тұратын Жайнақ Қосақбаев. Ғасырға жуық ғұ­мыры ғибратқа толы, сексеннің мол ішіндегі ақсақал ауылдың төмен жа­ғындағы айналасын жапы­рағы жайқалған тал-терек қоршаған үйде тұрады.

Қазіргі ша­руасы, әр күнгі тірлігі адам қызығарлықтай. Тіп-тік басады. Сергек те ширақ, қа­жырлы қалпында. Ұйытып алар әңгімесі де жетерлік. 1934 жы­лы Қытай жерінде дүниеге ке­ліпті. 1959 жылы атажұртқа оралыпты. Бала кезінен төрт түлікпен тірлігі біте қайнасқан қария елге келгеннен кейін де өмірін малмен ұштастырады. Қайнар, Тасашы ауылдарында жылқы бақты. Озат жылқышы атанды. Марапаттан да құр қалған жоқ. Жұрттың алды болып «Москвич» жеңіл көлігіне ие болды. Оның бәрі өткен күндерінің еске тұтар бір естелігі, айта жүрер әңгімесі іспетті.

Жайнақ атамыздың бір үйірден астам жылқысы бар. Жиырмаға тарта ірі қарасы, жүзге тарта қой-ешкісі бар. Оның бәрін қысы-жазы өзі қарайды. Төлдетеді, төлін өсіреді. Кезектесіп мал бағады. Малдың, қораның жұ­мысын тап-тұйнақтай жүргізеді. Ауласында жараулы аты тұр. Атқа мініп, таза ауада малын бағып қайтады. Күнделікті бал татыған қымызын ішеді. Күбіге қарағайдың бүрімен ыстап, бабына келтіре да­йын­дай­тын қымызы қан­дай десеңізші, шіркін?! Ауласы­­­нан, шаңырағынан қымыз­дың иісі аңқиды.

Күнделікті өмірі еңбекпен, жылқымен, қымызбен өтіп келе жатқан Жайнақ атаның денсаулығы жақсы. Сексенге келіп шау тартып, шаршап-шалдығып отырған қариялардан ауы­лы алыс. Бие сауғанды да жақсы көреді. Қайраты қайтпаған Жайнақ атаны осындай қалпында ұстап жүргені әр күнгі игілікті шаруаның, аттың, қымыздың әсері екені даусыз. «Алла қаласа, алдымыздағы шілде айының бас кезінде ел-жұртыма мерейлі тойымды жасап беремін. Сол тойда жердің төсін дүбірлетіп аламан бәйге ұйымдастырамын. Көлігі бар жеті бәйге берсем деп ниеттеніп отырмын. Оған шамам жетеді. Тойдың болғаны жақсы. Елдің басын қосқанға не жетсін! Өткен өміріме өкінішім жоқ», дейді Жайнақ ата сырын ортаға салып.

Аттан түспейтін ақсақал

Шүкір, өмірі өнегеге толы осындай қарттарды көргенде қуанасың. Ұлтымыздың қымыздай тамаша сусынын ұлықтап, қастерлеп жүрген қарт. Шын мәнінде, ерте көктемнен-ақ бие байлайды, бабына келтіре қымыз да­йындайды. Тұтынушыларын ренжіткен жері жоқ. Қоңыр күздегі қымыздарының денін шыны ыдысқа құйып, қысқа сақтайды. Сөйтіп қыстағы әртүрлі қуанышта, соғым басы кезінде Жайнақ ата иісін бұрқырата қымызын дас­тарқан басына қояды. Оны көрген ел-жұрттың да тәбеті артып, көңілдері көтеріле түседі. Жыл сайын таңдап тұрып бір жылқысын соғымға сойып алатын ата­ның дастарқанынан қазы-қарта, жал-жая, сүт өнім­дері үзілмейді. Жайнақ ата қазір жеті бие байлап отыр. Биелерінің жанында әдемі құлындары байлаулы тұр. Биелер төрт уақыт сауылады. 

Жайнақ ата ауылдағы ең өсіп-өрбіген, өнегелі отау. Қуаныш, Болысқан, Қозыкөрпеш, Амантай, Әйімхан, Әйкен, Лашын, Мөлдір секілді 4 ұл, 4 қызы бір-бір шаңырақ. Сан түрлі мамандық иелері. Олардан немере мен шөбере өрбіп отыр. Тамыры терең бәйтеректей жайқалып отырған Жайнақ атаға қызыға қарайсың. Бұл өмір бойғы жиған-тергенінің, қарапайым еңбегінен тапқан бақытының мәуелі жемісі екені даусыз.

Нұрбүбідей жары 2007 жылы дүние салыпты. Содан кейін қазіргі уақтылы шайын, тамағын қамдап, жылылап төсегін салып беретін Майрадай анамен көңіл жарастырыпты. Жүзінен аналық мейірімі төгілген, кең пейілді, ыстық құшақты Майраның бойында көріпкелдік қасиеті бар екен. Құмалақ ашады. Көктем шыға қымызын дайындайды. Жақсылап сары май, құртын жинайды. Сұрағандарды да ренжітпейді. Ең бастысы, ауыл тірлігіне жаны құмар, малды ауылдың шаруасына етене жақын қарапайым ананың да әр күні іске толы. Жайнақ ата екеуінің шаршап-шалдығып отырғанын көр­мейсің. Қымыз иісі аңқып, өмір оты жанған шаңырақтан көңіліміз көтеріле аттандық.

 Қанат БІРЖАНСАЛ,

 журналист

 Алматы облысы