Надежда Лушникова: Мені өз тілінде сөйлеткен қазақтың көңілі биік қой

Ақын Надежда Лушниковамен биылғы мамыр айының соңында, Оқжетпес баурайындағы демалыс сағаттарының бірінде жүздесіп, әсерлі әңгімелесудің сәті түскен еді. Әңгімеміздің тақырыбы – өмір, әдебиет, қазақ жырына өз үнімен келген ақынның көңіл сарайын тербейтін шығармашылық төңірегіндегі сыршыл ойлары... 

 

Егемен Қазақстан
15.06.2018 2185
2

– Бұл араға, Бурабайға ат ізін салмағалы да бірталай жылдың жүзі болыпты-ау! Әрқайсысы аңыз-жыр болып, халық зердесінде мәңгіге бей­неленіп қалған мына тауларға әр сәт әсерленбей, ой құшағымен құшып, тебіренбей қарау мүмкін бе, шір­кін-ай, десеңші! Анау Көкше батыр, ер Оқжетпес пен Жекебатыр, ал бірінің соңынан бірі ілескен, бұрымдарын қарағайдан өрген анау апалы-сіңлілілерді айтсаңызшы, қандай көркем! Балуан Шолақтай өр қазақтың орыс қызы Анастасияны құшағына алып, олардың ғашықтығына куә болған таулар ғой бұл!

Әңгіме әлқисасы осылай басталды. Надежда ақын көңілінен енді-енді асып-төгілер сөз әуенін домбыраның қос ішегіне салып, соның әуезді бұрауын келтіріп жатқандай әсер қалдырды...

– Қазақ жырының небір дүл­дүлдері сүйсінген, жырға қосқан мына таңғажайып таулар тура­лы толғанысыңыз, Надежда апай, қазақ өлеңінің қайнар бастауы Сіздің болмысыңызға қалай дары­ған, неден бастау алған деген ой- сауалға қарай еріксіз жетелейді... 

– Осы арада мына бір оқиға көз алдыма келеді. Біздің Бірінші май ауылында бәріміз қадірлейтін Шәметай апам өзінің қызы Әлкемай екеумізді Шамалғаннан тау баурайымен Ерназарға, қазіргі Жамбыл-музей ғой, сол жерге жаяу-жалпылап өзімен бірге ертіп апарды. Бес жастағы кезім. Таудан таңда салқын самал ескен, күздің әдемі кезі екенін білемін. Ерназарда сырты қоңыршалау, бес қанатты бір киіз үйге келдік. Әменай ішке кірмей, шаршадым деп, әлгі киіз үйге арқасын сүйеп отыра кетті де, мен Шәметай апамнан қалмай, соңына ілесіп үйге кірдім... Төрде биік қалың төсеніштің үстінде аппақ сақалы өңіріне қарай желбіреген, ақ жейделі, тұлғасы зор, әлде маған солай көрінді ме, бір үлкен ата отыр екен. Апам әлгі кісіге иіліп сәлем берді де, қонақ-көрпенің бір шетіне келіп тізе бүкті. 

– Әй, Шәметай, мынау қасыңдағы кішкентай немере қызың ба? – деп сұрады ата.

– Қызым ғой, Жәке, қызым ғой, – деп басын изеді апам.

Аппақ сақалының ұшын сауса­ғымен сипай түсіп, екеумізге алма-кезек қараған ол сәл жымия түсіп:

– Е, бәсе, көзі тұздай боп өзіңе тартыпты! – деді де, тарамыстанған кәрі қолдарын созып төсегінің бас жағын­да қып-қызыл боп, албырап жат­қан үлкен апорт алманың біреуін, «мә, ала ғой, қызым» деп маған ұсынды.

Екеуі ана-мұны әңгіменің басын қайырып, сөйлесіп жатты, ал мен дәмі тіл үйірген, хош иісі бұрқыраған, қос уысқа сыймайтын шырын алманы тәтті сөлін аузыма, бетіме сүй­кей-мүйкей, балалық бір сүйсініс қома­ғайлықпен алаңсыз жеумен болдым. Кейін үйден шыққасын білдім ғой, маған алма берген Жамбыл атам екен. Сол жылдары жасы жүзге келіп қалған кездері екен ғой, жарықтықтың. Иә, ол кезде баламыз, ойымызда ештеме жоқ қой, кейіннен ғой осы өлең деген әлемді шет-жағалай бастағанымда Жам­былдай алыптың қолынан алма жегенім сол аңыздай абыздың сондағы маған берген батасы, құйттай жүрегіме дарытқан киелі дәруі екен ғой деп пайымдадым!.. Мұны маған кішкентайымыздан бірге өскен қызы Әлкенай қайтыс болып, бата жасап шаңырағына барғанымда Шәметай апамның маңдайымнан сүйіп тұрып есіме салғанын да қалай ұмытайын! «Надяжан-ау, осындай болып ел назарына іліккен ақындығың, қазақтың сөзін талантыңмен қастерлеген қасие­тің Жамбыл тәтемнің өз қолымен берген бір түйір сол алмасының, дәм-батасының құдіреті ғой» дегенін қалайша есімнен шығарамын! Сол қадірлі апамыз, қасиетінен айнала­йын, туа біткен дарынды адам болатын. Тіпті сонау жасырақ кезінде Тайыр Жароковпен бірге айтысқа да қатысқан. Ауылымызда жалғыз қол диірмен Шәметай апамда болатын, соны тартып отырып, көкірегінен жарып шығарған өлеңін ән қылып айтып отыратын, елдің соғыстан кейінгі қиын тағдыры, қосағы майданнан қайтпаған жесірлердің, ұлынан айырылған аналарды осылайша жұбатып отыратыны, бала болсам да есімде қалыпты. 

Бәлкім, ақындық өнердің өзіме о бастан жұғысты болуына да осындай жаны кіршіксіз, ақынжанды адамдардың болмыс-бітімін көріп өскендігім де себеп болған шығар деймін-дағы. Шамалған ауылында Қара Омар, Сары Омар деген екі шал болып еді. Екеуінің отбасынан аттанған арыстай төрт бала майданнан оралмай, келіндері артынша кетіп қалып, кемпірлері о дүниелік болған қарияларға, бір көшенің бойын­да тұрғандар қарасатынбыз. Әр үйдің қазанынан кезектесіп үйіне ас апарып беретінбіз. Менің бес-алты жастағы кезім, бір күні біздің үйдің кезегі келіп, анам Ирина Иосифовна борщ, көк-сөк қосылған орыстың басқа да дәмін әлгі кісілерге менен беріп жіберді. Біздің үйдің сәлемдеме-асын алған Қара Омар атам: «Қызым, алақаныңды жай, бата берейін!» дегесін, мен бүрсиген бір уыстай алақаныма қарадым да, беретін батасы сыймай қалатындай ұзынша көйлегімнің желбіреген етегінің бір шетін тосып едім, әлгі атамыз мәз болып күліп: «Етегіңе ел толсын!» деп бетін сипады. Қазақтың сөзі білгенге – маржан емес пе, ақын болған кезімде қазақтың Надеждасы атанған, елімнің алдындағы зораяр беделіме меңзеген екен ғой деймін әлгі қадірлі қария.

– Қазақтың Надеждасы атануы­ңыз алдымен айтыскерлік өнердегі ақынды­ғыңыздан басталды ғой, білуі­мізше. Қазақтың жанына, қанына сіңген, өмірімен біте қайна­сып, халықпен бірге жасап келе жатқан осы айтулы өнерге ұмтыл­ған кездеріңізде өзіңіз үлгі қылған, ұстаз тұтқан тұлғалар туралы да ай­ты­лар сырыңыз бар шығар?!

– Жамбыл тәтеміздің өзіне ең жақын тартқан шәкірттерінің бірі Үмбетәліні ерекше атар едім. Ол кісі Ұзынағашқа, Тұрлыбектің босағасына келін болып түскенімде менің бетімді ашқан адам. Бізге жезделік жағынан жақындығы бар. Өзі шапыраштының айқым деген тармағынан шыққан кісі, әдетте, бұлар бітімі ықшам, бет-жүзі жұқа, әдеміше болып келеді. Ой несін айтасың, көмейінен маржан төгілген арқалы ақын болатын Үмбекең, бір ай бойы айтысса да, қисса-дастанды жырласа да бір сөзін қайталамайтын хас майталман еді ғой. Жетісу өңірінде, бүкіл Алатау бойынан асып, атағы жер жарған Үмбетәлімен айтысуға кезінде Нұрила Әбенқызы деген ақын қыздың ғана жүрегі дауалаған екен. Ол да осы топырақтан шыққан дүлдүл. Сол айтысқа төрелік айтқан, жетпіс жасқа келген Жамбыл қыз ақынның ерекше сөз саптасындағы өткірлікті, мірдің оғындай теңеулерге тәнті болғанын жасыра алмаған деседі. Қараңызшы мінеки:

Ал Жәке, Үмбетәлі – тері тұлып,
Қаупитқан ішіне бір сабан тығып.
Түбінде бір керегі болар десең,
Апарып босағаңа қойғын іліп, – дейді ғой Үмбетәлідей зордың өзінен тайсалмай қатты-қатты айтып. Айтыс сөзінің қаттылау болып кететін бір сипаты осы. Сол айтыстан соң көп ұзамай өзінің әмеңгерлері жағынан қапияда жасалған сойқан соққыдан Нұрила орнынан тұра алмай үш ай жатып дүниеден өткен деген сөз бар, бұл 1921 жыл болса керек. Өзінің артық кетіп, намысқа тиетіндей өр­леп, асқақ кеткеніне өкінгендей, төсек тартып жатқан Нұрила ақын Үм­бетәлімен «Ағеке, мен төске шауып, артық кетіппін, менің сол ал­бырт аңғырттығымды кеш» дегендей сөздермен арыздасқан көрінеді деседі ел жадынан жеткен сөз. Міне, сол Үмбетәлі ақын менің өнеге тұтар, айтыс өнеріндегі пірім болғандай тұлғалардың ішіндегі бірегейі... 

– «Ел жадынан жеткен сөз» деген бір тамаша орамды айтып қал­дыңыз. Халық ақындарының айтыс, толғаулары, жалпы ауыз әдебиеті аталатын жауһар қазына­мыздың небір асыл дүниелерінің бізге жетуі де екі ғасырдың куәгері – Үмбетәлідей хал­қы ардақтаған ақындардың арқа­сын­да емес пе! 

– Әрине, солай! Асыл қазынамыз­дың ықылым замандарынан солай болып келген. Қазіргідей сөз-бейнеге салып алатын неше алуан техниканың жоқ кезінде айтыс сөзі мен суырып салма жырларды ел жадына құйып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген қазақ өлең-жырының осы сынды ше­бер­лері. Арғысын былай қойғанда, Жам­былдың 1946 жылы шыққан кітабындағы өткен ғасырдағы, ғасыр басындағы дүниелерінің 90 пайызы Үмбетәліден жазылып алынған деген деректі ақын Қалижан Бекхожиннің бір мақаласынан оқығанмын. Халқы­мыздың рухани діңгегінің берік болуына алдымен суырып салма ақындарының, сөз ұстаған би-шешендерінің қосқан үлесі өлшеусіз зор екені күмәнсіз. Ғасырлар қойна­уынан жеткен айтыс өнерінен елдің ежелгі тарихын, бағзыдағы дәстүр-салтын, мінез-сипатын, батыр, ер тұлға­ларының болмыс-бітімін танимыз ғой! Ұлттың тұтастай образын жасаған да солардың жадында сақталған дүниелер!

– Ал осы кезең тұрғысынан, өзіңіз тікелей атсалысқан кездегі айтыс­­­тарға оралсаңыз, біраз ойға арқау етерлік жайттар да бар шы­ғар. Қазақ поэзиясында тамаша таланты­мен, жырларымен таныла бастаған орыс қызын айтыс өнері несімен еліктірді?

– Несімен дейсің ғой, сұрағың орынды-ақ. Менің сөз өнерімен «ауы­руыма», оның ішінде өлең сөзінің құдіретіне бас июіме ықпал еткен өскен ортам, білімін, өнеге­сін дарытқан ұстаздарым десем, ақиқаттан алыс кетпегенім. Қызыл­орда педучилищесіне оқыған жылдар­дан бастап жазған тырнақалды жырларыма өріс ашқан әдеби ортаның бел ортасында Асқар Тоқмағамбетов аға болды. Әйгілі Манап Көкеновпен сахнадағы таныс-білістігіміз де осы кезеңдерде өтті. Ол кісімен 28 рет айтысқа түсіппін. Әсіресе 1980 жылғы өткен Республикалық II айтыс күні кешегідей көз алдымда. Мәре алдындағы сахна төріндегі бірін­ші іріктеу бөлімінде екеумізді ең соңына қалдырды. Басқа жұптар айтысып жатты, сахнаның сыртында кезегімізді күтіп отырмыз. Манап аға орнында ба­йыз тауып отыра алмай, әрлі-берлі адымдай жүріп күйіп-піседі. «Мыналардың екеумізді ең соңына қалдырғаны несі?!» дейді маған, ашудан бет-жүзі әнтек қызарып, өзі сап-сары адам ғой. «Ой, аға, соны да білмейсіз бе, әуелі қазақтар айтысып болсын, екі орысты соңынан шығарамыз дегені ғой!» десем, «Осы саған сөз айтуға болмайды» деп одан әрі ыза болады, жарықтық. Содан бірінші бөлімнен өтіп, мәреде тағы да екеуміз кездеспейміз бе!

Ағеке, мен де тарттым түріңізге,
Сайраған сандуғаштай тіліңізге.
Тұсыңа қарындасың келіп қалды, 
Түріміз ұқсағасын бірімізге, – деп айтыс жырының додасын бас­тап жібергенімде жанкүйер халық дүрк көтеріліп, орындарынан тұрып кеткені есімде...
Міне, Манап Көкеновтей Сыр дүл­дүлімен болған осындай айтыс­тарым­ның өзі бір мектеп. Шын жүйрік­термен айтысқанызда да көп нәрсені зердеңізге түйіп отырасыз. Ірі сөйлеу, орынды жерінде зілсіз әзілмен айтарыңды астарлап, әдемі жеткізе білу де айтыстың бағасын арттырады. Ал терме мақамына салып айту, халық әнінің термелік сазымен орайластыра айту дәстүрі, өкінішке қарай, қазіргі айтыстың талантты жас ақындарында жетіспей жатады. Айтыс ойымен де, жүрекке жеткізер сазымен де халықты баураса ғана нағыз айтыс. 

Ежелгі айтыс өнеріміздің қайта өрлеу деңгейі сол ІІ республикалық айтыста көрінді деп ойлаймын, бірін­ші айтыс 1943 жылы өткен еді ғой... 

– «Сыр елі – жыр елі» дейді ғой. Қазақ поэзиясының Әбділдә Тәжі­баевтай абыздары шыққан, талай таланттардың қанат қаққан ұясында алғашқы білім сапарын бастап, сонда өмір жолының бір белесін қалдырған сіз ақындық жолы­ңызды ашқандардың қата­рында Асқар Тоқмағамбетов болға­нын айтып қалдыңыз...

– Жердің де, ортаның да адам жан-дүниесінің қалыптасуына әсері болатыны ақиқат. Мені сол Сыр елінен Алматыға, 1961 жылы сәуірде Қазақстан Жазушылары одағының пле­нумына әкеліп, қазақ әдебиетінің киелі шаңырағының табалдырығынан аттатқызған Асекең ағамыз еді. Қазақ жырының Отаны – Сыр елінің құді­реті сондай, бізге келген орыс қызы Надежданың өзі де қазақша өлең жазып кетті дегенді жаңалық әлде мақтаныш тұтқаны ма екен, әйтеуір мені алғаш рет сол Алматы мінберінен өлең оқытқан Асқар ағам болатын. Мінберден түсіп, залдағы орныма отыра бергенім сол еді, пленум төрінен ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов Мүсілім Базарбаевты жіберіп, мені қасына шақыртып алды. Жанына келгенімде ол кісі нұрлы жүзін бұрып маған асықпай көз тастады да, аялы үлкен жанарынан ерекше мейірім төгіліп: «Пәлі, қарлығаштай құйттай орыс жүрегіңе қазақ өлеңінен қандай әдемі ұя салғансың!» деп сүйсініс білдірді. Ұлы адамның алғашқы қадамыма берген мұндай айрықша бағасы менің қазаққа айналған орыс жүрегімде мәңгіге сақталып қалды! Иә, Мұхаңды бірінші және соңғы рет көруім болыпты бұл. Лицей шәкірті Пушкиннің ұстазындай көріп қасиеттеген қарт Державинге айтқаны осындайда еріксіз ойға оралады екен: 

 «Старик Державин нас заметил, 
 И, в гроб сходя, благословил»...

– Алматы сізді қазақ ақыны ретінде осылай таныған екен ғой...

– Осы жердің, Шамалғанда туып, Ұзынағашқа ұзатылған, төрт баламды – ұл-қыздарым – Құралайымды, Қарлы­ғашымды, Ләйлім мен Жәнібегімді осы жерде дүниеге әкелген Алматы облысының қызымын ғой. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі деген диплом алып, институтты да Алматыда тәмамдағанмын. 

Ал мені нағыз ақындық жолға түсірген Сыр елі – Қызылорда ғой. Айтыстарда да сол Қызылорданың намысын қорғайтынмын. Ол жылдары республикалық айтыстың мәресіне жеткенше облыс-облыс болып айтысатынбыз, мәреде менің Шымкент облысының ақыны, сол кездері жасы алпысты алқымдап қалған егделеу ақын Жолдас Дастановпен айты­сымның есте қаларлық бір тарихы – атақты батырымыз, қазақтың мақтанышына айналған тұлға Бауыр­жан Момышұлының қолынан алтын сағат алуыммен байланысты ғой. Бұл ел аузына тарап кеткен оқиға ғой кезінде. Не керек, төре­шілер мені жеңімпаз деп жариялап, айтысты ұйымдастырушылар ақындардың әрқайсына «Победа» деген ерлер сағатын беріп, сый-сияпаттарын көрсетіп жатты. Кезегім жетіп, сағатты маған ұсынғалы жатқанда залдың алдыңғы қатарынан: «Алмайды Надежда ол сағатты! - деген бір зор дауыс гүр ете түсті, Баукең екен бұл. – Кәме-е-ш! Бар да, қазір сатып әкел, Надежданың қолына бүгін алтын сағат тағылады!» Айтыс ұйымдастырушыларының төбесінен ашық күнде жай түскендей болды десем, артық кетпеспін. «Надеждаға шеберлігі үшін» деп жазып, Баукең өз атынан сыйлаған сол «Лира» алтын сағаты Ұзынағаштағы Үмбетәлі музейінде тұр қазір. Өзім аса қадірлеген ақынның музей-үйін ұйымдастырудың басы-қасында болған, азды-көпті еңбегі сіңген Надеж­даның мұражай көрмесіне ұсынған дүниесінің бірі болып ел жадында сақталсын дегенім ғой...

...Әңгіме мәресіне Абылайхан ала­ңының төрінде тұрған Хан тағы­на барғанымызда жеттік. Ел­дің рухани өмірінің жадында ғасыр­лар бойы қастерленіп келген осы Қа­сиетті орынның рухы жебеген, жүре­гіне қазақ жыры ұя салған ақын: 

– Мені өз тілінде сөйлеткен қазақ­тың көңілі мына Көкше биігінен көрінген тұнық аспандай биік қой, шіркін! «Әр күнім, мейірімі жатқан иіп, қазақ боп туылғаннан бар ма биік! Батыр мен ақындардың жалғасымыз, жүретін төбемізді аспан сүйіп!» Міне, тап осы сәтте тіл ұшыма осындай өлең жолдары орала кетті, Мәдижан! Бұл өлеңіме «Абылай хан бабамның тастан қашалған тағын көргенімде» деген тақырып қоямын!..

– Халқыңыздың жүрегін сүй­сінт­кен талантыңыз аспан-көңіл биігіңізден аласармасын, рухани сыршылдыққа толы әңгімеңізге зор рахмет, Надя апай!

Әңгімелескен 
Мәди АЙЫМБЕТОВ,
жазушы

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

23.02.2019

Бүгін еліміздің басым бөлігінде тұман түсіп, көктайғақ болады

23.02.2019

Бадминтоннан әлем кубогі: қазақстандықтар жұптық сында келесі кезеңге өтті

23.02.2019

Юлия Галышева Жапониядағы әлем кубогі кезеңінде қола жүлдегер атанды

23.02.2019

Елордада ашық құдықтар мәселесі қалай шешілуде?

23.02.2019

Астанада әскерге шақырылушыларды медициналық куәландыру мәселелері талқыланды

23.02.2019

Қоғамдық қабылдауда ақтөбеліктердің мыңнан астам мәселелері шешілді

23.02.2019

ТМД құрылысшылары баға белгілеу саласында тәжірибе алмасты

23.02.2019

Жас теміржолшылар республикалық «Jas qanattar»  форумына қатысты

23.02.2019

Қостанай облысында өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,8 процентке артты

23.02.2019

Мақсат- әр тұрғынға отыз шаршы метр баспана беру

23.02.2019

Қызылорда  облысы Полиция департаментінің жеке құрамы үшін гарнизондық жиын өтті

23.02.2019

Лондонда қазақстандық боксшы қарсыласын нокаутқа түсірді

23.02.2019

Павлодарда  «Ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды

23.02.2019

Ұлттық нейрохирургия орталығында түрлі науқастар  тегін қаралды

23.02.2019

Кетіп жатқан әкімге «кетпе» деді 

23.02.2019

Полиция департаменті тұрғындарға арналған кеңсе ашты

23.02.2019

Майқайың кентінде өрт сөндірушілер газ толы баллондарды алып шықты

23.02.2019

ҚХЛ: Тұрақты біріншілік аяқталды

23.02.2019

Михаил Кукушкин жартылай финалға шықты

23.02.2019

Еуропа лигасының жеребесі тартылды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Jol erejesinen buryn, saqtyq kerek

Jasyratyny joq, ózimizdiń bir áriptesimiz, Qaraǵandy tas jolynan Astanaǵa kirer tusta keshqurym, ıaǵnı alageýim shaqta kóligimen bir adamdy basyp ketti. Ol jaıaý júrginshi jolaǵymen júgire basqan jandy kórmeı qalǵan. Qansha jerden kinásin moıyndasa da, ol – jaýapker. Sebebi jaıaý júrginshige arnalǵan jolaqta ereje buzdy. Toqtamady. Al toqtar edi, biraq adamdy kórgen joq. Mine, endi mundaı jaǵdaıda kimge kiná artasyz? Jaıaý júrginshi de opat boldy, júrgizýshi de qamalady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Tyıym men tıyn

Toı-toımalaqta tún jamylyp óner kórsetetin kámelettik jasqa tolmaǵan, ómirleri aq paraqtaı taza, kóńilderi aq bulaqtaı móldir kishkentaılarymyzdy jasyna laıyqsyz kıindirip, boıandyryp kópshiliktiń aldynda shyǵarý, án saldyrý – qý aqshaǵa qunyqtyryp qoıǵan ata-analarynyń kinásinen. 

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Qorqynyshty mıkroplastık

О́tken aptada Eýropalyq odaq úkimeti óndirýshilerge mıkroplastıktiń barlyq túrin óz ónimderinde qoldanýǵa tyıym salǵanyn estigen bolarsyzdar. Mıkroplastıktiń ne ekenin bilesiz be? Osyǵan deıin kóp mán bermeppiz. Sóıtse mıkroplastık − sıntetıkalyq polımerlerdiń kishkentaı bólikteri, bul kóptegen zattyń quramyna kiredi: kúndelikti kıetin kıimimizde de, kir jýatyn untaqta da, saǵyzda da bar eken.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Jeti jarǵy» jıen jaıly ne deıdi?

Qarǵa tamyrly qazaqta jıenmin dese qolq etpes jan joq shyǵar, sirá. Tipti, naǵashyǵa aıtar oıyn «tuzdyqtap» jiberse de, basynan sóz asyrmas nebir adýyn minezdiniń ózi jıen ǵoı, aıta beredi» dep kúlip, bas shaıqaǵannan artyqqa barmaıdy.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Rýh jaıly áńgime

Marqum alashshyl tulǵa Aqseleý Seıdimbektiń «Rýhy azat halyq qana uly ister atqara alady» deıtin myzǵymas ustanymy boldy. Osy uǵymdy Ahań ári qaraı tápsirlep: «Rýhsyz halyqty altynǵa bólep qoısań da báribir, rýhy myqty qaýymnyń aldynda eńkish tartyp turady. Rýh degenimiz ol kózge kórinbeıdi, halyqtyń gendik bıosferasynda bolatyn úreıdi jeńý qýaty. Úreı qan arqyly urpaqtan urpaq jalǵasyp kete beretin asa qaterli qubylys. Qandaı bir qaýymnyń rýhanı erkindigi (táýelsizdigi) halyqtyń boıyndaǵy úreıdiń az-kóptigimen ólshendi» deıtin edi jaryqtyq.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу