Әдебиет • 15 Маусым, 2018

Бағашар Тұрсынбайұлы. Кітаптан – өмірлік мұратқа

836 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астана қаласының 20 жылдығына орай «Балалар әлемі: кітаптан өмірлік мұратқа» атты балалар жазушыларының халықаралық форумы өтті. Ұлттық академиялық кітапхана мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен шараға еліміздің және шетелдің белгілі балалар жазушылары мен ғалымдар, кітапханашылар қатысты. Форумда балаларды кітап оқуға ынталандыру, қазақ және әлем әдебиетінің классиктері мен қазіргі заман жазушыларын көпшілікке таныту, отбасылық оқуды насихаттауға бағытталған ұлттық бағдарламаларды әзірлеу және енгізу мәселелері талқыланды.

Бағашар Тұрсынбайұлы. Кітаптан – өмірлік мұратқа

Форумда заманауи трендтер мен жаңа байланыс құралдарына бағыт­талған кітап оқуды дамыту бойынша бағдарламалар қарастырылды. Байланыс арналары арасында кітап оқу (баспа нұсқада да,электронды нұсқада да), өте маңызды рөлге ие. Бұл – ұлттық мәдениеттің негізін сақтаудың, ана тілінің байлығын арттырудың, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең қуатты меха­низмі.

Парламент Мәжілісінің депута­ты Бақытбек Смағұл, жазушы, фи­ло­логия ғылымдарының докто­ры­ Нұрдәулет Ақыш, жазушы, Бело­руссия Жазушылар одағы төраға­сының бірінші орынбасары Елена Стельмах, жазушы, «Қырғыз­станның жаңа әдебиеті» электронды кітапханасының бас редакторы Олег Бондаренко, ағылшын зерттеушісі Джил Браун, Вена универ­сите­тінің аудармашысы, дәріскері Эрич Хавренек, Астана қаласы Орта­лықтандырылған кітапханалар жүйе­сінің балалармен жұмыс жасау жөнін­дегі директордың орынбасары Гүл­мира Әбілғазина, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандағы фи­лиа­лының профессоры Нұрсұлу Шай­мерденова, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, жазушы Жанат Елшібек, ақын Байбота Қошым-Ноғай, балалар жазушысы Баян­ғали Әлімжанов, «Детский сайт. Оранжевый верблюд» жобасының жетекшісі Лев Бондарев және т.б. қатысты. 

Форумның алғашқы күні балалар әдебиетінің жәй-күйі, еліміз бен­ әлемдегі әдеби ахуал туралы пленар­лық отырыс өтті. Отырыста алғаш­қы болып сөз алған Парламент Мәжі­лісінің депутаты Бақытбек Смағұл: «Мемлекет басшысы «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, бойыңда азаматтық намысың бол­са, қазақтың жалғыз ұлттық мемле­кетінің көркейіп, нығаю жолында жан теріңді сығып жүріп қызмет ет. Елдің де, жердің де иесі өзің еке­ніңді ұмытпа. Балалар жазушысы – болашақ ұрпақтың ұстазы. Балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің талбесігі, тағылым, тәлім ордасы, сондықтан бұл сала ешқашан қамқорлықтан, жанашырлықтан қағажу болмауы керек», деді өз сөзінде. 

Жасөспірімдерге арналған әлеу­мет­тік, сыни бағыттағы әдебиет керек. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Мұндай туындыларда жас кейіп­кердің тұлға ретінде қалыптасу кезіндегі ішкі қақтығысы, жан сарайында сақ-сақ қайнаған проблемалары көрсетіледі. Қазір елімізде балалар басылымдары бар. Бірақ олар шалғай ауылдарға жетіп жатқан жоқ. Сонымен қатар кітаптардың да таралымы мен сапасы мамандардың көңілін көншітпейді. Белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғай қазақ балалар әдебиетінің өз антологиясы шығуға тиістігін айтты. Қазақ балалар поэзиясының алғашқы антологиясы 1977 жылы «Жалын» бас­пасынан, 1992 жылы «Шынашақ» деген атпен «Балауса» баспасынан жарыққа шыққан екен. Одан бері ондай антология шықпаған. Сонымен қоса ақын балабақшадағы балдырғандарға арнап кітап жазылмай жатқандығын да сөзге тиек етті. «Қазақ қазақ болғалы қа­зақ- тілді балабақшаларға арналған ар­найы оқулықтардың жазылмай келе жатқаны жөнінде мерзімді баспасөз бетінде аз айтылған жоқ. Бұл қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе деп ойлаймыз. Бірақ біз әлі күнге дейін осы мәселені шеше алмай келеміз. Қазақ балабақшаларында балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып тәрбиешілер пайдаланатын оқулықтар мен хрестоматиялар да шығарылған емес. Осы тұрғыдан келгенде, әуелі балабақша тәрбиешілеріне әдіскерлермен және осы салаға қатысы бар басқа да мамандармен ақылдаса отырып, арнайы әдістемелік жасауымыз қажет. Мысалы, педагог оқу үдерісін жақсы білсе, ал әдебиетші қауым – ақын-жазушылар ондай оқулықтардың тілдік-шығармашылық жағын үйлес­тірер еді. Осылайша бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе отырып жүзеге асыратын жұмыс шаш-етектен», деді Байбота Қошым-Ноғай. 

Балаларға арналған кітаптарға сұраныс көп екенін баспа өкілдері жиі айтады. Олардың айтуынша авторлар жоқ. Ал қаламгерлерден сұрасаңыз, жазғандары бар, оларды жарыққа шыға­рып, тиісті қаламақысын төлей­тін баспа жоқ. Екі бар бірін-бірі таба алмай жүрген сыңайлы. Ал кітап­ханашылар тарапы оқырмандар мен қаламгерлердің арасына жылы байланыс орнатып берейік, кездесулер, кештер ұйымдастырайық деп отыр. 

Балалар әдебиетінде кітап шыға­ру­да да, жазуда да, оны оқырманға жеткізуде де біршама мәселелер бар. Бұның бәрі осы уақытқа дейін бұл салаға дұрыс көңіл бөлінбей келе жатқанының кесірі. Енді осы уақытқа дейін істемеген жұмысты қайта атқарып, жүйені қалпына келтіру қажет. Баспа ісі, журналдар балаларға арналған материалдарды қызықты етіп жеткізудің жан-жақты жолын қарастырып отыр. Қазір полиграфия дамыған, дизайн мен графиканың уақыты. Бұрынғыдай бір түсті, я жазықтықта салынған суреттермен балаларды қызықтыра алмайсыз. Кеңістікке шығып кеткен кейіпкерлердің түр-әлпеті де балалар үшін тартымды болуы керек. 

«Балаларға арналған шығар­ма­ларды оқытуда кең қолданылған әдіс – шығармаға лайық сурет сал­дыру. Бұл – «Балдырғанның» ежел­­ден бергі әдісі. Бұл әдіс күн өткен сайын жаңа технологиямен, жаңа бағытпен журналға өң беру үстінде. «Балдырғанның» әр беті суретшілердің де еңбегі екенін қай­талап айтқан жөн. Міне, балалар әдебиетін оқыту арқылы өнерге бау­лу дегеніңіз осы. 

Балалар арасында шығармашылық байқаулар өткізу де әдебиетті оқыту­да өте керек тәсіл. Осы ретте дәл қазір­­гі сәтте «Балдырған» 60 жылдық ме­рей­тойға орай үш бәйге жария­лап үлгерді. Бұл байқаулардың ба­ла­­лар­дың шығармашылық тұр­ғы­да өсуіне, қалыптасуына зор ық­палы болмақ. Сол сияқты мұндай бай­қаулар «Ұлан» газетінде көп ұйым­дастырылады. «Жас тілші LIVE», «Журналист болғың келе ме?», «Ме­нің сүйікті мультфильмім», «Шықшы тауға, қарашы кең далаға», «Қауіпсіз әлем» сияқты байқаулар балаларды жарыс түрінде газет-журналмен байланысқа үндесе, сол арқылы балалар әдебиетін оқытуда да көмегі зор», деді «Ақжелкен» журналы бас редакторының орынбасары Асылан Тілеген. 

Үлкен әдебиетке қадам жасайтын болашақ ақын, я жазушының алғаш­қы әдеби әсері өзі оқыған өлең, хикая, ертегіден туады. Баланың қия­­лы оқыған кітабына қарап шың­да­лады. Демек қандай болсын ма­ман­дықтың түп басында балалар әдебиеті жатады. Балалар әдебиеті – бала тәрбиесінің бесігі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе...» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқан сияқты, болашағын ойлаған халық балалар әдебиетіне басымдық беруі тиіс.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»