Кино • 16 Маусым, 2018

«Супер отбасы-2» қазақ тілінде сөйледі

3028 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір елімізде кино саласы жақсы дамып келе жатыр. Бүлдіршіндеріміздің талғамына қарай, көптеген мультиктер өз елімізде дайындалады. Сонымен қатар өзге елдің мультфильмдерін қазақ тілінде сөйлетіп жүрміз.

«Супер отбасы-2» қазақ тілінде сөйледі

Жақында қазақ тіліндегі фильмдер қатарына тағы бір үздік туынды келіп қосылды. АҚШ–тың кинорежиссері Брэд Бердтің шығармасы, әртүрлі қасиеттерге ие отбасы туралы «Супер отбасы-2» қазақ тілінде 14-ші маусымнан бастап барлық кинотеатрларда кішкентай көрермендерімізге жол тартты. Үлкен экрандарда көрсетілетін фильмге театр әртістері қазақ тілінде дубляж жасады. Актерлердің табиғи дауысы әр сюжетке жан бітіріп отырды. Атап айтсақ: Сая Тоқманғалиева (анасы – Эластик), Жәнібек Мұқаев (әкесі – Боб), Дидар Құралбаев (үйдің кішкентайы – Дэш), Айкөркем Әділгереева (әпкесі – Балитбар), дыбыстады. Режиссеры – Шах-Мұрат Ордабаев. Әсіресе әкесінің сөйлегені қазақы болмысқа дәл келтіріліп, шебер дыбысталған. Қазақы төл сөздерімізді орынды қолданып, көрерменді күлкіге қарық қылды.

Мәжіліс депутаты, «Болашақ» қауымдастығының төрағасы Бақтияр Мәкен «Ең алдымен бүлдіршіндерімізбен олардың ата-аналарын туындының қазақша дыбысталуымен құттықтап, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Отанды сүю, отбасы құндылықтарын, мемлекетті сүю, ана тілге деген мәртебені өскелең ұрпақ бойына сіңіру арқылы дамытуды көздеп отырмыз. Болашақтың кепілі біздің – жастарымыз», деген ықылас-ниетін білдірді.

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртісі, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Сая Тоқманғалиева «Барлық туындылар балақайлар үшін дыбысталып жатыр, атқарған қызметіміз көрермендерге жақсы пікір, ой қалыптастырады деп сенемін. Қазақша сөйлеуді – өзіңнен баста», деген ойымен бөлісті.

Келер жылы қазақ тілінде 3 анимациялық фильм «Монстрлар демалыста-3», «Шақылдақ және төрт патшалық», «Раль интернетке қарсы» көрермендерге ұсынылмақ. Жалпы осы уақытқа «BI-group» компаниясы, «Болашақ» қауымдастығының қолдауымен «Өзіңнен баста» атты жоба аясында «Aray media group» студиясында барлығы 23 фильм өз ана тілімізге аударылған.

Елімізде қазақ тілінде фильмдер санының артуы бізді қуантады. Бұл игі істердің барлығы қазақ тілі мәртебесін қазіргі заманауи құрылғылар, заманауи комуникациялар арқылы дамытудың бірден-бір жолы. Осы уақытқа дейін қазақ тілінде дыбысталған фильмдерді «ivi.ru» сайты арқылы тамашалауға мүмкіндік бар.

Шәкебаева Айнұр,

2 курс студенті