Әлем • 18 Маусым, 2018

Басқа басылымдардан: Аустрия 7 мешітті жауып, 60 имамды елден шығармақ

436 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан: Аустрия 7 мешітті жауып, 60 имамды елден шығармақ

Аустрия канцлері Себастьян Курц «ұлттық қауіпсіздікті» қамтамасыз ету мақсатында елдегі 7 мешітті жауып, 60 имамды елден шы­ға­руды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Мәлім­де­меде 2015 жылғы заң бойынша мұсылман ұйым­дары «Аустрия мемлекеті мен қоғамға оң көз­қарас таныту» керектігі, оларды шетелдік діни ұйым­дар­дың қаржыландырылуына тыйым салынғаны айтылған. «Біздің елімізде саяси ислам мен ради­калистік тенденцияларға жол жоқ», деді С. Курц баспасөз конференциясында.

Конференцияда Аустрияның мәдениет министрі Гернот Блюмель журналистерге мешіттер «экстремизмге» қатысы бар деген күдікпен жабылғанын айтты. Оның айтуынша, жабылған мешіттердің барлығы салафилер мен исламның теріс ағымдарына тиесілі болуы мүмкін.

Айта кету керек, Аустриядағы 8,8 млн халық­тың 600 мыңы мұсылмандар. Аустрия үкіметі ше­шімінің ұлттық және саяси мүддесі осы көр­сеткішке байланысты болуы мүмкін.

Түркия президенті Режеп Тайиып Ердоған Аустрияның бұл әрекетін қатаң сынға алды. Оның баспасөз хатшысы Ибрагим Халид Аустрия үкіметінің шешіміне қатысты «Бұл исламға деген қорқыныштың көрінісі. Мемлекеттегі дискриминация мен расистік көзқарастың айнасы», деп жазды.

Аустрияда дін еркіндігі Конституцияда бекі­тіл­ген. Бірақ мемлекетте 2015 жылы сол Конс­­­ти­туцияда көрсетілген баптарға қарсы келе­тін Ислам туралы заң қабылданды. Жаңа заң бойын­ша имамдарға неміс тілінде сөйлеуге, ме­шіттер мен діни ұйымдарды шетелдіктердің қар­жыландыруына тыйым салынып, «Еуропалық сипаттағы исламға» басымдық берілген. Яғни, Аустрияда заң негізінде исламды толық ұстануға қарсы тыйымдар мен шектеулер бар.

Аустрия үкіметі бұл әрекет жалпы ислам дініне емес, саяси исламға қарсы күрес үшін атқа­рылғанын айтты. «Бұл әрекет мұсылмандар мен аустриялықтарды бір-біріне қарсы қоюға бағыт­тал­маған», деді баспасөз конференциясында мә­дениет министрі.

Македония Республикасы атауын өзгертуі мүмкін

Жыл соңында Македония Республикасы атауын ресми түрде Солтүстік Македония деп өзгертуге байланысты жалпыхалықтық референдум өткізуі мүмкін. Бұл – оңтүстіктегі көрші мемлекет – Грекиямен ежелден келе жатқан тартысты шешу жоспарының бір бөлігі. Келісім Македония мен Грекияның премьер-министрлері Зоран Заев пен Алексис Ципрас арасында жасалды.

Айта кету керек, бұл шиеленіс Югославия мемлекеті тарап кеткеннен кейін пайда болған еді. Содан бері 27 жыл бойы екі ел арасындағы жағдай күрделі болып, Македония НАТО мен Еуроодақ құрамына кіре алмай жүрді. Гректер көрші Балқан мемлекетінің Грекияның солтүстігіндегі тарихи аудан атауымен аттас келгеніне қарсы болды.

Зоран Заев Туиттер парақшасында бұл келісім Македонияның этникалық және мәдени тұтастығына еш әсер етпейтінін жазды. Ал Грекия премьері «Бұл біздің аудандағы тұрақтылыққа нұқсан келтіріп келген шиеленістің оң шешімі», деді. НАТО да Македония республикасының мүшелікке енуі туралы мәселені қайта қарас­тыратынын айтты.

Грекиядағы Македония – мемлекеттің сол­түс­тігінде орналасқан және Грекиядағы ең үл­кен екінші қала. Сондай-ақ ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралары қатарына кіреді. Ал Македония Республикасы атауы 1991 жылы 142 мемлекет тарапынан қолдау тауып, тек Грекия ғана қарсылық білдірген еді. Ал жаңа атау екі мемлекеттің заңнамасы бойынша қолдау табуы керек.

2017 жылдың мамыр айында жаңадан сай­ланған премьер-министр Зоран Заев мемлекетті НАТО мен Еуроодаққа кіргізуге мүдделі екенін жариялап, мемлекет атауын өзгертуге байланыс-
ты шаралар қолдана бастаған еді. Жаңа атауды таңдау барысында «Жаңа Македония», «Солтүстік Македония», «Жоғары Македония» деген атаулар қарастырылыпты.

Испания Италияға кіре алмаған босқындарды қабылдады

Испания билігі Сицилиядағы 629 мигранты бар «Аквариус» құтқару кемесін қабылдауға да­йын екенін жариялаған еді. Испанияның екі апта бұрын билікке келген премьер-министрі Педро Санчес құтқарылған босқындарға Валенсия портын ашқызды. «Гуманитарлық апаттан аулақ болып, бұл адамдарға қауіпсіз порт ұсыну – біздің міндетіміз», делінген премьер-министр кеңсесі таратқан мәлімдемеде.

 Италияның ішкі істер министрі Маттео Сальвини «Аквариус» кемесін портқа кіргізуге қарсы болғаннан кейін ол бірнеше күн Жерорта теңізінде тұрған еді. Ол кемені Мальта қабылдау керектігін алға тартқан болатын. Бірақ Мальта билігі мигранттардың Ливия жағалауынан кел­ге­нін, сондықтан оған Италия жауапты екенін алға тартты. Кемеде 400-ден астам босқын бар екені белгілі.

Айта кету керек, Солтүстік Африкадан келген босқындардың көпшілігі Еуропаға Италия арқылы кіреді. Ал жақында өткен сайлау ке­зінде «Солтүстік лигасы» сайлаушыларға иммиг­ра­нт­тар­ға қатысты қатаң тәртіп орнататынын айтқан бо­латын. Сөйтіп елінен қашқан босқындар кеше Валенсия портына жеткізілді.

Шолуды дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,

«Егемен Қазақстан»