Өнер • 18 Маусым, 2018

Ән мен күйдің бұлағы – Астананың құрағы 

3213 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ән мен күйдің бұлағы – Астананың құрағы 

«Құлақтан кіріп, бойды алар

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар

Әнді сүйсең, менше сүй»,

– деп дана Абай айтпақшы, қазақ қашаннан ән мен күйін баға жетпес қымбат байлығы, асыл қазынасы, ұлттық бренді санаған ғой. Бұл ойды дат ғалымы Волюсон: «Қа­зақ­тардың өмірінде ән аса маңызды орын алады. Мұндайды өзге халықтардан кездестіру екіталай. Олардың қуанышы да, қай­ғысы да өлеңмен құйылады. Қазақ­тар ән шығаруға керемет шебер және өзде­­рінің әншілерін өте құрметтейді» деп тұжы­рымдайды.

Г.Потаниннің: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп айтқандарымен әрмен қарай тағы жалғастыра түссек, ұшы-қиырсыз кең даланың кескін-келбеті мен шынайы бейнесі айдын шалқар көлдей көсіліп, көркем бедерлер көз алдымызда көлбей созылар еді. Ұлан-ғайыр ғажап өлкеміздің бұлағы сыңғырлап, құрағы сыбдырлап, орман-тоғайы сыңсып, жотасы мен ботасына дейін әсем әуезге елітіп, ән мен күйдің шағала лебімен тербелер еді.

Қазақ халқының рухани жәдігерлерінің інжу-маржаны саналатын бай мұрасы тәуелсіздік тұсында әуендік һәм орындау­шылық қасиетін, ұлттық нақышы мен халықтық сипатын қадым замандардан бергі дағдысынан танбай, таным-түйсігі мен тамыр-талшығында талмай дамытып, кең диапазонымен, күрделі ырғақ-иірімдерімен сүйсінте алды. Соның ішінде, туған жердің тұғыры, ел кіндігі – Астана туралы айшықтарымыз сан алуан жанрда жанданып, елорданы әспеттеген осы күнге дейінгі ән-күйлердің ырғақ-екпіні, мән-мәтіні мәнерлі, мәйін өрілуімен, бей­нелі нәзіктігімен, жүректің пернесін шымыр­лата бүлкілдетер шалқар сазымен, үмітті сәулесімен жұртшылықты бау­рап әкетері анық. Әрине бұл арадағы әңгіме әрсіз, мәнсіз, дүбәра дүниелер туралы емес. Дүбірлі топта дүрмекке ілесіп, төбе қылтитқан кейбірінің қазірдің өзінде-ақ ілбіп-салбып, қай қиырдың астында қалып қойғаны белгісіз. Соған қарамастан домбыраның шанағынан күйін, көмейінен әнін сорғалатып, елорданың күннен күнге өсіп, көркейген ғажайып бейнесін музыка тілімен өрген шығармашылық иелерінің әлеуеті әлі де сол шынайы сезімге құрылған рухымен Арқаның апайтөс абат даласындағы ақбөкендей құйқылжып жортып барады.

Бұл ретте белгілі композиторлар Марат Омаровтың өзі орындайтын «Арман қала – Астана», көптеген әншілердің репертуарына енген Төлеген Мұхамеджановтың «Астана кеші», «МузАРТ» тобы шырқайтын Ахмедия Есмұхановтың «Есіл ағады» сияқты халық арасына кең тараған музыкалық туындылары мен халық саз аспаптары оркестрлері орындауындағы күйші Мұхамеджан Тілеу­хановтың «Нұр қосбасар», Тұрар Әліп­байдың «Бәйге», Мұқаметқали Тінәлиннің «Ерке Есіл», семейлік композитор Қадыр Досым­жанның «Есіл толқыны», «Нұр Астана» күйлерін айрықша атап өткен ләзім. Еңселі елордаға еркелей көсілген Есілдің келбетіне көпшілікті сүйсінтетін мұндай көл-көсір асқақ сезім «Дос-Мұқа­сан» ансамблі шырқайтын «Астана мен Алматы», «Бәйтерек» тобының –«Сарыарқа», Алтынай Жорабаеваның – «Елімнің жүрегі – Астана», «Астанаға арнау», Роза Рымбаева­ның – «Ақордам – Астана», Батырхан Шүке­новтің – «Жүрегімде – Астана», Димаш Құдайбергеновтің «Астана вальсі», Роза Әлқожаның – «Ару қалам – Астанам», құрамында Мөлдір Әуелбекова, Саят Медеуов, Жазира мен Жанболат, Еркін Нұржанов пен Қайрат Нұртас бар бір топ эстрада әншілерінің орындауындағы «Арман қалам – Астана», балапандар шырқап жүрген «Аялаған Астана» әндеріне тән десек, байтақ елдің бас қаласын ұлттық нақышта сипаттайтын сөз сөліне саз сарыны сайма-сай шығармалар мұнан кейін де жалғасып, жүрек қылын шерте береді деген сенімдеміз.

Ал еліміз оркестрлері мен халық саз аспаптары ансамбльдерінің, классикалық музыкалық аспаптары сүйемелдеуімен орындалып жүрген ән-күйлердің жөн-жосығы туралы айтатын болсақ, әңгіме тым әріге созылып кетпес үшін осылардың ішінен Құрманғазы оркестрі сүйемелдеуімен Тілеубек Қожанұлы, Толқын Забирова, Алтынай Жорабаева шырқап жүрген нұсқаларды тілге тиек етсек те жарап жатқан тәрізді.

Астана жайлы айшықты әндерге тіпті кейбір әлемдік жұлдыздардың назары ауып, қызығушылық туғызып отырғаны бекер жайт болмаса керек-ті. Мысалы, «Ялла» ансамблінің («О, Астана» әні), «На-на» тобы мен Турецкий хорының (Н.Назарбаевтың сөзіне жазылған Т. Мұхамеджановтың «Менің қалам» әні), ресейлік белгілі әнші Дмитрий Маликовтің т.б. шетелдік тұлғалардың Астана туралы әндерді қазақ сахнасында қалтқысыз шырқаған сәттеріне куә болған жайымыз бар еді. Мақпал Исабекова мен ресейлік әнші Доминик Джокердің – «Мәскеу-Астана», Сосо Павлиашвилидің «Астанадан Мәскеуге дейін» әндері де эстрадалық жанрдағы шығармаларға тың серпін қосты.

Аз уақытта саялы бәйтеректей биіктеген Астананың арша жүзі мен айшықты көркін өнермен бейнелі бедерлеп, әлемге кеңінен насихаттауда мұндай шаралардың қай-қайсысы да үлкен рөл атқара бермегі сөзсіз... Ән мен күйге осыншалық шексіз бөленіп, одан асып жырланған, шырқалған, шығармаға арқау етілген жер бетінде басқа тағы қала бар ма екен, сірә!

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»