Аймақтар • 18 Маусым, 2018

Жамбылда 108 жастағы әже тұрады

478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жанымызда жүрген жақсылар туралы айту әркез парыз. Өткен ғасырдағы ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс қасіретін өз көзімен көріп, оған куә болған жандар бүгінде сирек. Дегенмен де, тарихтың тірі куәгерлері ел ішінде әлі де болса бар.

Жамбылда 108 жастағы әже тұрады

Бүгінде 108 жастағы Жібек әже де сол бір зұлматты жылдарды көзімен көріп, көкірегімен түйсінген жан. Ғасырдан да ұзақ жасаған әжеміздің өмірі ұрпаққа үлгі. Ол кезінде Жамбыл облысының Шу ауданындағы Калинин ұжымшарында еңбек етті. Соғыс жылдары да тылда аянбай еңбек етіп, талай бейнетті бастан кешті. Замана запыранын көріп, бүгінгі шұғылалы күнге жетіп отырған Жібек әже тағдырдың бұйрығымен үш ұл мен қызды дүниеге әкеліп, азамат етіп тәрбиеледі.

Бүгінді таңда сонау қиын-қыстау кезеңдер артта қалып, еліміз егемендік алған сәтке куә болып отырған әжей заманның тыныштығына, қоғамның тұрақтылығына шүкір етеді. «Тыныштық пен тұрақтылықтан асқан байлық жоқ. Біз талай қиын кезеңдерді бастан кешірдік. Енді бүгінде еліміздің басына шуақты күн туды. Осы бейбіт күннің қадірін біліңдер, қарақтарым», дейді Жібек Тұрғынтаева.

 «Қартың – қазынаң» дейді халқымыз. Көп жасап, көпті көрген Жібек әже әрдайым жастарға білім алып, адам болуды, елге пайдасы тиетін азамат болуды өсиет етеді. Бүгінде ол  Тараз қаласындағы Тоқтағұл деген баласының қолында тұрады екен. Толқынай атты немере келіні әжені бағып, алғысын алып отыр. Адамның бұл өмірдегі басты мақсаты, адами тілегі ұрпағының жақсылығын көру ғой. Бұл тұрғыда да Жібек әже бақытты жан. «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген қазақтың тілегі осы да...

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы