Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Адвокаттық қызмет туралы заң жобасы жетілдірілді

587 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі» туралы заң жобасының бірін­ші оқылымы Мәжілісте үсті­міз­дегі жылдың наурыз айында өткен еді. Содан бері заң жобасы пысықталып, Республикалық адвокаттар алқасының (РАА) айтуына қарағанда 80 пайызға жуық өз­гертіліп, жетілдірілген көрінеді. «Енді көптеген нормалар түсінікті жә­не қолданылуын жеңілдететін ре­да­кцияда жазылған» дейді РАА төрағасы Әнуар Түгел.

Адвокаттық қызмет туралы заң жобасы жетілдірілді

«Адвокаттық қауымдастықтың өтініштері бойынша заң жобаларын талқылау барысында халықаралық ұйымдар мен са­рапшылардың пікірлері ескерілді, олар заң жобасын сынға алып, соны­мен бірге адвокаттық қызметтің ха­лық­аралық стандарттарына қайшы келе­тін принципті келіспеушіліктер бойынша алаңдаушылық білдірді. Сонымен бірге жобаның көптеген қарама-қайшы жерлері түзетілді, біздің ұсыныстарымыз тыңдалды жә­не талқыланды.

Барлық халық­аралық сарап­шылар жұмыс тобының отырысына шақырылып, пікірлерін айтты», дейді ол. Нәтижесінде, енгізілген тү­зе­­­тулердің арқасында заңның рет­­­те­луінің негізгі қағидалары мен заң ережелерінің мазмұны, тәр­тіп­­тік комиссиялардың іс-қимыл тәр­тібі халықаралық стандарттар­мен үйлестіріліп, адвокаттық ордер­дің күшін жою сияқты даулы мәсе­лелер шешілген. Сонымен бірге адво­каттық қызмет кепілдіктерінің тіз­бесі кеңейтілген, осы қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұру және айыру мәселелері шешілді және олардың аттестациялау тәртібі жақсарған.

Жалпы, жұмыс тобының 50 отырысы өткізіліп, оған осы қызметке қатысты мамандар, республикалық ад­вокаттар алқасының өкілдері, аумақ­тық алқалардан адвокат­тар қа­тысқан. Адвокаттық қау­ым­дас­тық­тың өтініштерімен халық­аралық ұйым­дар мен сарапшылардың қоры­тындылары келіп түскен. Соның ішінде Халықаралық адвокаттар одағы­ның (Достастықтың) қоры­тын­дысы, Халықаралық заң­герлер ко­мис­сиясының үндеуі, Еуропа ке­ңесі сарапшысының сараптамалық қоры­тындысы, Халықаралық адвокаттар қауымдастығының (IBA) жобаға сарап­тамалық талдауы, Судьялар мен адвокаттардың тәуелсіздігі бойынша БҰҰ Арнайы баяндамашысының үндеуі, ЕҚЫҰ Демократиялық инс­титуттар мен адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) қорытындысы сияқты құжаттар талқылаушыларға ұсынылған.

Құрамына Түркия, Әзербайжан, Албания, Ресей, Молдова, Қырғыз­стан, Моңғолия, Босния, Татарстан жә­не басқа да елдер адвокаттық қауым­дастықтарының өкілдері енген ассоциацияның ұсыныстары да қа­ралған.

Осындай жұмыстар жүргізіл­ген­нен кейін заң жобасы Парламент Мәжілісінің 2018 жылдың 5 маусы­мын­дағы жалпы отырысында екінші рет қаралып, мақұлданған соң Сенат­тың қарауына жіберілді.

Дайындаған Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»