Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Наталья Жұмаділдаева: Мұғалімдерге артық міндет жүктелуде

591 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 2016 жылға дейін оқушылардың білім сапасын сырттан аттестаттау формасы болып келді, ол мектепті бітіру емтихандары мен жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын біріктіретін.

Наталья Жұмаділдаева: Мұғалімдерге артық міндет жүктелуде

2017 жылдан Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ны екі кезеңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл формат бойынша орта білім туралы аттестат алу үшін түлектер мектепте емтихан тапсырып, ал ЖОО-ға түсу үшін ҰБТ тапсыруға тиісті болды. Сөйтіп ЖОО-ға түсуде оқушылардың білім сапасын жаңаша бағалау қолға алынды. Алайда, ЖОО-ға түсу туралы өтініш тапсыру, қажетті құжаттарды жинау, оларды ҰБТ пункттеріне өткізу, сондай-ақ абитуриенттің емтиханға қатысуын қамтамасыз ету мектепке жүктелген.

Осының өзі ешқандай құқықтық нормалармен реттелмейтін тәртіп, өйткені мектеп қолына аттестат тапсырғаннан кейін түлекпен қош айтысып, өздерінің қатарынан шығарады емес пе? Түлектің ендігі ісі ЖОО-мен болса, бұған мектептің қандай қатысы бар?

Міне, биыл да 15 маусымда мектеп бітірушілер аттестация қорытындысымен аттестаттарын қолдарына алады. Осы сәттен бастап олар мектеп оқушысы емес, енді абитуриент ретінде ЖОО-лармен құқықтық қатынасқа түседі. Демек мұғалімдердің мойнынан оларды ЖОО-ларға апару, құжаттарын дайындату сияқты міндеттер алынуы керек еді. Алайда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мұғалімдерге артық міндет жүктемейтінін талай рет айтса да өзінің бұйрықтарымен олардың мойнына тиісті емес функцияларды ілуден жалықпауда.

Осыған байланысты біз Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Білім және ғылым министрлігі тарапынан орын алып отырған осы келеңсіздікті жоюын өтінуге мәжбүр болып отырмыз. Атап айтқанда, біз Е.Сағадиевтің бұйрығымен бекітілген ҰБТ және кешенді тестілеу туралы Ережедегі №1 параграфты («ҰБТ-ға қатысу құжаттарын білім беру ұйымдары арқылы қабылдау тәртібі») алдырып тастауға тікелей өзіңіздің араласуыңызды сұраймыз. Бұл сауалды қолдап 20 шақты депутат қолын қойды. Әріптестеріміздің бәрі де жұмыстары онсыз да көп мұғалімдерге артық міндет жүктеудің дұрыс еместігін қолдап отыр.

Наталья ЖҰМАДІЛДАЕВА,

Мәжіліс депутаты