Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Оралда республикалық өлкетанушылар форумы басталды

563 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Жайықтың қасиетті орындары» атты республикалық өлкетанушылар форумы басталды. Шара бір аптаға созылады. Форум аясында қатысушылар өңірдегі жалпыұлттық киелі жерлер тізіміне енген 7 нысанмен танысып, пленарлық, секциялық жұмыстар, шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Сондай-ақ облыстық музейде суретші-иллюстратор Аңсаған Мұстафаның сурет көрмесі өтеді.

Оралда республикалық өлкетанушылар форумы басталды

Форум жұмысын құттықтау сөзбен ашқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.

Соңғы айдың жаңалықтарын ғана айтар болсақ, ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» жобасы аясында құрамында өлкетанушылар, музей қызметкерлері, баспасөз өкілдерінің қатысуымен өткен халықаралық экспедиция Қаратөбе мен Астрахань арасын жүріп өтті.

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Батыстың жауһарлары» көрмесі ұйымдастырылды. «Рухани қазына» фестивалінің республикалық кезеңінде «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей» аталымын Жымпитыдағы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі иеленді. Мамыр айында Астанада өткен «Рухани қазына-2018» фестивалі аясында «Қазақстанның облыстық өлкетану музейлері одағы» құрылып, оның төрағалығына бірауыздан Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев сайланды. Осының бәрі өңірдегі өлкетанушылық, музей ісі еліміз бойынша көшбасшы орында тұрғандығын көрсетеді.

Форумға арнайы келген Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі Музей және кітапхана басқармасының бас сарапшысы Назгүл Қадрымбетова өңірдегі үздік музей қызметкерлерін министрліктің Алғыс хатымен марапаттады. Еңбегі еленіп, мақтау қағазына ие болғандардың арасында саналы ғұмырын музей ісіне арнаған ардагер Сара Танабаева, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Айнагүл Ойшыбаева бар.

Осы форум аясында Павлодар және Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің көрмесін өткізу жоспарланған. Сондай-ақ форумға мемлекеттік «Есік» тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми-зерттеу бөлімі басшысы Ғалия Файзуллина, музейтанушы, «Kazmuseum.kz» жобасының жетекшісі Нұрсерік Жолбарыс те қатысып жатыр.

Жалпы, Батыс Қазақстан облысында музей тарихы екі ғасырға созылады. Өйткені Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізі 1832 жылы қаланған.

- Әрине, екі ғасырда қоғамда да, адамзат өмірінде де үлкен өзгерістер болды. Біз тәуелсіз, дербес ел атанып, қазақ халқының тарихына жаңаша көзқараспен қарайтын болдық. Бірақ музей жұмысының басты бағыты мен үлкен мәні өзгермейді. Оның басты мақсаты – ата-бабамыздың көзіндей асыл мұраны, баға жетпес қазынаны жинау, сақтау, тарихи құндылықтарды жеткізу, қазіргі өскелең жастарды қоғам және мемлекет қайраткерлерінің тағылымы, өмір жолдары негізінде тәрбиелеу, - дейді музей басшысы Мирболат Ерсаев.

Қазіргі таңда БҚО тарихи-өлкетану музейі қоры жағынан Қазақстандағы ең бай, жәдігерлері мол музейлер қатарында. Музей қорында 140 мыңнан астам жәдігер бар. Онда археологиялық, зергерлік, этнографиялық бұйымдардың мол коллекциясы жинақталған. Сегіз залдан тұратын музей ата-бабамыздың тарихи шежіресі толық қамтылған тақырыптық экспозициясы бар бірден бір маңызды мәдени орталық. Экспозицияның ауқымдылығы мен ондағы тарихи деректердің құндылығы жағынан ол еліміздегі алдыңғы музейлер қатарында. Археология залындағы сонау көне дәуірден басталған тарих бүгінгі Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі жалғасады.

Музей құрамында 11 филиал халыққа қызмет көрсетеді. Олар: облыс орталығы Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейі, Ресейдегі шаруалар қозғалысы көсемі Емельян Пугачев музейі, ақын Александр Пушкин музейі, суретші Сәкен Ғұмаров музей-үйі, Табиғат және экология музейі, «Рухани жаңғыру» музейі мен облыс аудандарында орналасқан Сырым атындағы тарихи-өлкетану музейі, Жаңақала ауданындағы Дина Нұрпейісова атындағы Өнер музейі, Мұхит Мерәліұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі, Қазталов ауданындағы Көктерек тарихи-этнографиялық музейі, Ақпәтер тарихи-өлкетану музейі, Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейлері.

Музей қызметкерлерінің күшімен соңғы жылдары қолөнер шеберлерінің «Көкейімде бар әлем» көрмесі, Ақжайық өңірінен табылған Алтын ханшайымды облыс жұртшылығына таныстыруды мақсат еткен «Ұлы дала құндылықтары» жобасы, «Алаш жолымен» атты Жымпиты-Семей бағытындағы тарихи-танымдық экспедиция, Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Көктерек тарихи-өлкетану музейінде өткен «Алашым арысым» атты шара, Алашорда қозғалысының 100 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» музейінде өткізілген «Алашым – айбыным» атты облыстық музей қызметкерлерінің семинар-кеңесі, ақын, әдебиетші, филология ғылымдарының кандидаты Сағынғали Сейітовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Нұрлы ғұмыр тағылымы» атты көрме, тағыв басқа шаралар көпшіліктің ризашылығына бөленді.

- Президентіміз Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында «Туған жер» бағыты бойынша тапсырма беріп, өлкетану мен өлкетанушылар мәселесін тегіннен тегін көтеріп отырған жоқ. Өйткені ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздік ел тарихына біршама өзгеріс әкелді. Осы мүмкіндіктер арқасында туған өлкеміздегі бізге беймәлім деректермен таныса бастадық. Бүгінде өлкетанушылар туған елдің тарихын, мәдениетін, табиғатын т.б. зерттеп, насихаттауда үлкен жұмыс атқарып жатыр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізімі жасалған кезде де өлкетанушылар бұл іске үлкен үлес қосты. Республикалық дәрежедегі нысандардың жалпы саны жүз болса, соның жетеуі – біздің Батыс Қазақстан облысынан, - дейді Мирболат Ерсаев.

Бұл қандай нысандар? Киелі жерлер тізіміне ең алдымен ортағасырлық Жайық қаласы мен «Бөкей Ордасы» тарихи музей-кешені енген еді. Кейін арнайы іссапармен Ақжайық өңіріне келген «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы мамандары облыс аудандарын аралап, тарихи орындарын көрді. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі және тарихи ескерткіштерді қорғаумен айналысатын облыстық мемлекеттік инспекция ұсынған тізімге сәйкес тарихи ескерткіштермен, өңірдің киелі жерлерімен танысты. «Қазақстанның киелі географиясы» жобасы бойынша құрылған жұмыс тобы құрамындағы тарихшылар мен өлкетанушылар облыс бойынша енгізілетін нысандар туралы ой-пікірді ортаға салған «Қасиетті Ақжайық» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Осы сапар мен дөңгелек үстел қорытындысы нәтижесінде Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне Ақжайық өңірінен тағы 5 нысан қосылды. Сөйтіп Батыс Қазақстан облысы бойынша алты алаш ардақтайтын киелі орынның саны жетіге жетті. Олар - б.д.д. VІ-V ғғ. Тақсай обалар кешені, ХІІІ-ХV ғғ. ортағасырлық Жайық қаласы, «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешені, Жұмағазы хазірет қорымы, ақын, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш жерленген жер, Күнбатыс Алашорда астанасы Жымпиты, күйші Дәулеткерей кесенесі. Айта кету керек, бүгінгі форумға қатысушылар осы нысандардың бәрін аралап көретін болады.

Форум барысында еліміздегі музейлердің проблемасы кеңінен талқыланды. Мәселен, көптеген музей ғимараттары жәдігерлерді сақтау мен көрерменге ұсынуға арналмаған. Саланың басты проблемасының бірі – кадр. Бүгінде музей көбейіп келеді. Ал арнайы маман әзірлеу әлі де жеткіліксіз. Мықты тарихшы мамандардың салаға тартылмау себебі – жалақының басқа салалардан төмендігі. Бұл салада жүргендер – музейді сүйетіндер, қаржысына қызығып жүрген ешкім жоқ. Музей саласындағы проблеманың бірі – музейлердің ортақ кеңістігінің жоқтығы. Әр өңірдің музейлері өз алдына бір арал сияқты. Тәжірибе алмасу, алмасып көрме өткізу аздау. Аймақаралық жобалар, тәжірибе алмасу, семинар, конференциялар керек-ақ. Орал қаласында бүгін ашылып отырған республикалық форумның бір мақсаты – осы олқылықтың орнын толтыру.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан