Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Қалдыбек Сәбденұлының «Қазақтың қасиеті мен киесі» атты еңбегінің тұсауы кесілді

430 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Мәжіліс залында көрнекті ғалым, өнегелі ұстаз, ҚазҰАУ профессоры, академик Қалдыбек Сәбденұлының «Қазақтың қасиеті мен киесі» атты су жаңа кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.

Қалдыбек Сәбденұлының «Қазақтың қасиеті мен киесі» атты еңбегінің тұсауы кесілді

Шараға зерделі ғалым Қалдыбек Сәбденұлының замандас-әріптестері, шәкірттері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен білікті ғалымдар қатысты.  Олар  автордың жаңа кітабында баяндалған  ұлағатты ойлардың, ұлттық құндылықтар мен рухани дүниелердің маңыздылығы, өскелең ұрпаққа берер  тәрбиесі мен тағылымы жайында ой қозғады. Кітаптың әр бөліміне жеке-жеке тоқталып тың туынды жас ұрпақтың бойына рухани тәрбие дәнегін егуге таптырмас құрал екенін айтты.

– Халқымыздың тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерінің қаймағын осы  еңбектің өне бойынан табуға болады. Кітаптың атауы мен ішкі мазмұны бір-біріне сай, туындыны қолға алғанда үлкен қазынаға жолыққандай әсерге бөлендім. Шығарманың тәлімдік, азаматтық биік өресі мен пайым тұжырымдары кімді болсын бей-жай қалдырмайды. Он екі тарауға топтастырылған ой өрнектері ойлы оқырманның көңіл төрінен орын алатыны анық, – дейді тарихшы Хангелді Әбжанов.

Бұл еңбекте автор өз  өмірі мен қызметі, туған жерінің қасиеті мен киесі, еліне сіңірген еңбегі туралы жан-жақты баяндаған. Танымдық сипаты мол кітапта ұлағатты ұстаз білім мен ғылымды ұлықтап, шежіре деректеріне талдау жасау арқылы ұлылылардың өсиетін паш етеді. Ұлттық тәлім-тәрбиенің маңызы жайлы толғанып, оқырманға ой саларлық өнегесімен бөліседі. Кітапта, сондай-ақ, автордың ғылым жолындағы жетістіктері мен азаматтық келбеті туралы қазақ қоғамына белгілі ғалымдардың  жүрекжарды лебіздері мен ой-толғамдары да топтастырылған.

Қалдыбек Сәбденұлы 10 ғылым докторын, 15 ғылым кандидатын дайындаған ғылыми мектептің жетекшісі. 350 ден астам ғылыми еңбектің, 7 монографияның, 18 оқулық пен оқу құралының авторы. Ғалымның ғылыми жұмыстарының негізгі  дені мал шаруашылығының өнімділігін арттыруға, еңбек өнімділігін жоғарылатуға, мал шаруашылығындағы еңбекті жеңілдетуге, механикаландыру мен автоматтандыруға, малды бағып-күту, өсіру технологиясын жаңартуға бағытталған.      

Көргені мен түйгені көп ұстазды мүлде басқа қырынан танытатын айтулы еңбек аты айтып тұрғандай қазақы қасиет пен киенің қадір-қасиетін тереңнен ұғынуға талпындырады. Ұлттық болмыс пен ізгі қасиеттерге баулитын орамды ойлар оқырман қауымды таным көкжиегіне жетелей береді деп сенеміз.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ