Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Алматыда түлектер фестивалі өтті

604 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда  жыл сайынғы дәстүрлі «Жас түлек – 2018» фестивалі өтті.  Түлектер мерекесіне қатысқан қала әкімі Бауыржан Байбек мектеп бітірушілерді білімнің биік белестеріне бастаған қадамдарына сәттілік тілеп, жылы лебізін арнады. 

Алматыда түлектер фестивалі өтті

Алматы қаласы әкімдігінің Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, биылғы жылы оңтүстік астананың орта мектептерін 9030 түлек бітірсе, олардың 518-сі  «Алтын белгіні» иегерлері болып табылады.

«Бұл күн  сендер үшін ерекше есте қалатын сәт және үлкен өмірге деген оң қадам!  Білімге деген құштарлық,  алға деген ұмтылыс жігерлеріңді  жанығанда ғана, ізгі мақсаттарға жетесіңдер. Әрбір азаматтың өмірінің алтын қазығына айналатын мамандықты лайықты таңдауларыңа тілектеспін. Қазақстанның патриоты болыңдар! Елбасы айтқандай, «Сендер жеткен жетістік – ата-аналарыңның, туғандарың мен жақындарыңның, отандастарыңның, Отанымыздың жетістігі», - деп атап өтті өз сөзінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Биылғы жылы қаланың барлық мектептерінде физика, химия, биология кабинеттері лингафонды-мультимедиялық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, интернетке толыққанды қосылған. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы оқу жылында қаланың 80 мектебінде арнайы IT лицейлер мен IT сыныптар ашу жоспарланып отыр.

Алматы қаласының оқушылары он үш жыл қатарынан республикалық олимпиадаларда командалық бірінші орыннан көрініп келеді. Республикалық ғылыми сайыстарда 16 мәрте жеңімпаз атанса, математика, физика, химия мен биологиядан 11-сынып оқушылары арасында өткен Президент олимпиадасында бесінші рет жеңіс тұғырына көтерілді. Жаратылыстану-математикалық бағытта алғаш рет өткізілген республикалық жасөспірімдер олимпиадасында қала командасы бірінші орынды иеленді. 

Алматының қоржынына халықаралық зияткерлік олимпиадалар мен ғылыми жарыстардан биылғы жылдың өзінде ғана 45 алтын, 68 күміс және 93 қола медаль түскен.   

Міне, осындай заманауи мектептерде білім алып, жетістіктер үдесінен көрінген алматылық түлектерге сәт-сапар тілеген қала әкімі олардың болашағына үлкен сенім білдірді.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ