Аймақтар • 18 Маусым, 2018

Маңғыстау облыстық филармониясында дәстүрлі ән-күй кеші өтті

647 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында М. Өскінбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы дәстүрлі ән-күй кешін өткізді. Өнер зерттеушілері қазақтың халық музыкасын аймақтық, орындаушылық ерекшеліктеріне орай Батыс, Жетісу, Сыр бойы, Алтай-Тарбағатай мектебі деп 5-ке бөліп қарастырады. Өткізілген концертте осы белгілі мектептердің барлығы қамтылды.

Маңғыстау облыстық филармониясында дәстүрлі ән-күй кеші өтті

Зерттеушілер Батыс мектебіне жатқызғанмен,Үстірт- Маңғыстау мектебі-өзіндік сыр-сипаты бар, жыршылық, әншілік және күйшілік ортасы қалыптасқан өз алдына жеке мектеп. ҚР мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ерімбетова, Асанәлі Көшеров, «Мен қазақпын» мега жобасының бас жүлдегері Оспан Құлсымақ бастаған Маңғыстау мектебінің өкілдері жыр кешінің шымылдығын ашты. Кеште Аралбайдың «Сөз басы», (орынд.Әзімхан Баймағанбетов), Асан Әменұлы «Шын жақсының белгісі» (орынд. Оспан Құлсымақ), сондай-ақ, батыс өнер мектебінің ән-жырларынан халық әні «Шымыр» (орындаған Күләш Досмұхаммедова), Мұхит Мералыұлы “Үлкен Айдай” (орын. Айнұр Омарова), халық күйі “Арман” (орын. Берік Төлембетов) т.б шығармалар орындалды.

Сыр бойы, Жетісу, Арқа мектебі өкілдері жырлаған жырлар мен орындаған әндер кештің сәнін келтірді.Нартайдың бастау термесі орындаған Марат Сафаров , Ықылас Дүкенұлы «Айрауықтың ащы күйі» орындаған Гүлжамал Ербозова , Кенен Әзірбаев «Тік Шырқау» (ор. Серіжан Масжанов), Исаның «Желдірмесі» (орын. Екпін Толқынхан) секілді қазақ өнерінің қайталанбас туындылары әуенінің байлығымен, кең тыныстылығымен ерекшеленді.

«Рухани  жаңғыру» бағдарламасы аясында ертеден келе жатқан жыршылық, әншілік дәстүрді насихаттау, сирек орындалатын шығармаларды жаңғыртып, халыққа ұсыну, қала тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыру мақсатындағы кешке 300-ден астам көрермен жиылды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

 Маңғыстау облысы