Білім • 19 Маусым, 2018

100 оқулық – әлеуметке арналған оқулық

850 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әлеуметтік-гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аударту мәселесін қозғаған болатын. Міне, осы міндетті жүзеге асыру арқылы болашақ мамандарға таңдаулы шығармалармен ана тілімізде танысуға, білім алуға мүмкіндік берді. 

100 оқулық – әлеуметке арналған оқулық

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды да­мытудың 2016-2019 жылдар­ға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масының басты мақсаты – эко­номиканың орнықты дамуы үшін білім берудің және ғылым­ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту деп қа­растырылғаны да белгілі. 

Елбасының «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағ­дайын­­дағы дамудың жаңа мүм­кін­діктері» атты Қазақстан хал­қына  Жолдауындағы басым­дық берілген міндеттердің бірі де осы адами капиталға қатыс­ты болып отыр.

Адами капитал деген не? Әдет­те, капитал десе біздің ойы­мыз­ға қаржы, байлық, ақша, құн, мұнай, газ, алтын мағынасындағы түсінік келеді. Ал бүгінгі кү­ні адам капиталы дегеніміз – адам­­ның бойындағы білімі, қа­бі­­леті, тәжірибесі, даналығы, іс­кер­­лігі, бүгінгі бәсекелестік за­ман­дағы оның адамдық, кәсіби құн­дылығы. Демек, «Жаңа гума­нитар­­лық білім. Қазақ тілін­д­егі 100 жаңа оқулық» жобасы бо­йынша әлемдегі ғылыми мәні жо­ғары оқулықтардың өзге тілден қазақ тіліне аударылуы бәсекеге қабілетті маман дайындау­да мол септігін тигізетіні сөзсіз. 

Бұл жобаны іске асыру үшін Ұлттық аударма бюросы құ­ры­лып, қазіргі таңда 18 оқу­лық қазақ тіліне аударылды. Со­нымен қатар кітаптардың 42 елде 34 тілде 47 миллион данамен жарық көргені де ескерілді. Құнды оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып және тегін тарату – теңдесі жоқ тәжірибе екендігін ескеруіміз қажет. 

Аударылған оқулықтардың ішінде психология ғылымы бойынша Дэвид Майерс пен Жан Туенждің «Әлеуметтік психология», Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн Шульц пен Сидней Эллен Шульц­тың «Қазіргі психология тарихы» атты оқулықтар пси­хология саласын зерттеп, зерделеп жүрген мамандар мен оқы­тушыларға және психология пәнін арнайы оқитын жоғары оқу орнының студенттері мен аталған ғылымға қызығушылық та­нытатын оқыр­ман қауымға арналған.

Аталған кітаптардың ғылыми маңызына тоқтала кетсек, бірін­шіден, Дэвид Майерс пен Жан Туенждің «Әлеуметтік психология» оқулығы әлемдік дең­гейдегі үздік психологиялық шы­­­ғар­малардың бірі. Екіншіден, «Әлеу­меттік психология» жеке пән ре­тінде ЖОО-да оқытылса да, бірақ осыған дейін қазақ тілін­де әлеуметтік психология бойынша кең ауқымда жан-жақты қамтылған оқулық жоқ­­тың қасы еді. Үшіншіден, әлеуметтік психология екі ғылым саласының әлеу­меттану мен психология ғылым­дарының бірігуі негізінде пайда болған психология ғылымының бір саласы. Демек, әлеуметтік психология қазіргі қоғамның қарқынды дамуына, әртүрлі топтағы жеке тұлғаның рөлі мен орнын тү­сінуге мүмкіндік береді. 

«Әлеуметтік психология» оқу­­лығының мазмұны ерекше және тараулары, бөлімдері ав­тор­лық өзіндік бір мәнерде орын­далған. «Олай дейтін себе­біміз, әлеуметтік ортада бай­қалатын, дамитын, өзгеретін пси­хикалық құбылыстар алдымен мысалдар арқылы сипат­талады. Осыдан кейін ол талданып, негізгі ұғымдарына анық­тама беріледі; ғалым-зерт­теушілердің ұстанымы таныс­тырылады; қоры­тынды жаса­лады; түрлі эксперимент кел­тіріліп, түсіндіріледі; дерек көз­дерге сілтеме жасалады; бей­не­лік сурет-кесте-сызбалар; тап­сырма-сұрақтар; қорытынды да қамтылады». 

Сонымен қатар бізге ұсыныл­ған бұл ғылыми оқулықтың маз­мұ­нындағы психологиялық кей­бір терминдерді синонимдер­мен беріп, түрлі мағынасы болатыны да ескерілді. Мысалы, «се­нім» мен «илану», «көндігу» мен «мойынсұну», «сендіру» өзара ма­ғыналас болғанымен, бұл тұл­ға ерекшеліктерінің заңды­лық­тарына, механизмдеріне байланысты түрліше анықталады. Сондықтан әлеуметтік психология ғылымына жаңа терминдердің енуі деп түсініп, сөздік қордың молаюына септігін тигізеді деп толық айтуға болады.

Қазіргі таңда еліміздегі пси­хо­логия ғылымының бас­та­­уында тұрған профессор Қ.Б.Жарық­баевтың «күні бүгін­ге дейін түрлі деңгейде орта білім беретін мектептердегі шәкірттердің психология негіз­дерінен мағлұматы мардымсыз екені хақ. Өйткені, бұл ғы­лым саласы жеке пән ретінде оқытылмай келді. Осының салдарынан шәкірттеріміз ойлау, сөй­леу мәдениетіне шорқақ, мінез-құлық, ерік-жігер, сезім саласынан сауаттары төмен болғанын жасыруға болмайды» деген пікірін басшылыққа алсақ, тәржімаланған психология оқулықтары жоғары оқу орындарының студент­терімен қатар, қалың оқырман қауымға да қызықты болары сөзсіз. Себебі бұл оқулықтар адамның сыртқы ортаға бағынуы, жағ­дайға мойынсұнуы, өзін-өзі ақтап алуы, көзсіз сенімге еруі, ұнатуы, ашуға бой алдыруы, үгіт-насихат жетегінде кетуі сияқты маңызды факторларды нақты мысалдар арқылы саралайды. Соның нәтижесінде әлеуметтік психологияның ғылыми сала ретінде ұстанымдарының жай-жапсарын атүсті, жалпылама, үстірт ұқпай, осы саладағы ғы­лыми деректерді ұғына бі­луге жағдай туғызады. Сол се­бепті университет пен орта оқу орындары студенттерінің жай ақылшысы, қолдан түспес кітабы болып қана қоймай, ретті жерінде қамқоршы тәлімгердің игі міндетін атқарар оқулық болады деген ойдамын. 

Қарас ҚАЗИЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің докторанты