Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Пойыз апатынан зардап шеккендерге қолдау көрсетіледі

348 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Апат айтып келмейді. Жексенбі, яғни 17 маусым күні Астана қаласынан Алматы қаласына бағыт алған №10 жолаушылар пойызы «Шығанақ-Шу» учаскесінің «Жиделі-Бірлік-1» өткелегінде апатқа ұшыраған болатын.

Пойыз апатынан зардап шеккендерге қолдау көрсетіледі

Жамбыл облысы аумағында болған апат кезінде аталған жолаушылар пойызының  8 вагоны рельстен шығып кеткен. Мәлімет бойынша, төтенше жағдай салдарынан 11 жолаушы жарақаттанып, 1 жасөспірім қаза тапқан еді. Сонымен қатар, аталған оқиға машинист теміржолдың қисайғанын көріп, көлікті шұғыл тежегенінен орын алғаны да жарияланды.

Бұрын жазғанымыздай, оқиға орнына Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, Шу аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, сонымен қатар Төле би ауылы маңындағы күре жолдың медициналық қызметінің шұғыл әрекет жасағы мен арнайы техникалар зардап шегушілерге тиісті көмек көрсетті. Ал апатқа ұшыраған пойыздың барлық жолаушылары «Астана – Қызылорда» бағытындағы пойызға ауыстырылды.

Оқиға Жамбыл облысы аумағында орын алғандықтан, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Сабиров және жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Мұрат Байсеркенов оқиға орнына жеткен болатын. Сонымен қатар, арнайы комиссия құрылып, апаттың салдары мен зардабын жою жолындағы жұмыстар бақылауға алынды.

Мәліметтерге сүйенсек, апатқа ұшыраған пойыздың барлық 20 вагонының ішінде 800-ге тарта адам болған. Ал аударылған 3 вагонда 152 жолаушы бар екен. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің айтуынша, оннан аса жолаушыға дер кезінде медициналық көмек көрсетілген. Сондай-ақ, оқиға орын алған күні зардап шеккен 11 адам қалалық ауруханаға, 3 адам аудандық ауруханаға жеткізілген. Оқиға орнында 12 жасар Алексей Мальневтің қайтыс болғаны белгілі болды.

Жамбыл өңірінде пойыз апатының орын алуы бүкіл елді алаңдатқаны анық. Осы орайда еліміздің инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек аталған оқиға бойынша пікір білдірген болатын. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пойыз апатына қатысты тергеуді өз бақылауына алатындығын мәлімдеді.

Пойыз апатына байланысты Жамбыл жол бөлімшесінің Шу стансасында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев, Инвестиция және даму министрлігі Көліктерді бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев және «Қазақстан темір жолы»  жүк тасымалдау» АҚ Президенті-орындаушы директоры Оралхан Кулаков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Жиын барысында Қанат Алпысбаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тарапынан қаралы отбасына 2 миллион теңгеден астам қаржы берілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, апаттан зардап шеккен азаматтарға жарақаттарының ауырлығына байланысты 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін берілетінін жеткізді. Аталған жиында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанынан жедел штаб құрылып, қазіргі кезде аталған штаб вагондардың жолдан шығып кетуіне қатысты барлық зардаптарды жою шараларын үйлестіріп жатқаны да айтылды.

Төтенше жағдай орын алған жерде қазір әртүрлі 9 техника мен 300-ге жуық теміржолшы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізінен пойыз қозғалысы екінші жол арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, басқосу барысында айтылғандай, аталған оқиғаға қатысты еліміздің Бас көлік прокуратурасының қадағалауымен тиісті құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған. Бұл ретте Қанат Алпысбаев арнайы құрылған комиссия оқиғаның нақты себеп-салдарын бір айдың ішінде анықтайтынын айтты.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы