Аймақтар • 19 Маусым, 2018

СҚО-ның Бостандық ауылында қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш-тақта орнатылды

525 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Память» қоғамдық қорының төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Болат Сағындықовтың бастамасымен Бостандық ауылында қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш-тақта орнатылды.

СҚО-ның Бостандық ауылында қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш-тақта орнатылды

Аталмыш шараға боздақтардың туған-туысқандары, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Болат Мағазұлы ескерткіш-тақтаға Мұхамедия Әшетов, Сапар Ләймішов, Ғабдусаләм Беккенин, Хамзат Израпилов, Қалимолда Қарабатыров, Хамит Мүрсілімов, Әбікей Махамбетов, Сұлтан Тілегенов, Нұғыман Ораңкин, Мағаз Сағындықов, Емиаман Рахметов сынды осы ауылда туған және еңбек еткен 11 азаматтың есімдері жазылғанын жеткізді.

«Бұл ескерткіш-тақта  қуғын-сүргін құрбандарына емес, олардың  есімдерін кейінгі өскелең ұрпақтың біліп өсуі, қадір тұтуы үшін қажет. Олардың еңбек жолы мен не үшін опат болғанын таныту – біз үшін парыз. Тек біздің аудан бойынша ғана 250-ден астам адам зұлмат заманның құрбаны болды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды»», деді өз сөзінде Мамлют ауданының әкімі Жастілек Сыздықов.

Педагогикалық қызметтің ардагері, осы ауылдың тумасы Қажымұрат Нәсиев Бостандықпен бірге көрші Бексейіт және жойылып кеткен Үшкөл ауылдарынан  құрбан болған азаматтарды қамтитын «Қуғын-сүргіннің азалы тарихы» атты кітапшаны жергілікті мектеп пен ауылдық кітапханаға, боздақтардың ұрпақтарына тарту етті.

Ауылдастары Болат ағамыздың туған жерінде де тамаша бір игілікті шараға бастамашы болып, үлгі-өнеге боларлық істі жүзеге асырғанына ризашылықтарын білдірді.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»