Қазақстан • 19 Маусым, 2018

«Жетісу көктемі» атты республикалық форум: жас қаламгерлер не дейді?

416 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Таяуда Талдықорған  төрінде Қазақстан Жазушылар Одағы мен Алматы облысы әкімдігінің мұрындық болуымен жас қаламгерлердің «Жетісу көктемі» атты республикалық  форумы өткен болатын. Жас әдебиетшілер бас қосқан алқалы жиында қазіргі жастар прозасы төңірегінде бір сыпыра ойлар ортаға тасталған еді. Әдебиет ауылына ат байлап, сын мен проза бағытында еңбектеніп жүрген бірқатар жас қаламгерлердің сонда айтқан ой-пікірлерін қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

«Жетісу көктемі» атты республикалық форум: жас қаламгерлер не дейді?

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР: «ӘДЕБИЕТТІҢ ТАРИХЫН ЖАЗУҒА ТАЛПЫНАЙЫҚ»

Неге екенін кім білсін, әдебиеттің айналасында жүрген көп жастарда өзін білімді етіп көрсету тенденциясы  байқалады. Жиындар мен басқосуларда өзі оқыған кітабын алға тартып, мәселен Орхан Памук немесе жапонның Акутагавасы сынды тағы басқа  қаламгерлермен қарулану арқылы белгілі бір дәрежеде қоғамда өзін өткізгісі келеді. Бұл күлкілі дүние. Сенің оқығаның, жинаған білімің творчестваңда байқалып тұруы керек. Ал жазған сызғаныңда байқалмаса, құры ауызбен айтқаннан ештеңе өнбейді. Әдемі сөйлеу, әдемі мысалдар келтіру білімділіктің көрсеткіші емес.

Екінші мәселе жазушының жанрға таңылуы тұрғысында. Жазып жатқан шығармаңның болмысы ол зерттеушілердің әңгімесі.  Оған жазушы жанрды білмеді болмаса басқа деген сияқты жазушыға айыптаулар тағу дұрыс емес деп есептеймін. Сен бір шығарманы жазуға отырған кезде мынау мынадай жанрда болады деп ешқашан ойламайсың. Ол жазып біткеннен кейінгі ғалымдардың айналысатын дүниесі.

Үшінші мәселе, бізде әдебиеттің теориясы айтылады. Сосын талдау барысында осыған жабысамыз да қаламыз. Қаламдастарға әдебиеттің тарихын жазсақ деген ой айтқым келеді. Мысалға алсақ, Маралтайтың «Әдилә» деген өлеңі қандай жағдайда туды. Ақын бейіттерді аралап жүріп құлпытастағы қыздың суретін көрді. Сол сәт өлеңге айналды. Бұл әдемі тарих. Қаламгерлер осы сынды әдебиеттің тарихын жасауға талпынудан  көрі сын айтып қалуға бейіл тұрады. Айталық орыстар Есениннің кіммен ішкенін, кімге не дегенін, Толстойдың бүкіл дүние мүлкін және әр шығармасының қандай жағдайда жазылғанын, Достоевскидың айдауда жүргендегі жағдайларын түгел айтып береді. Бізде бұл тұрғыдағы еңбектер бар. Дегенмен, тым аз. Сондықтан әдебиеттің тарихын жазып осы бағытта нақты іске кірісетін кез келді.

Айнұр ТӨЛЕУ: «Сынды қабылдай алатын әдебиет қана дами алады»

Біздегі детектив жанры мен фантастика жанрының кең құлаш жая алмағандығына  қатысты маған көп сұрақ қойылады. Кез келген дүниенің жақсы дамуына ықпал ететін фактор керек.  Мәселен, фантастика еркін ойлай алатын, қолданбалы ғылымның жемісін күнделікті өмірде көріп жүрген елдерде  жақсы дамиды. Жапон фантастикасын мысалға келтірейік. Жазушылары күн сайын ғылыми жаңалық ойлап тауып жатқан ғалымдардың ортасында жүр. Ол ортада жүріп, әрине сіз ғылым  мен шексіз қиялдың мүмкіндігі туралы бір сәтке болса да ойланып көресіз, пікір алмасасыз. Дәл сол сияқты біздің криминалистика саламыз қазақша сөйлей бастаған кезде детектив жанры  дами бастайды. Мен көрмей, білмей, түсінбей, түйсінбей детектив жасап шыға алмаймын. Бүгінгі криминалистиканың заманға сай әдістері бар. Соған сай сюжет құруға тиістімін. Демек, ол жанрда сол салада жүрген адам  жақсы жаза алуы мүмкін. Сосын миф пен фэнтезиді жазып жүргендерге культтер туралы тереңірек біліп алған дұрыс. Апамның аузынан естіген жылан туралы аңыздардан сюжет жасап, оқиға құрастыру прозаны дамытпайды. Ол миф  емес, хикаят болып кетеді. Жылан туралы жазатын адам бізге дейінгі жылан культін жақсы меңгеруі керек. Жыландар әлемінің кеңістігі біздің фольклордан бағзыдан бар. «Ер Төстік» ертегісіндегі Жылан Бапының образымен-ақ талай дүниенің шетін қайыруға  болады. Көшпелі халықтардың ауыз әдебиетінде жыланға қатысты танымның қалыптасуы басқаларға мүлдем ұқсамайды. Бір форумның аясына бір культті сыйғыза алмаспыз, дегенмен қалам ұстаған жастарға мұқият болу керек. Себебі әдебиеттанушылар шығарманы талдағанда мен айтып өткен  мәселелерге міндетті түрде тоқталады.

Алмаз МЫРЗАХМЕТ: «КӨБЕЛЕКТІҢ ҚАНАТ ҚАҚҚАНЫ...»

Уақыт – өз тақырыбын, ағымын, жанрын ұсынады: феодализмді буржуазия құлатып, классицизмнің орнын сентиментализм басқандай.  Мен жас қаламгерлерге оқылым, таралым, сатылым рейтингісін бірнеше дүркін жаңартып, мызғымас детектив пен «қызғылт романдар» жанрын орнынан қозғаған «фэнтези» жанры жайлы ұсыныс айтқым келеді. Фэнтези жанрының басқа ағымдар мен әдістерді бойына сіңіріп алатын ерекше (хаостық) қасиеті бар. Бұл жанрдың төртінші-бесінші қабаттарында – «көп ішіндегі (мегаполистегі) жалғыздық» жатқанмен, іргетасын ертегілер мен миф кейіпкерлері қалаған. Өзі жас, өзі ашқарақ фэнтези жанры фильмдерге, компьтерлік ойындарға, сөз өнері мен суреттерге бояуын қалың жақты. Қоры ортайып қалды. Бүгінде шикізат іздеп, басқа ағымдарға көз тіге бастаған. Олар фольклорында шексіз қазына сақталған қазақ әдебиетіне мұқтаж. Біз фэнтези жанрында жазғысы келген жастарға қолдау көрсету керекпіз! Қолдау көрсеткеніміз сол болсын, «бұл асық емес «Wargraft» ойнап өскен» деп жазғырмасақ екен... Бұл әлем оқырмандарының назарын қазақ әдебиетіне аударта алатын үлкен мүмкіндік. Лайықты жазушы шықса өз ертегілеріміздің кейіпкерлері жүретін «Сақ-graft», «Ғұн-graft» ойындары арқылы да есемізді қайтарып алуға болады ғой?! Фэнтези жанрында қаржысы қомақты, тынысы кең байқаулар ұйымдастыру керек. Өз қазынамызды бір қопарып алар ек... Көбелектің қанат қаққаны әлемнің екінші шетінде дауыл тұрғызуы мүмкін екені ақиқат емес пе?!

Елдос ТОҚТАРБАЙ: «ПРОЗАҒА ТЫҢ СЕРПІН ҚАЖЕТ»

Бүгінгі қазақ прозасын, оның тыныс-тіршілігін  60 – 80 жылғы, тіпті, 90 жылдың басында жазылған шығармалармен салыстыруға мүлде келмейді. Қанша мақтап, өткен уақыттағы мерейін айтып жасырсаңда, қазіргі қазақ прозасының жай-күйі көңіл қуантарлық деңгейде емес. Қазіргі қазақ прозасының өкілдері деп кімдерді айтамыз? Әуелі, осыны ажыратып алайық. Бұл топқа Б.Сарыбай, Д.Бейсенбекұлы, Қ.Тілеухан, А.Мантай, Н.Қабдай, М.Алмасбекұлы, Е.Әбікенұлы, Е.Айдабосын, Қ.Әбілқайыр, А.Мырзахмет, А.Нүсіп, Қ.Қиықбай, А.Әлменбет секілді жас прозашыларды қосуымыз керек. Бұлар – жаңа ғасырдың жазушылары. Қазіргі қазақ прозасының жүгін осы жазушылар көтеруі керек. Осы тізімдегілердің арасынан Д.Бейсенбекұлы мен А.Әлменбет роман жазып, экспериментке барды. Творчестволық өсу үшін, өзіндік қолтаңба қалыптастыру үшін ізденіс керек ақ. Екі азаматтың бұл қадамын жақсы десек те, көркемдігі мен мазмұны, идеясы аталмыш жанр табиғатының үдесінен шыға алмады. Былтыр ғана жаңа заманның өкілі Ырысбек Дәбей ұлы әңгімеге (роман – А. Байтұрсынұлының термині) батыл қадам басты. Әзірше жаңа заман романының еншісінде 3 көлемді дүние ғана. Әділ бағасын уақыт өзі екшелеп берер.

Шындығын айтқанда, жаңа заман өкілдері 90 жылғы қазақ прозасының өкілдері болып табылатын Н.Ораз, Ж.Қорғасбек, А.Алтай, Т.Кеңесбаев, Р.Мұқанова, А.Кемелбаева, Д. Амантай көтерген көркемдік деңгейге жетпей отыр. Кейінгі жылдары  С.Әбікенұлы, С.Сыбанбай, Д.Қуат тәрізді аға буын журналистер көркем әдебиеттің ауылына ат байлап, үдете, індете жазып келеді. Осы үш жазушының соңғы жылдары жиі жарияланып жүрген шығармалары тақырыбы, идеясы жағынан да, көркемдік тұрғыдан да өзгешелеу. Ал, Қ.Тілеухан, Н. Қабдай, М.Алмасбекұлы, Е.Әбікенұлының әңгімелерінде жылт еткен сәуле барын айтпай кету күнә болар.

Қалайық, қаламайық қазақ қоғамына да ақпараттық кезең қонаққа келді. Қалыңдығы кірпіштей кітаптардың тағдыры тек филолог, қоғамдық мамандардың үлесінде ғана. Ал, әлеуметтік орта жеңіл-желпі жазылған дүниелерді оқуға бейімделген. Статистикалық зерттеулерге сүйенсек, баяғыдағыдай жұрт тарихи дүниелерді емес, фэнтези, детектив, бестселлер, эссе, нюкторн формасындағы шығармаларды ғана оқиды. Оқырманның таңдауы да, сұранысы да – осы. Оқушының қалауын орындауға бейімделу – жазушының негізгі міндетіне айналуы керек.

Қазіргі жазушылардың алдына бір-біріңді қайталамай, көпшілікке ұсынар әрбір жаңа шығармаңда тың, соны пікір, жаңа теңеу айтып, жаңа көркем өнер, жаңа образ көрсететін бол деп талап қоямыз.

Дайындаған  

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»