Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Абдолла Гүл: Астана – ғаламат жетістіктің жемісі

1052 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Айбыны асқақ Астананы – қазақ елінің елордасы атануы­ның 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттық­таймын. Осыдан он жыл бұрын Түркия Республикасының прези­денті ретінде қымбатты бауырым Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге халықаралық деңгейдегі салтанатты жиынға қатысып, тілектестігімді білдірген едім.

Абдолла Гүл: Астана – ғаламат жетістіктің жемісі

Суретті түсірген Ерлан Омар

Астананың жаңа мегаполис ретінде қалыптасуы – жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған стра­тегиялық саясаты мен кемел көрегендігінің нәтижесі деп нық сеніммен айтуға болады. Осыдан бір ғасыр бұрын Анкара да Түркия Республикасының жаңа астанасы болып бекітілген еді. Сол кезде бас қаламыз бар болғаны 40 мың халық өмір сүретін кент орталығы болса, Астана да әу баста кең-байтақ жерде орналасқанымен, шағын ғана шаһар еді. Бүгінгі күні екі бауырлас елдің астаналары қоныс тепкен тұрғындарымен, сәу­летті кешендерімен, көрік­ті көшелерімен және саяси бе­делі­мен әлем алдында маңыз­ды орынға шығып отыр. 

Аса қадірменді Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы 20 жылда дәл бүгінгі деңгейге жет­кізуі ғажап жетістік, толағай табыс деп есептеймін. Соңғы он бес жыл ішінде бауырлас Түрік елінің президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаевпен жақын таныс болғандықтан, Қазақстан Президентінің тарихи мекеннің дамуына тікелей көңіл бөлге­нін, құрылыс жұмысын мұқият қадағалағанын жақсы білемін. Асқақ арманы мен асыл мұраты осы жетістіктің түпкі құпиясы екенін де кәміл бағамдаймын. 

Қазіргі таңда Астана ин­фра­­құрылымы дамыған, әлем­дік деңгейдегі танымал сим­воликалық ғимараттары, мәде­ниет және өнер сарайлары бой көтеріп, ЭКСПО сынды ғаламат сауда және қаржы орталығы, жоғары оқу орындары, спорт ке­шендері және мешіттері са­лын­ған, миллионнан астам тұрғыны бар жасампаз қала болып қалыптасты. 

Ерекше құрметті Нұрсұлтан Назарбаевтың елі үшін атқарған қызметінде есеп жоқ. Кеңес одағының ыдырауынан кейін тәуелсіздікке қол жеткізіп, ха­лық­тың саны аз болуына қара­мастан, ұлан-ғайыр жерді сақтай білді. Бұл – шын мәнісінде айқын қадам, нақты нəтиже еді. Сондай-ақ Ресей және Қытай сынды ғаламның алып державаларымен көршілес отырып, шекараға қатысты мәселелердің туындауына жол бермеуі – ұлт лидерінің болашақ ұрпаққа қалдырған ең үлкен байлықтардың бірі болатыны сөзсіз. Бұған қоса Ресейдің Қазақстандағы ғарыш және ядролық стансалары бойынша нақты келісімдерге қол жеткізіп, жаппай қырып-жою қаруына қатысты мәселені шешуі де – ел болашағы үшін жасалған табанды шешім. 

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген 27 жыл ішінде ұлттық бірегейлігін сақтап, біртұтастығын нығайтуға үнемі күш салды. Мемлекетті ұлттық болмыс пен мәдени және тарихи сана арқылы қайта түле­тіп, дамудың даңғыл жолына түсірді. Маңызды мекемелердің іргесін қалап, білім саласын жіті бақылады. Батыс пен Шығыстың арасын бөліп-жармай, әлемнің ең озық университеттеріне мыңдаған талапкерді білім алуға, тәжірибе жинақтауға жіберді. Көзі ашық, көкірегі ояу, парасатты адами капиталдың санын арттырып, сапасын жақсартты. Жаңа ұрпақтың рухани кем-кетігін мұсылманшылық тұтқасын дұрыс ұстауы арқылы толықтыратынына сенім артып, дін бостандығына мән берді. 

Кемеңгер басшы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы кездері елінің жарқын болашағы үшін бірқатар реформаларды да қолға алды. Парламент пен Үкіметтің өкілет­тігін күшейтуге қатысты жасал­ған конституциялық өзгертулер – заман талабынан туын­да­ған қажеттілік. Латын әліпбиі­не көшіп, түгел түркі әлемінің бір тілде жазып, бір тілде сөйлеуін қамта­масыз етуі де – оның түркі әлеміне деген құрметінің айқын көрінісі.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімінің дем берушісі Нұрсұлтан Назарбаев болғандықтан, мен оны «Түркі әлемінің Ақсақалы» деп жариялаған едім. Қазақстан Президенті бұл құрметке әбден лайық тұлға!

Жаңарған, жаңғырған Астананың 20 жылдық мерейтойы құтты болсын! 

Қадірлі қазақ бауырларым мен ардақты Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сәттілік тілеймін! 

Абдолла ГҮЛ, 

Түркия Республикасының экс-президенті