Таным • 20 Маусым, 2018

Ұзақ жасаудың сыры неде?

1816 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осы мақаланы жазуыма академик Төрегелді Шарманұлының басылымдардың біріне берген «Қартаймай ұзақ жасауға бола ма?» атты сұхбаты түрткі болды.

Ұзақ жасаудың сыры неде?

Бүгінде адамзат денсаулығына әлемдік деңгейде алаңдаушылық туып отыр. Денсаулық сақтау ұйымының деректерi, адам денсаулығының 50 пайызы, яғни көптеген жұқпалы емес созылмалы аурулардың (жүрек-қан тамыр жүйелерiнiң аурулары, қант диабетi және басқалар) белең алуы күнделікті өмiр сүру салтымен тығыз байланысты екендігін растайды.

Осы тұста АҚШ-тың Орталық бар­лау басқармасының 2014 жылы 223 ел бойынша жүргізген рейтин­гіндегі мына мәліметтерге назар салып көрейік. Көш басында тұрған Монакода орташа жас ұзақтығы  89,57 жыл. Одан кейінгі орындарда – Макао (84,48 жас), Жапония (84,46 жас) тұр. Сингапур, Сан-Марино, Гонконг, Андорра, Швейцария, Герн­си мен Аустралия да алғашқы ондықта. Ал 150-орыннан көрінген Қазақстандағы халықтың орташа өмір сүру жасы 70,24 жас. Бұл тізімде Қазақстан Ресей, Қырғызстан, Украи­на, Моңғолия, Тәжікстан елдерінен озық тұр. Ал Әзербайжан (71,9 жас), Беларусь (72,2 жас), Өзбекстан (73, 3 жас), Армения (74,1 жас) мен Грузия (75,7 жас) ілгері орындарды иеленіпті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлі­меті бойынша, Жапонияда соғыс­тан кейінгі жылдарда әйелдердің орташа жасы – 87, ал ерлердің орташа жасы 82 жасты құраған. Жүз жастан асқан адамдардың саны 5 мыңнан асады. 

Қазiргi таңда Қазақстанда егде жас­тағы адамдар халық санының 7,7%-дан астамын құрайды. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының бол­жамы бойынша, таяу жылдары бұл көрсеткіш 11%-ға артуы мүм­кін. Бұл үшін медициналық көмек көр­сетудi жақсарту мақсатында геран­тологиялық жүйе құру қажеттілігі туындайды.

Осы орайда мына бір мәліметтер назар аударуды қажет етеді. Әлемдегі ең ұзақ өмір сүрген адам Ли Цинъюнъ 1677 жылы дүниеге келіп, 256 жас жаса­ған. Тоғыз патшалықты басынан өткер­ген ол 1777 жылы 100 жасында «Қытай медицинасындағы ерен еңбегі үшін» орденіне ие болған. Жиырма әйелмен отасқан қарт ішім­дік, темекімен әуестенбеген. Шай ішпеген, мезгілінде әрі жеңіл тамақ­танған. Үнемі етсіз тамақтар және жеміс-жидекпен, шөп шаймен қоректенген. Көңілді жүруге тырыс­қан. Ерте ұйық­тап, ерте тұрған. Көзін жұмып, екі қолын тізесіне қойып алып, бірнеше сағат қозғалмай, отырып ұйықтаған. 1933 жылы кәрі­лік­тен қайтыс болды. Ал 209 жасқа келген Ұлыбритания тұрғыны 12 пат­шалықты басынан өткізгендігі мәлім.

Мұндай деректер елімізде де кездеседі. Ұзақ жасаған Фатима Қай­ранова – Оңтүстік Қазақстан облы­сы, Төлеби ауданының тумасы. Жасы 121-де. Түрік ұлтының өкілі, үш ғасыр­дың куәгері Фатима Қайра­нова­ның па­йымынша, татулық, бірлік бар жерде жүйке тыныш, көңіл тоқ. Ағайынымен, көршілерімен тату. 15 немере, 33 шөбере, 30 шөпшек, 3 немене сүйген қарт әженің немере келіні «Осы уақытқа дейін үлкен енем ден­саулығына байланысты шағым айтқан емес. Әжемнің ұзақ уақыт жасауының сыры сабырлылығы мен еңбекқорлығында», дейді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазы­ғұрт ауданының тұрғыны 120 жастағы Ұлбала Бейсенова шайдың орнына қара су ішкенді жөн көреді екен. Ал қазақтың қымызы мен шұбаты – күнделікті тағамы.

Мысалдардан көріп отыр­­ғ­анымыз­дай, адам ден­сау­лығының кепілі – дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу, көтеріңкі көңіл күй. 

Ал тамақтану барысында мына жайттарды естен шығар­маған жөн. Қайнаған суды ұзақ уақыт, яғни екі-үш күнге сақтауға болмайды. Мұндай жағдайда су құрамында нитрозил қышқылы пайда болады. Оның бас айналу, көз қарауыту, жүрек айну сияқты кері әсері болады. 

Жапондықтардың зерттеуі бойынша күніне төрт кесе көк шай ішу қа­терлі ісіктің алдын алуға ықпал етеді. Кешкі тамақтан соң төменгі сортты шаймен ауызды шайқап тұру қажет, ол тісті бекемдеп, бактерияларды жояды. Шай полифенолы қанның май құрамын жойып, артериалды қан қысымын тұрақтандырып, қант диабетінің алдын алады. Қартаюды тежейді. Сондай-ақ тотықтануға (антиок­сидант) қарсы тұрып, инфарктің алдын алуға ықпал етеді. Сұйық тағамға көк шаймен қатар қызыл шарап (жүзім шарабы), бұршақ шырыны, айран, сүйек сорпасы, саңырауқұлақ сорпасы да жатады. 

Сонымен қатар дәнді-дақылдар, бұршақ тектес өсімдіктер мен көкө­ністердің де денсаулыққа пайдасы зор. Мысалға жүгеріні алайық. Оның құрамында көп мөлшерде фос­­фа­­тидилхолин бар, тамырдың қа­таюынан, қан қысымының жо­ға­рылауынан сақтайды. Ал қара­құмық линолен қышқылынан тұра­тындықтан, қан қысымы мен қан құрамын реттеп, қантты төмендетеді, құрамындағы 18% целлюлоза асқа­зан-ішек жолдарының қатерлі ісігінен сақтайды. Сондай-ақ түйнек жеміс­тілерді тағамға пайдалану (ақ алқа, картоп сияқтылар) су құрамын сіңіріп, іш қатудан сақтайды. Ал сұлы, тары, күнжіт тағамды жақсы сіңіреді. Сұлы холес­теринді, триглицеридті төмен­детіп, қант диабетінің алдын алады. Тары ұйқысыздықты болдырмайды. Күн­жіттің құрамында темір мол болады. 

Бұршақ тектестер ішінде соя бұр­шағының құрамындағы изофлавон миды қуаттандырады, холестеринді түсіреді, қан тамырының қатаюын тежейді, қан қысымын түсіреді, қатерлі ісіктің алдын алуға, ауырсынуға әсер етіп, сүйекті қатайтып, иммунитетті күшейтеді. Ал дәмдеуіштерді шамадан тыс қолдану (натрий глутаматын) қатерлі ісікке апарады. Оның кері әсері қуырған кезде пайда болады. Он грамнан артық қолданса, жыныс жасушаларына теріс әсер етеді. Жүктілік кезінде шамадан тыс пайдалану іш­тегі баланың дұрыс жетілмеуіне (кем­тар, қоянжырық, жүрек ақауы, миының толық жетілмеуіне) апарып соғады. Тез дайындалатын кеспенің құрамында шіруге қарсы дәрі және күнбағыс дәні бар, ал күнбағыс дәнін­де қанықпаған май қышқылы болады, ол бауырдың қызметіне теріс әсер етіп, семіруге соқтырады.

Қырық жастан асқан адамдарға саумалдықты (шпинат) тұтынуға болмайды. Себебі құрамындағы алгинин қышқылды мырышқа айналып қуатты, кальциймен қосылған кезде ағзадағы кальцийді төмендетеді. Майшүйке құрамында хлор болғандықтан, бүй­ректі, ми жасушаларын зақымдап, есте сақтау қабілетіне теріс әсер етеді.

Көкөністерден сәбізді жиі пайда­ланған жөн. Құрамында A витамині бар көкөніс тұмаудың, қатерлі ісіктің алдын алады, ауырмайды, сонымен қатар теріні, шашты және кілегей қабатты ажарландырады. Асқабақ (ақ қабықтысы) β клеткаларын тітір­кендіріп, инсулин түзеді. Үнемі асқа­бақ жеген адам қант диабетімен ауыр­майды. Ащы қияр құрамында инсулин болғандықтан, оны тұрақты жесе, қант диабетінен сақтандырады. Қыза­нақ жатыр мойны, аналық безі, қуық және қуық түбі безі, ұйқы безі қа­терлі ісігінің алдын алады. Есте ұс­­тай­тын жайт, қызанақты жылытып жеу ке­рек. Сарымсақты жапырақтап ту­рап, 15 минуттан кейін жеген дұ­рыс.

Ғалымдардың пікірінше, ең жақ­сы әдіс – тамақ алдында сорпа ішу. Өйткені тамақ алдында сорпа ішсеңіз, тәбет үш есеге азаяды. Мөлшерден тыс та­мақтану да адам өміріне зиян. Ал қант пен тұзды орнымен пайда­ланған жөн.

Оттегімен қимылдаудың ағзаға пайдалы екенін баршамызға аян. Алайда көпшілік оттегімен тыныс­тау оттекті ортада қимылдау деп есеп­­тейді. Ағза оттегімен біркелкі қорек­тенгенде денедегі тін, мүшелер жұмысы жақсарады. Одан адам денесінің төзімділігі, күші артып, жүрек, өкпе қуатын күшейтеді. Отте­гімен қимылдау әрекетіне (15-60 минут) баяу жүру, суда жүзу, велосипед тебу, жаяу жүру, бір орнында қозғалмай жүгіру жатады. Ұзақ уақыт оттегімен қимылдау денедегі қызыл қан түйіршігінің (эритроцит) санын көбейтеді, қартаюдың алдын алып, мидың жұмыс істеу қуатын арттырады. Салмақ тастаушылар тамақтану мен оттегімен қимылдауды дұрыс ұштас­тыра білсе, арықтау нәтижелі болады. 

Оттегі жетіспеушілігі байқалғанда ағзада сүт қышқылы артып кетеді. Адамдағы дене сұйықтығының көр­сеткіші Ph-7,4-ке тең. Ағзаның уланатын себебі, көп мөлшердегі этил спирті, сірке қышқылы және сүт қыш­қылы дене сұйықтығын қыш­­қылдандырып жібереді. Мұның асқын­ған түрі тіпті өлімге соқты­рады. Оттегісіз қимылдау жүректі зақымдаумен қатар, денедегі зат ал­масуға да кедергі жасайды. Сондық­тан ағзадағы оттегіні сақтау үшін дене қимылын жасау қажет.

Соңғы жылдарда дені сау адам­дардың кенеттен қайтыс болуы жиі орын алуда. Бұл күнделікті қарапайым қағидаларды дұрыс орындамаудың салдарымен байланысты. Саламатты өмір салтын ұстанумен қатар,  ұйқыдан оянған сәтте төсектен дереу тұрып кетпей, бір минуттай әрі-бері аунап жату керек. Төсектен тұрғаннан кейін, кереуетте екі аяғын төмен қарай салбыратып, жарты минут отыру қажет. Оянғаннан кейін жылдам қозғалысқа көшу үшін үш минуттай дайындық жасаған абзал. Ал одан кейін жарты сағат шынығу қажет. Жүгіру, түсте жарты сағат ұйықтау, кешкі сағат 6 мен 7 аралығында баяу жүріспен жарты сағат серуендеу жүректің өліет­тенуі мен қан қысымының жоға­рылауын барынша азайтады.

Біз осындай қарапайым нәрселерге көңіл бөлмеудің салдарынан ауруға шал­дығатынымызды ескере бермей­міз. Денсаулықты сақтап, ұзақ жасау үшін ғылым мен техникаға, дәрі-дәрмекке иек арта беруге болмайды. Ең жақсы емші – адамның өзі. Ең жақсы дәрі – уақыт. Ең жақсы көңіл-күй – тыныштық. Ең жақсы әрекет – жаяу жүру. Ал қоғаммен психо­логиялық үйлесім табу әр адамның өзінің еншісінде. 

 Мақсат ӘБДІҚАДЫРҰЛЫ,

Шығыс-Тибет медицинасының жоғары санатты дәрігері

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше