Аймақтар • 20 Маусым, 2018

Қостанайда Астана күндері өтіп жатыр

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысындағы Астананың мәдени күндері салтанатты  түрде ашылды.

Қостанайда Астана күндері өтіп жатыр

Онда өңір басшысы Архимед Мұхамбетов пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев   екі қаланың болашақта тығыз әріптестігі жалғаса бертінін айтты.

«Біз Астанамызбен мақтанамыз. Астананың тойы – елдің тойы. Біз осынау мерекеге арнап 100-ден астам іс-шара тізімін бекіттік. Қазіргі уақытта бас қала мен Қостанай көптеген ортақ жобаларды жүзеге асырып келеді.  Ал, бүгінгі айтулы шара екі өңірдің ынтымағын нығайта түседі. Солардың бірі – «Smart Astana» жобасы» деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

  Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев та Қостанай облысының жетістіктерін өзге өңірлерге үлгі етті.

«Қазіргі таңда Астана тың бастамалар мен әлемдік іс-шаралар өтетін өркениеттің ордасы болып отыр. Біз Астананың 20 жылдығына орай осымен еліміздің алтыншы облысына атбасын тіреп отырмыз. Қостанай облысы мен Астана қаласының әріптестік байланысы бұдан әрі беки түсетініне сенімдімін» деді Астана басшысының орынбасары. 

Мұнан соң өңіраралық әріптестікті дамытуды көздеген екіжақты меморандумға қол қою рәсімі өтті. Меморандумдарға кәсіпкерлік, ауылшаруашылық басқармалары мен «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ және «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ, «Astana Innovations» компаниясы мен Қостанай қалалық әкімдігі қатысты.

Бұдан кейін Елорданың 20 жылдығына орай облыста Астана күндері жалғасын тапты. Осы мәдени шараның аясында Қостанай тұрғындары елордалық өнерпаздардың «Астанадан ақ тілек» атты концертін тамашалады. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда өткен концертке Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Аманшаев және облыс басшысы А.Мұхамбетов қатысты. Тобыл аймағына сазды сәлемін жолдай келген елордалық ұжымның өнерін тамашалауға қостанайлықтар көп жиналды. Сахна шымылдығын «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы ашты. Олар қазақ халқының бірнеше күйін ұлттық аспаптар тілінде сөйлетті. "Шалқыма" халық биі ансамблінің өнері де көрермендердің көңілінен шықты. Қос ұжымның да елге танымал, өз ісінің нағыз шеберлері екенін айта кету керек. Ал концерттің екінші бөлігінің тізгінін эстрадалық би ансамбльдері, классикалық, эстрадалық және халықтық вокал солистері алды. Олардың да әрқайсысы түрлі халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Астананың талантты өнерпаздар қостанайлықтардың қошеметіне бөленді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай