Аймақтар • 20 Маусым, 2018

Маңғыстауда медицина мекемелерінің қызмет көрсету сапасы тексерілді

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты А.Салманов бастаған «Нұр Отан» партиясы сайлау алды бағдарламасының Денсаулық бағыты бойынша құрылған сараптамалық комиссия мүшелері облыстық аурухана мен Перзентханаға мониторинг жүргізді.

Маңғыстауда медицина мекемелерінің қызмет көрсету сапасы тексерілді

Мониторингке сараптамалық комиссия басшысы, әкім кеңесшісі және «Нұр Отан» фракциясындағы облыстық мәслихат депутаты А.Салманов, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі М.Жайлыбаев, облыстық филиалдық ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі С.Джулдасова және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері қатысты.

Мониторинг жүргізілген мекемелердің бірі Ақтау қаласы 26 шағын ауданда орналасқан облыстық Перзентханаға қатысты облыс тұрғындарынан шағым түспеген, алайда, осы перзентханада заманауи техникалық аппараттардың жетіспеуі салдарынан кедергілер болып тұратындығы анықталды.

Перзентхананың бас дәрігері Ж.Жаманбаеваның айтуынша, орталыққа күніне 40-50 әйел келіп босанады екен.

-Маңғыстау облысы бойынша бала санының өсімі басқа облыстармен салыстырғанда өте жоғары, мәселен күніне қырықтан аса әйел келіп түссе, босанып алған қырығы шығарылады. Біздің орталықта әзірше екі-үш қана УЗИ аппараты бар, олардың қолданысқа енгеніне алты жылдан асты. Өткен жылы 200 ақауы бар бала дүниеге келсе, биылдың өзінде соңғы алты айда 163 баланың ақауы болған. Осындай ақауларды анықтап, алдын алу үшін облысқа волюсон Е-10 УЗИ аппаратынан 16 дана қажет, -деді ол.

Бас дәрігер жетіспейтін УЗИ аппараттарымен қатар, кейбір дәрігер мамандардың да орталыққа қажеттілігін атап өтті.
Мониторинг жүргізген облыстық мәслихат депутаты А.Салманов бас дәрігердің мұқтажын облыс әкімі орынбасары Р. Сәкеев  айтты.

-Облыс әкімі орынбасары Руслан Сәкеев жыл соңына дейін 16 УЗИ аппаратының қажет еткен ауруханаларға жеткізіліп, толық қамтамасыз етіледі деп уәде етті, - деді депутат.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы