Қазақстан • 21 Маусым, 2018

Түгел түркінің тілегі орындалған күн - Құлбек ЕРГӨБЕК

595 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Түркістан облысы жасақ­тал­сын, орталығы Түркістан қаласы болсын деп Жарлыққа қол қойды.

Түгел түркінің тілегі орындалған күн - Құлбек ЕРГӨБЕК

Құдай-ау, бұл шешімді қазақ зарығып күткелі қай заман?! Қазақ қана ма? Жоқ. Мағжан айтқандай, Түркістанды қазаққа қалдырып, қазақтан енші алып әлемнің әр тарабына аттанып кеткен ер түріктің бүгінгі жұрағаты алыстан дүркін-дүркін күн салып қарап, көзін сатып күткелі қаншама уақыт?! Енді, міне бір қазақтың ғана емес, күллі түркі дүниесінің арманы орындалды. Бұл тарихи әділеттіліктің қалпына келуі. Түркі қағанатынан тартып күллі қағанаттардың астанасы Түркістан! Дәшті Қыпшақ дәуірінде дәштілік астана Түркістан!

Орта ғасырда әлемнің әр шалғайынан керуен-керуен жібек бастаған небір асыл бұйымдар, алтын-күмістерімен артынып-тартынып келіп сауда жасап, пайдасын күсеп етіп батыстан шығысқа, шығыстан батысқа артынып-тартынып керуен тартып кете баратын ғажап сауда кіндігі Түркістан! Орта ғасырда «Отырар өркениетінің» орталығы Түркістан. Алтын Орда мұрагері. Ибн Батутаны өркениетімен таңғалдырған Бату сарай, Сарайшық мәдениетін бойына сіңірген, Сығанақтан соң үш ғасырға жуық қазақ хандығының астанасы Түркістан. Сол сәттен жайшылықта қазаққа Ана болған, жау­гершілікте қазаққа пана болған жәді­гер шаһар – Түркістан, Енді, міне осын­дай бойына күллі түркінің тарихын жинақтаған, бабалардың асыл көзіндей облыс орталығы – Түркістан. Бұл бүкіл елі­міз рухани жаңғырып, барымызды ба­зар­лап, жоғымызды түгендеп бо­ла­шақ­қа бағдар жасап жатқан сәтте жа­сал­ған тарихи әділеттіліктің қалпына келуі. Бұл тарихи сәт.

Кешегі кеңестік кезеңде жалпы түр­кілік ат-атағы, дүбірлеген даңқы үшін-ақ қақпай көріп, қағажу қалған жәдігер шаһар ең алғаш еңсесін 1500 жылдық мерейтойы тұсында тіктеді. Ырыс тасытар Тайқазаны қайтарылды. Мем­ле­ке­тімізге ырыс-құты оралды. Әлемді ар­хи­­тектуралық сән-салтанатымен таңғал­дыратын көк күмбезді Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тәуелсіздік рухы­мен қай­та жаңғырды. ЮНЕСКО арқы­лы қор­ға­ла­тын көне ескерткіштің ажары ашылды. Түркі мемлекеттері пре­зиденттері Түркістанда бас қосты. Ақыл­даса келе алынған шешімдер «Түркістан Дек­ларациясы» атанып, сол кездегі «Соци­алис­тік Қазақстан» арқылы алты алаш­қа тарады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз ендігі жерде түркі мемлекеттері бас­шылары Түркістанда бас қосып тұра­тын боламыз», – деді. Түркістанда Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен 1992 жылы тұңғыш рет Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. «Түркі ха­лықтарына келешекте ортақ оқу орнына айналады», деді Елбасы келешекті көздей. «Түркістанды осы университет өркениет биігіне көтеруге тиісті» – деп те міндет жүктеді Елбасы.

Түркі мем­­лекеттері саммитінде Нахичеванда «Түр­кістанда түркі халықтарының тағ­дыр-тарихын ортақ талдайтын Түркі ака­демиясы ашылады. Оның музейі, кітап­ханасы қалыптасуы керек», – деді тағы да. Жәдігер шаһардың 1500 жылдық тойы тұсында туысқан елдердің басшылары алдында «Түркістанды облыс ор­талығы жасаймыз. Той Түркістанды ор­талыққа айналдырудың басы», деді алдағы міндеттерді нақтылай. «Түркістан ендігі жерде түркі халықтарының рухани астанасы ретінде гүлденуге тиісті», деді тағы бір тарихи сапарында. Елбасы кү­ні кеше тебірене сөйлеп Жарлыққа қол қойды. Тарихи шешім жасалды. Қай­талап айтамыз, бұл бір қазақ халқы ғана емес, күллі түркі дүниесі көптен күткен қуаныш. Қуаныш құтты болғай, әлеумет!

Тәуелсіздік таңынан бері Елбасы Түркістанды үзіліс-үздіксіз қолдаумен ке­леді. Ілгерішіл басшы, ілкімді қосшы бо­лып жұдырықтай жұмылса, түркі дү­ние­сінен инвестиция тартылса – жұмыла көтеріп Елбасының Түркістан жөніндегі тарихи шешімін жүзеге асыру қиынға түспес асылы. Күллі түркі халқы тарихындағы орны ерен жәдігер шаһардың келешегі кеніш.

Сөйтіп тарихтың көзінен, тағдырдың тезі­нен қиналып өтіп келе жатқан жәді­гер шаһар бүгін облыс орталығына айнал­ды. Сан ғасырлап айналасына өр­кениет шуағын шашқан, мәдени де эко­номикалық шарапатын тигізген Түркістан енді облыс орталығы райында Қара­тау мен Алатауды ен жайлап, Сыр-ананы түркі халықтарымен тел еміп жат­қан әлденеше ауданның бағын ашатын орталыққа айналады. Тарих соқпа-соқ­пасында сан рет ғажап гүлдеп бой түзе­ген, жойқын шапқыншылықтарда сан рет сансырап күл-талқаны шығып тоқыраған Түркістан ендігі жерде Мәңгілік елдің қуатты қанатына айналып, шырқау биікке кө­те­­ріледі, тіпті Елбасы айтқандай: «Түр­­кі халықтарының рухани астана­сы­­на айналады!» Тәуелсіздіктің ақ та­ңы­нан тартып сатылап дайындап, бү­гін тарихи шешім жасаған Елбасына түр­кістандықтар атынан, түркі дүниесі атынан мың алғыс! Ғасырлап мұң құшқан Түркістан, рухани жаңғыру аясында бүгін нұр құшқан Түркістан. Жаман көздің назарында болма, жалпытүркілік ынтымақ пен бақыттың базарында бол, Түркістан!

Құлбек ЕРГӨБЕК,

түркітанушы ғалым, жазушы,

Түркістанның құрметті азаматы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше