Қазақстан • 21 Маусым, 2018

ӘЧ: Тоналған фанаттар мен жаңарған рекордтар

323 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлем чемпионатының 2-тур ойындары басталды. Көптеген құрамалар енді өздерінің жоспарларына сәйкес плей-оффқа жолдама ала бастайды. Топ ішінде 2 жеңіске жеткендер бірден келесі кезеңге өтеді. Ал олардың қай орынға жайғасатыны және кімдерге қарсылас атанатыны 3-турда белгілі болады.

ӘЧ: Тоналған фанаттар мен жаңарған рекордтар

Денелі Дзюба рекорд жаңартты

Ресей құрамасы Мысырдан 3:1 басым түсіп, плей-оффқа шық­­қан алғашқы команда десек бо­ла­ды. Жарысты ұйымдастырып жат­қан елдің командасы енді Уругваймен ойында 1 ұпай алса да жеткілікті. Ал Мысыр және оның көшбасшысы Мұхаммед Салах үшінші ойыннан соң, ота-
нына қайтады. Сол ойында Ресей шабуылшысы Артем Дзюба 55 рет допқа таласыпты. Бұл Әлем чемпионатының рекорды. Алып денелі орыс шабуылшысы сол 55 рет таласқан доптарының 23-ін өзіне қалдырған. Мұның өзі де рекорд болып тұр. Бұл жа­­ғы­нан екінші орын Уругвай қор­ғаушысы Диего Годинде. Ол 19 рет қарсыластан доп тартып ал­ған.

«Гризман Мессидің көмекшісі болмайды»

«Атлетико» Мадрид коман­да­сының басшысы Мигель Марин дәл осылай мәлімдеді. «Антуан Гризманның өзі де жоғары деңгейдегі фут­болшы. Ол біреудің кө­мек­­шісі болып жүре алмайды» деді. Жақында ғана Антуан «Атлетико» клубымен келісімін 2023 жылға дейін ұзартып еді. «Барселона» командасы Фран­ция құрамасының ойыншысына ұсыныс тастап, оны сатып алғы­сы келген. Ал Гризман болса Мессидің көмекшісі болып жүру­ден бас тартыпты.

«Реалға» қақпашы керек

«Реал» Мадрид клубы болса қақпашы таппай шарқ ұруда. Коста-Рика құрамасының қақ­пашысы Кейлор Навастың клуб­­тан кететіні жайлы көп айты­луда. Осы аралықта «Реал» басшылары Бельгия құра­ма­сының негізгі қақпашысы Тибо Куртуамен келісімге келуді көз­дейді. Себебі испан клубы «Рома» қақпашысы Алиссонды көн­діргенімен, клубтың өзімен ке­лісе алмады. «Реал» 50 миллион ұсынса, италиялық ұжым 80 мил­лион сұрап отыр. Әлем чемпионаты кезінде футбол базары нағыз қызған шағында.

Роналдудың кезекті рекорды

Неміс телеарнасы қызықты ақпаратты жариялады. Испания-Португалия арасындағы ойында Криштиану Роналду сағатына 38,6 шақырым жылдамдықпен жүгіріпті. Өз айып алаңынан Де Хеа қорғаған қақпаға қарай допсыз жүйіткіген португал шабуылшысы бұрын-соңды футболда тіркелмеген жылдамдық көрсетіпті. Әріптесі Гонсало Гуэдешке керемет пас шығарып беріп, қауіпті сәт жасады. Алайда әріптесі бұл мүмкіндікті голға айналдыра алмады.

Жанкүйерді тонап кетті

Мәскеудегі «Космос» қонақ­үйіне орналасқан Марокко құра­ма­сының нәзік жанды жанкүйерін ұрылар тонап кетіпті. Бұл жайында «Интерфакс» агенттігі жазады. Қарақшылар 6 мың еуро және бағалы техникаларды қолды қылған. Мұндай оқиғаға Аргентина мен Қытай азаматы да ұшыраған болатын. Осындай келеңсіз жайттардың көбеюіне байланысты тәртіп сақшылары қызметтерін одан әрі күшейтіп жатыр.

Неймар жарақат алды

Әлем чемпионатының фаво­риті Бразилия құрамасы екені даусыз. Ал «селесао» ұжымының бас­ты жұлдызы Неймар кешегі жат­тығу жұмыстары кезінде жара­қаттаныпты. Баспасөз өкіл­де­рінің жазуынша, Неймар то­бы­ғын ауыртып, жаттығуды жал­ғастыра алмаған. Құрама ко­манданың дәрігерлері оны жа­сыл алаңнан жетектеп алып ке­тіпті. Қазір оның келесі ойынға қа­тысу, қатыспауы анықталып жатыр. Айта кетейік, Бразилия келесі ойынын 22 маусым күні Коста-Рикаға қарсы өткізеді.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше