Қазақстан • 21 Маусым, 2018

«Жетісу» газетінің жарық көргеніне бір ғасыр толды

809 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Геродоттың заманында газет-журнал болғанда ол «тарих атасы» емес, «журналистердің бабасы» деген атақ алар еді...» деген болатын бірде қазақтың әйгілі жазушысы Дулат Исабеков.

«Жетісу» газетінің жарық көргеніне бір ғасыр толды

Ақиқатында, Геродот өз жазбасын «Тарих» деп атамаған да, ол кітап ғасырлар керуенімен кейінгі дәуірлерге өтпегенде біз қазір ол кезең жайлы хабарсыз қалар ма едік? Ал оқиғалардың тарихқа айналуына дейінгі өмірі кәдімгі сәттерден құралады екен. Демек сол сәттердің шындығы мен боямасыз болмысын қағаз бетіне түсіруді үйренген күн – алғашқы мақала жазылған күн шығар. Сол жүз жыл бұрынғы, тіпті одан әріде жазылған мақаланы өз дәуіріңде оқу – ғасыр алдындағы оқиғалардың шындығын сезінуге жол ашады. Ол жазбаларды түпнұсқадан оқу тіптен ғажап қой. Уақыттың әсері  көкірегінде сәулесі бар адамды рахатқа бөлейді.  

Дәл қазір біздің осыдан жүз жыл бұрын жазылған мақалаларды түпнұсқадан оқуға мүмкіндігіміз толық бар. Міне, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің жарық көргеніне биыл тұтас ғасыр толды. Демек, 100 жыл аралығындағы оқиғалардың жылнамашысы ретінде таралып келе жатқан басылымның мұрғаттарда сақталған тігінділерін ерінбей парақтаған адамға өткеннің шындығы есігін ашатыны аян. Ал «Жетісудың» арысы адамзат, берісі Ұлт тарихын түзуші басылым ретіндегі бағасы мен бәсі зор. «Жетісу ісші халық мұхбірі» деген атаумен жарық көрген Кеңестік Қазақстандағы алғашқы  газеттердің бірі. Газет алғаш рет 1918 жылы 21 маусымда Жетісу облыстық ревкомының және ұлт істері жөніндегі облыстық комитетінің органы ретінде «Жетісу ісші халық мұхбірі» деген атпен қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, қырғыз тілдерінде Алматыда  басылған екен. Содан бері үздіксіз шығып келеді.  «Жетісу ісші халық мұхбіріне» алғашқы редакторлықты бізге Алаш тарихынан аты таныс, «Айқап» журналын шығаушылардың бір болған Сабыржан Ғаббасов атқарыпты. 

Газет тұңғыш нөмірінде сол 1918 жылғы 17 маусымда Жетісу облысы соғыс жағдайында деп жарияланғаны, «Черкасск қорғанысына» қатысқан жауынгерлер мен еңбекшілердің ерлігі, атаман Анненковқа қарсы қызыл әскердің күресі туралы мақалалар басылыпты. Жалпы, «Жетісу ісші халық мұхбірі» газетін жарыққа шығарудағы мақсат кеңестік идеологияның таралуына кең жол ашу, халықты күрескерлікке тәрбилеу болса керек. Газеттің Ахмет Байтұрсынов жасаған төте жазумен басылған сол нөмірлері Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорында сақтаулы тұр.

Бүгінгі «Жетісу» - жаңғырған, келбетін келешекке қарап түлеткен басылым. Бізді бір сүйсіндіргені – редакциядағы жас журналистердің қатары көбейгені. Шетінен талантты, шығармашылық пен қоғамдық істе қамшы салдырмайтын, идеяшыл жастардың басы қосылған жерде береке мен бәсеке, ертеңге деген сенім нығая бермек. Дәл осы жерде «Жетісу» газетінің бас редакторы, белгілі ақын Әміре Әріннің сұңғыла ұстанымын ерекше айта кетуіміз керек. Талдықорғандағы Журналистер үйінің 4-қабатына көтерілген сайын бас редактордың қос орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым мен Жұматай Оспанұлының қарбалас жұмысынан 100 жасаған «Жетісуды» өз шаңырағында күтіп отырған 30 мың оқырманға адал қызмет етудің үлгісі байқалады.

...Адам тағдырының тұтасымен журналистикаға тәуелді болатыны маңдайдағы жазудан шығар. Сол таңдау осы жолдардың авторына соңғы 25 жыл бойына еліміздің ірілі-ұсақты басылымдарында қызмет істеуді бұйыртып, қазақ қара сөзінің қатардағы жауынгері болуды нәсіп етіпті. Соның ішінде біздің еңбек кітапшамыздағы «Жетісу» газетінде қызмет еткенімізді растайтын жазу – сол тағдырымыздың тамаша кезеңінің бір куәсіндей болып айшықталады. Жалпы, менің «Жетісумен» алғашқы танысуым 1994 жылы басталып еді. Әдеттегідей дүңгіршектен сатып алған басылым Алматы облыстық газеті екен. Газеттен заты облыстық болғанымен, баспахана мен қағаздың сапасы, жалпы материалдық базасының өте жоғары екені көзге ұрып тұрды. Сол сәтте жылдар өте келе әлгі газеттің қызметкері болатынымызды ешкім болжап бере алмас еді. Тағдыр деген осы да...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше