Қазақстан • 21 Маусым, 2018

Б. Сағынтаев пен Ә. Жақсыбеков Түркістан қаласының облыс орталығы ретіндегі даму келешегімен танысты

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев және ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков жұмыс сапарымен Түркістан қаласына барып, онда қаланың облыс орталығы ретіндегі даму келешегімен танысты.

Б. Сағынтаев пен Ә. Жақсыбеков Түркістан қаласының облыс орталығы ретіндегі даму келешегімен танысты

Жұмыс сапары барысында араланған бірқатар әлеуметтік нысандар: «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан «Отырар» жаңа шағын ауданы және Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті.

Б. Сағынтаев пен Ә. Жақсыбековке Түркістан қаласын дамытудың Бас жоспарын іске асыру барысы туралы баяндалып, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты дамыту жоспарлары, атап айтқанда әлеуметтік, жол, құрылыс инфрақұрылымдарын және ТКШ одан әрі жаңғырту жоспарлары ұсынылды.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы туралы айтып берді. Жоба Қ. А. Яссауи кесенесі маңындағы қорғандарды реконструкциялауға бағытталған және 2026 жылға дейін жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласының аумағы 7,4 мың км² құрайды. Әкімшілік бөлу аясында қала 12 кент және ауылдық округтен және 35 елді мекеннен тұрады. 1 мамырдағы жағдай бойынша халық саны 263 мың адамды құрайды.

Осы жылдың қаңтар–мамыр аралығында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6329,6 млн теңгені немесе 2017 жылдың осындай кезіндегі көрсеткіштің 108,5% құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 5,9%-ке 8392,4 млн теңгеге дейін ұлғайды.

1 маусымдағы жағдай бойынша, әрекет етіп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 13,3 мыңды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ке жоғары көрсеткіш. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2896,3 млн теңгені (100,9%) құрады. 33 368 м² тұрғын үй немесе өткен жылдың тиісті кезеңіндегі деңгеймен салыстырғанда 101,9% пайдалануға берілді.

Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысының «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталып, әкімшілік орталығы Түркістан қаласы болды.

«Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі», — деді Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Жарлыққа жария түрде қол қою рәсімінде.

 
Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше