Аймақтар • 21 Маусым, 2018

Таразда тұңғыш рет трансплантациялық ота жасалды

550 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда отандық медицина дамып, әлемнің дамыған елдерімен бәсекелесе алатындай дәрежеге жетті. Әрине медицина ғылымының қарыштап дамуы азаматтардың денсаулығын нығайтуға үлкен септігін тигізетіні анық. 

Таразда тұңғыш рет трансплантациялық ота жасалды

Қазіргі кезде қауіпті қатерлі дерттердің алдын алу, оны болдырмау шаралары елімізде жоғары дәрежеде қолға алынды. Сонымен қатар, ағза ауыстыру жұмыстары да өз кезегінде биік деңгейде атқарылып келеді. 

Трансплантация – бүгінде хирургияның айтулы жетістігі ретінде белгілі. Еліміз бойынша осы уақытқа дейін Тараз қаласында тұрғындарға кардиохирургиялық көмектер көрсетіліп келді. Бұл жұмыстардың бәрі де сәтті болған болатын. Осы орайда Тараз қаласындағы профессор Сейітхан Жошыбаев басқаратын «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының» атқарып отырған жұмысы аз емес. Аталған клиника мамандарының он жылдық тынымсыз ізденістерінің нәтижесінде өңірде жуырда бүйрек алмастыру отасы сәтті жасалды.

Бұл – Тараз қаласында тұңғыш рет жасалған бүйрек алмастыру отасы. Ота жамбылдық азамат Ерланға жасалды. Ерланның ағасы Руслан інісіне бір бүйрегін беріп, бауырмалдықтың, азаматтықтың нағыз үлгісін танытты. Ерлан бір үйдің кенже ұлы екен. Өкінішке қарай, ол 2007 жылдан бері бүйрек ауруының зардабын тартып келеді. Науқастың анасы Мира Керітбаеваның айтуынша, тіпті соңғы уақытта Ерланның екі бүйрегі бірдей жұмыс істемей қалыпты. Қыс бойы айына бірнеше рет ауруханаға жатып, гемодиализ арқылы ем де қабылдаған екен. Бұған қоса қан қысымы көтеріліп кете беретінді шығарады. Сөйтіп жүргенде, дәрігерлер Тараз қаласындағы «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығына» қаралуға кеңес береді. Ал аталған клиниканың мамандары Ерланға бүйрек алмастыру отасын жасау қажеттігін, алайда оған донор керек екенін ескертеді. Осы кезде Екібастұз қаласында жұмыс істейтін ағасы Руслан үйіне келіп, бауырының жағдайын көрген соң бір бүйрегін інісіне беруге шешім қабылдайды. Нәтижесінде Ерланға ота сәтті жасалды.

Операцияны Қазақстан Республикасының ағзаларды транспланттау жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Жақсылық Досқалиев жасады. Бүйрек алмастыру отасын көрші Қырғыз Республикасынан және еліміздің өзге де өңірлерінен келген хирургтар тікелей трансляция арқылы көру мүмкіндігіне ие болып, өзара тәжірибе алмасты. Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, Жамбыл өңірі бойынша қазіргі кезде 100 адам донор бүйрегін күтуде екен. Шынында да науқастың жағдайын түсініп, оған донор болу оңай емес. Ол үшін жүрек пен жігер керек. Ал Русланның бұл ерлігі өзге азаматтарға да үлгі әрине.

  Сәтті отадан кейін Қазақстан кардиохирургтері жалауының көтерілуіне арналған жиын өтіп, профессор Сейітхан Жошыбаев трансплантацияны жасау үшін көптеген дайындық жұмыстарының жүргізілгеніне тоқталды. Бүгінгі таңда әуелі кардиохирургиялық орталық болып ашылған емдеу мекемесі аз уақыттың ішінде трансплантологиялық ғылыми-клиника деңгейіне көтерілді. Өз сөзінде Жақсылық Досқалиев трансплантация отасын жасауға аталған мекеменің материалдық-техникалық базасының сай екенін айтса, Қырғыз Республикасы, Талас облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Алмас Асынбаев жоғары деңгейлі клиникада ағза алмастыру отасының сәтті жүзеге асқанын жоғары жетістік ретінде бағалады. Сонымен қатар, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков трансплантациялық отаның сәтті жасалуы Жамбыл өңірі ғана емес, еліміз үшін де елеулі оқиға екенін жеткізді.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы ​​

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше