Қазақстан • 21 Маусым, 2018

Жаңаөзенде балаларға арналған тегін ІТ сыныбы ашылды

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының «балаларға арналған тегін ІТ сыныптар» жобасы бойынша Жаңаөзен гимназия-мектебінде ІТ-сыныбы ашылды. Аталмыш сыныптың тұсаукесеріне «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Тумышев, «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Ә.Дауылбаев, қалалық партия филиалы төрағасының орынбасары Т.Тәжібаева сонымен қатар мәслихат депутаттары, БПҰ төрағалары, БАҚ өкілдері, гимназия ұжымы және ата-аналар қатысты.

Жаңаөзенде балаларға арналған тегін ІТ сыныбы ашылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылдың қараша айында партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия алдына цифрландыруға қатысты тапсырмалар берген болатын. Осыған сәйкес, Қазақстанның экономикалық, саяси және рухани жаңғыруына жан-жақты қолдау көрсетудің жаңа тетігін қалыптастыру бағытында Партия жаңа жобаларды жүзеге асыруды қолға алды. Олардың қатарында бүгін өзіміз ашылуына куә болып отырған «балаларға арналған тегін ІТ-сыныптарын» ашу жобасы да бар.

Қалалық партия филиалы төрағасының орынбасары Тәжібаева ІТ-сыныптардың мақсатын түсіндіре кетті.

-Негізгі мақсат – еліміздің ақпараттық-цифрлық әлеуетін дамыту, жаңаша ойлайтын зияткерлік ортаны қалыптастыру, жоғары деңгейдегі ІТ мамандарын дайындауға үлес қосу, оқушылардың ІТ технологияға қызығушылығын арттыру және жазғы демалыстарын тиімді өткізу. Мектептегі ІТ сабақтарын информатика пәні мұғалімі немес ІТ мамандары жүргізеді, деді ол.

Жоба «Love to Cade» бағдарламаларымен жұмыс істеуді балаларға үйрету арқылы бағдарламалауға, өз бетінше сайт құрастыруға үйретеді. Бұл бастамалар мектептерде факультатив пәні ретінде енгізіліп, 3-6 айлық курс ретінде оқытылады. Оқыту процесі модульдік жүйе бойынша жүргізіледі және оқуға 8-16 жас аралығындағы балалар тартылады. Курс аяқталғаннан кейін балалар инженерлік ой қалыптастыруға, өзгеше ойлауға, уақытты дұрыс жоспарлауға, ірі тапсырмаларды кішігірім бөліктерге бөліп шешуге машықтанып, өз бетінше шешім қабылдауға үйреніп шығады деп күтілуде.

 ІТ мамандар дайындау бойынша бағдарламалауды үйретуге жобаны іске асыра алатын ІТ мамандар, мұғалімдер таңдалып, алдын ала дайындық курстарынан өтеді. Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласында ІТ-сыныптарын ашу жүйелі түрде, жоспарға сәйкес жалғасын табады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше