Білім • 21 Маусым, 2018

ҰБТ-2018: Алғашқы күні түлектердің 15,5 пайызы шекті ұпайды жинай алмады – Р.Әлімқұлов

533 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҰБТ-ның алғашқы күнінің қорытындысын жарияланды. Бұл туралы  Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Рамазан Әлімқұлов Астанада өткен баспасөз мәсиxатында айтты.

ҰБТ-2018: Алғашқы күні түлектердің 15,5 пайызы шекті ұпайды жинай алмады – Р.Әлімқұлов

"Кеше Республика бойынша 13 897 мектеп түлегі тест тапсырды. Олардың 15,5 пайызы, яғни 2 102 адам шекті ұпайды жинай алмады. Енді, тамыз айында олар тестті екінші рет тапсыра алады. Одан да өте алмаса, ЖОО-ның ақылы бөліміне қабылдана береді. Бірақ бірінші семестрден кейін, яғни келесі жылдың қаңтар айында тест тапсырып, өз білімін көрсетуі керек", - деді Р.Әлімқұлов.

Орталық басшысының сөзіне қарағанда, 11 795 мектеп түлегі тестті ойдағыдай тапсырып шықты. Олардың жинаған орташа ұпайы 80,9-ды құрады. Өткен жылы аталған көрсеткіш 77,5 ұпай болған. "Демек, биыл орташа ұпай 4 процентке көтеріліп отыр деуге болады. Алғашқы күні толық 140 ұпайды жинаған адам болған жоқ. Алайда бір түлек 137 ұпайды жинады. Алда әлі жеті күн бар. Сондықтан ең жоғары ұпай жинайтын мектеп түлектері болады деген сенім бар", - деп атап көрсетті Р.Әлімқұлов.

Еске салайық, кеше релімізде тест тапсыруға барлығы 14 250 адам өтініш білдірген. Алайда тестке 13 897 адам келді. Осылайша, алғашқы күні мектеп түлектерінің 97 проценті ҰБТ-ға қатысты.