Сахна сыры һәм сенім

Қашанда өз ұлтының, төл жұртының мұң-мүддесі тұрғысынан ой толғап, сыр суыртпақтайтын шығармалардың шыңырауында кісіні ерекше мөлдір сезімге жетелейтін алапат бір ағыстың айрықша күшіне жолығасыз. Бұл орайда халықтың қам-қайғысын, қадір-қасиетін шынайы бедерлеп, шығармашылығының басты арқауына айналдырған жандардың еңбегі туралы әңгіме қозғағанда халықтық қалпымыз бен салтымызға деген адалдықтың әркез алдымыздан жиі орағытып шығып отыратыны бекер болмаса керек-ті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қоюшы-режиссері Болат ҰЗАҚОВПЕН болған сұхбатта сахнадағы кісілік кескін-келбет пен түр-тұрпат жайындағы ойлар ортаға салынады.  

Егемен Қазақстан
22.06.2018 4178
2

– Болат Қасымжанұлы, халқымыз­дың мақсат-мұратын, адамгершілік қасиеттерін насихаттайтын театр өне­рі күннің шуағындай нәр­лі қазына ғана емес, көрерменін ізгі ойдың иесі­мен, күрескер бейнесімен қуаттан­дыра­тын жанашыр тәрбиешіміз де емес пе? Бірақ кейде осы сала маман­да­ры­­ның өзі «Театр өнер ме, әлде құ­рал ма?» деген сұ­раққа нақты жауап таба алмай, әр­кім әртүрлі пайымға иек артады. Сіз қалай ойлайсыз?

– Театрды тек өнердің ғана ордасы десек, қазіргі заманның қойып отыр­ған талабымен ісіміз бен мүддеміздің ұштасып кете қоюы екіталай. Сахна өнері дегеніміз – алдымен тәрбиенің ордасы, ұлттық құндылыққа сүйіспеншілікті қалып­тастыратын мәдениеттің ең бір жауапты саласы болғандықтан, мұны идеологиялық құрал деу әбден қисынды-ақ. Өз ұлтының бойындағы бірлік пен ынтымақты, ерлік пен адалдықты, мейі­рім мен махаббатты жырлаушы һәм сол қасиеттерді рухына сіңіруші – театр өнері өзінің міндетін бір сәт те назар­дан тыс қалдырған емес. Алайда қазіргі ұрпақтың иығына артылар жүк бұрынғы сарыннан өзгешелеу. Көз үйреніп, көңіл иланған бұғаулы қоғамның тұсындағыдан әлдеқайда күр­деленіп, бүгінгі ұрпақ еншісіне озық мәдениеттің өсу тенденциясы белгілеп отырған жоғары талғам мен талап сынына төтеп бере алатын қам-қарекетті қоса жүктеуде. Біреулер театр ешқашан саясатқа, идеологияға аралас­пай, таза өнермен ғана айналысуы керек деп, бастапқы тамырынан мүлде үзіп тастағылары келеді. Онда неге жұртты театрға келтіре алмай жанталасамыз? Жүрегін интернет жаулап алған кейінгі жастардың саналы, тәрбиелі болып өсуі үшін оларға сахна мәдениетінің ауадай қажет екенін айтып, неге мұнша өзеуреп әлекпіз? Шығармашылық адамы айналасынан бөлек қалай өмір сүреді? Өнер өмірдің өзегінен суырылып тумай ма? Ал мұның бәрі бола тұра, соны мойындай алмауымыз қалай? Осы тұрғыдан келгенде, театр – тәрбиенің нақ бесігі. 

...Менің бұл салада жұмыс істеп келе жатқаныма 35 жылдан асты. Қандай жағдайда да қоғамдағы кез келген оқиғаға өзіңнің жеке пікіріңді білдірмей, үн-түнсіз қалуың қиын-ақ. Айналадағы түрлі құбылыстарға, өзгерістерге деген ұста­нымың арқы­лы көзқарасың қалып­тасады. Егер сен шынайы өнер адамы бола тұра халықтың тағдыры мен басынан кешкен қуаныш-қайғысынан бейтарап өмір сүрсең, ертеңіне ет жүрегің елжіре­месе, онда сенің жер басып адам болып жүр­генің кімге керек? Театр – маған халық­тың қазір нені айтып, нені көргісі келе­тінін алдын ала анық бағамдап, бағыт-бағ­дар сілтеп отыратын алдаспан алаңы тәріздес.

– Актер мен көрерменнің арасына тығыз байланыс орнату үшін режиссер не істеуі керек?

– Актер мен көрермен эмоционалдық байланыста болуы үшін актер өзінің рөлін шынайы ойнауы керек. Режиссер әрине, өз тарапынан соны жүзеге асырудың барлық амал-шарғысын ойлап-табуға тыры­сып бағады. Актерді кейде бұл үшін залдағы көрерменге жақындатады. Алған демін сездіртеді. Томаға-тұйықтықтан бездіртеді. Сазбен көркемдейді. Көзі мен сөзі үйлескен жанның соңынан көрермен ботадай жетектеледі. Өнерге жаны арбалған кісінің сахнадан безгенін көргенім жоқ. Өнер иесінің сұлбасын сан түрлі қырынан самаладай жарқыратып айшықтайтын жарықтың өзінің атқаратын қызметі мұнда үлкен мәнге ие. Алайда сайып келгенде, бәрібір соңғы нәтижеге – актердің рөлін барынша шеберлікпен ойнай алуына байланысты. Әдетте сах­налық шығарма негізінен сөз бен іс-қимылға құрылады деген пайымдар алға оза береді. Олай болса, актердің жан-тәнімен тебірене шалқып тұрған сәтіндегі бол­мысын, оқиғаға орай сан құбылып, алуан реңге түрленетін бет-пішінін, қара сөздің құдіретімен ойнақшып, ұш­­­­қын шашатын көздегі отын қайда қоя­сыз?! Кейіпкердің қуанып-шаттанған, қай­ғырып, жапа шеккен тұсындағы ішкі жан-дүние арпалысы мен сезім серенадасынан адамға ғаламат энергия таралады. Театрға кісі сол үшін келеді. Әркім өзіне жетпей жүрген мейірім мен жылуды содан табады. Осыны көрерменіне бере алған актер бақытты. 

– Ешкімге ұқсамайтын ерекше бейне­лерді қайдан іздеп табасыз?

– Жылда актерлік шеберлікке түрлі өңірден балалар келіп, емтихан тапсырады. Құм мен асыл тасты електің көзі­нен өткізіп, қылдай қиянат жасамауға тырысамыз-ау... Сондайда кейде «Құдай-ау, неге біз мұншалық ұсақталып кет­кенбіз?» деген өкініштің өзекті отша шарпитыны рас. Не тілі, не тісі мүкіс. Он баланың ішінен іліп алар бір-ақ адам, ал 20 баладан үшеу-төртеу ғана сынақтан өтеді. Бірақ мен көбіне адам тағдырына мән беремін. Жапалды ойнаған актер өмір бойы неге осы рөлді сомдап, қартаюы керек? Кезінде ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі Мұқатай Бұлановтың Жапалына риза болып: «Пәлі, мынау соның өзі ғой. Мен көрген Жапал нақ осындай еді! Ол зарлағанда күллі Шыңғыстау жылап тұра­тын. Мына Мұқатай сол философияны іліп әкетіпті. Даладағы жетім баланың тағды­рын дәл, шыншыл шеберлікпен ашыпты», деп баға бергенін ағалардың айтуынан естіп жүрміз. Алайда бәрі осы айтылғандай, шығарманың шырқына шырай, отты сезім ұшқындарын дарыта ала ма? Жалғыз Жапал жағалай бәріне қайдан жетсін, тәйірі? 

– Сонда кісінің сыртқы пішіні мен бет-рәпатына көп нәрсе байланыс­ты ма? Маңыздысы – адамның жан сұлу­лығы емес пе?

– Сахна өнері – эстетиканың мектебі ғой. Әрине труппаға қабылданып жатқан жастарға сырттай: «Мынау Төлегенді ойнаса, ал мынада Қодардың бейнесін кескіндеуге лайық түр-сипат бар екен» деп ә, дегеннен еншілеп, сырттай топшылап, әр актердің сыртқы тұрпатына айрықша мән берілетіні рас. Шіркін, баяғыда майталман аға-апаларымыз ауыл-ауылды жаяу аралап, тотыққан қара си­рақтардың ішінен таланттарды маңдайынан шертіп жүріп таңдайтын. Қазір сол дәстүрді қайта жаңғыртсақ, жаман ба? Өйткені тауып та, қауып та сөй­лейтін, нағыз от ауызды, орақ тілді шешендер сонда. Ана тіліміздің бай­лығына айыз қанып айбарланар арнамыз – ауыл. Біз сорласақ, осы тілге шор­қақ­тығымыздан шоқалақтап қалдық. Ауылды араласақ, әлі де небір Төлеген мен Шегені, Қодар мен Бекежанды, Қарагөз бен Баянды сомдайтын тұнық бұлақтың мөлдіреген көздері бұрқақтай бұлқынарына еш күмәнім жоқ. 

– Кейіпкерді ойнатуда, ойлантуда әр режис­сердің өзіне тән стилі, ерекшелігі бар десек, бұл орайда жұртшылық өзіңіз­дің тарихи тұлғалардың көркем бейнесін сахнаға алып шыққан орасан зор еңбегіңізді жоғары бағалайды. Әйт­кенмен бүгінгі репертуардағы шы­ғар­­малар өмір талабына сай, көру­ші­лердің айызын қандыратын туынды деп айта аласыз ба? 

– Драматургиялық жанр бағының жана­тын жалғыз жері – театр. Қалам­гердің бәрі әттең, Әуезов емес. Мы­са­лы, ұлы жазушы шығармасындағы кейіп­кердің бірін қалдырмай өзі тамаша баян­дап береді. Яғни пьесадағы кейіп­керлер бейнесін сол қалпында ашып көрсететін қосымша түсінік бар деген сөз. Режиссерге керек қорек осы – ремарка. Әрбірінің сыртқы кескін-келбетін бейнелей суреттегенде, әлгі тұлғалардың сахналық сымбаты шайқап піскен майдай оп-оңай жұтыла кетеді. Адамның мінез-құлқын ажырықсыз айқын жеткізеді. Небір жауһар, кәусар теңеу­лер көктемгі құрақтай үлбіреп жан баурайды. Мұндайда режиссер ойдан ештеңе қоса алмайды, әбігерге түспейді. Әуезовтің нәрлі ойын шашаусыз сіңіріп, кітаптағыны дәптерге мүлтіксіз көшіргендей шығарманы сахна әдебімен мүдірмей, мүлгімей жеткізе алса – алтын артылған атанды аударып алмай, шатқалдан аман алып өту деген сол. 

Ал біздің кейбір драматургтеріміз осы жағын ескере бермейді. Ал шалажансар драматургия шарасыз, шалт әрекетке итермелейді. Жаңқадан жарма түйгендей әрлеусіз жалаң ойды жамап-жасқауға жанталасқан пенденің күйін кешесіз. Құрғақ баяндауға құрылған дүмбілез дүние күлдіреуіші сынған үйдің құлдыраған сұлбасы секілді еңсеңді төмен тартады. Тәуір драматургия оқиғаны көз алдыңа елестетіп отырып жазылуы керек. Қазіргі кейбір шығармаларды шыңыраудан шырқырап алып шығарда мойнымыздың қыл арқанға қиылып кете жаздайтыны сондай себептерге байланысты. Режиссерге кейіпкердің жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, әдеп-әдетін, мінез-құлқы мен сырт сымбатын оқиғаның желісінен, автордың идеясынан алшақтап кетпей әрі сахна сиқына нұқсан келтірмей сырлы сазбен сығымдап сый­ғызу қоса артылады. Сөйтіп әдеби шығармаға автормен қосарланып өзі де қызмет етуіне тура келеді. Тірі пендеге тән қасиеттің бәрін режиссер ой елегінен, сүзгі-тереңінен өткізеді. Себебі адам баласының бәрі әдемі сөйлеп, әдепті әңгіме айта бермейді ғой. Режиссер соны жаба тоқып жамай салмай, қиялға ерік беріп, қырмызы қияға қымсынбай беттейтін қисынды жол іздейді. 

– Қазіргі драматургияға тән ортақ кемшілік неде? 

– Кезіндегі Әкім Тарази, Қалтай Мұхамеджанов, Дулат Исабеков... т.с.с. майталман аға буынның шығармалары керемет емес пе еді! Қазір тәуелсіздік алған жылдардан бері қолына қалам ұстағанның дені драматургиямен айналысып кеткен сияқты әсер қалдырады. Көп драмалардың бір қайнауы ішінде, шикі болатын себебі, науқаншылдық белең алып кетті. «Ойбай, ана тұлғаның туғанына 200 жыл толды, мына кісінің 300 жылдығы» деген түрлі даталы дақпырттың жетегінде кетіп қалып жатады. Соған пьеса жазу керек деген пәрменді құлағы шалысымен, жан-жақтан жамырай жөнеледі. Науқаншылдықтың қарқынын қазір қайтармасақ, бара-бара дәстүрге айналып кететін түрі бар. Мен мысалы, еліміздің тәуелсіздігі бір күн, болмаса бір жыл айналысқаннан кейін ұмытылып, жаңадан басқа тақырыпқа ойысып кете баратын дүние деп есептемеймін. Бұл бүгін, ертең, бүрсігүні қойсаң да, тіпті пәленбай жылдан кейін де маңыздылығы төмендемейтін, мәні кемімейтін ұлы ұғым ғой...

– Өзіңізге реніш білдірген авторлар бар ма? Шығар­маны өзгертуге режиссер қаншалықты құқылы? 

– Белгілі орыс сыншысы В.Белинский: «...ақын­дық өнерде Шекспирмен үзеңгі қағысар адам бар деп айту батылдық болар еді, бірақ дра­матургия­да оған шендесер әлі ешкім жоқ, сол күйі жеке-дара жалғыз келе жатыр» деген екен. Сол айтпақшы, әуелі қосалқы кішігірім кейіпкерлеріне де­йін әлсіз, осал сезіл­мейтін, «бір-бір фи­лос­офияның жібін есіп жүретін» Шек­спир шыңына қаншалықты жақын­дадық? Жақындасақ, таудың қай қырқасынан аса алдық? Әлемдік деңгейдегі классиктің кейіпкерімен шендесетін, иық тірестіретін кіміміз бар, деп кеңістікке көз тігеміз. М.Әуезов пен Ғ.Мүсірепов драматургия­сынан ғана осы сарынға сай ізді аңға­рамыз, сол сияқты қай елдің болсын ұлылы-кішілі санаткерлерінің Шекспир ұлағатынан сая іздемегені кемде-кем...

Ал пьесаны қою – түпнұсқаны тікелей көшіру емес. Сондықтан өзім сахналаған дүниелердің бәрі дерлік азды-көпті өзгертілді. Ақселеу ағаның «Күзеуде» повесінен инсценировка жасадым. Сонда өзімнің біраз ойларымды қостым. 5-6 жыл бұрын Шерхан Мұр­таза ағамыздың «Текебұрқақ», «Бір кем дүниесін» сахна заңдылығына икемдеп, драматургиялық нұсқасын ұсындым. Шерағаңда жоқ диалогтерді енгіздім. Қабдеш Жұмаділовтің оралмандар тура­лы «Ажалдан қашқан періште» пове­сінен инсценировка жасадым, онда да кейіпкерлердің аузына сөз салдым. Әр шығарманы қою режиссер үшін бұғанасының бекіп, есеюіне, белгілі бір белеске көтеріліп, адам жанының шытырман қайшылығын, адал махаббатты, ар-ұжданды, кесір-қисапатты, қорлық-зорлықты танып-білуіне әділ нұсқаушы һәм шежірелі құрал тәрізді. Бұлар шығармадағы көркем шындықтың жұтаңдығынан, яки болмаса өз дәуірінің ұлы жыршысы бола алмауынан емес. Қан-сөлін бойында сақтап, қалыбын бұзбай, әлемін әдеппен барлай білсең, қақпасы қатты әдебиет жоқ, мұндағы қазыналы қатпарлар режиссура үшін толағай табыстың көзі саналады. Әзірге сыналап енгізген ойларымды қораш санап, қапыл-қателікке бой ұрдың деген сыни ескертпе естігенім жоқ. Екінші жағынан, ойды түгел қамтуға мұршаң келмейді. Уақыт шектеулі. Сахна көсіле көлбеңдейтін сайын сахара емес. Мен өзіме ұнаған идеяны ғана нысанаға аламын. Басқа жаққа бұра тартып кетпеймін. Автордың ең басты ойын басқаша форматта, кейде кеңейтіп, ал енді кейбірін көрерменге тезірек жететін тәсілмен жеткізуге тырысамын. 

– Бастан-аяқ диалогке құрылған спек­такль кісіні жалықтырады, көрер­менді аяғына дейін тапжылтпай ұстап отыру үшін қойылымда дина­микаға, әрекетке басымдық берілуі тиіс деген тұжырым дұрыс па? 

– Жалпы театрдың негізгі діңгегі ежелден драматургия болып саналады. Мұнымен таза мамандар айналысуы керек. Кәсіби білікті драматург онсыз да мұндай көпсөзділікке ұрынбайды. Тәптіштеп суреттеп тұрмайды. Болатын оқиғаны екі актердің диалогі арқылы сарқа жеткізіп қоятын жағдайлардың кездесетіні рас, әрине. Бірақ мен осы теа­тр­да М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» сахналадым. Сонда Еспембет пен Көбейдің айтысатын тұсы бар. Әрқайсысы сөйлегенде әжептеуір ұзаққа сілтейді. Бірақ ондағы шіркін, сөздің құдіреті қандай! Өткен ғасырдың басында жазылған «Еңлік-Кебектің» өміршең болу сыры неде? Қара қылды қақ жарған осы ата-бабала­рымыздың қасиетті тілінің сарынында. Бір басталып кеткен сәтінен әрі қарай үзбей үздігіп тыңдай бергің келеді. Мұн­дай шұрайлы тіл өрнегін қысқартуға қай пақырдың дәті барады. Әуезді тілді кесу – әуелгі қиянат. Сондықтан көпсөзділіктен арылу керек екен деп, жағалай жағаға жармаса беретін ұр да жық қылықты құптамаймын. Әрине екі адамның сахна­ның ортасында қақшиып, бос әңгімеге жол беруіне қарсымын. Бүгінгі көрермен әсірешіл емес, әсершіл, көнбіс, көңтері емес, реакцияшыл. Сол үшін қимыл-әрекетке басымдық берілгенмен, сөздің демі бітелген жоқ. Өйткені сөйлеп тұрған актердің өзі үнемі қозғалыста болмай ма?

– Сахнаның тірегі тіл дейсіз бе? 

– Төле мен Қаз дауысты Қазыбек биді, Әйтеке би мен Қожамбердіні, Абай мен Жамбылды, Әлихан мен Мұхтарды, әлі де сондай талай марқасқа тұлғалар­ды атқан таңдай алға оздыра беретін киелі мұрамыз – асыл тіліміздің өмірден гөрі әуелі сах­надағы саф күйіне алаңдап, ақ жауыннан кейінгі дүр-дүния дидары тәрізді түрленіп, құбыла құлпыруын аңсаймын. Сонау Сыр мен Арқаның, Атырау мен Алтайдың арасы, түстігі мен теріскейі, шығысы мен батысы ғаламат шақырымға созылған қазақ даласының бірлік-бітімі жік-шекарасыз, шұрайлы көркем тілінің өзімен-ақ өзгеден үстем тұрғанын мақтан тұтуға әбден лайық. Әйтпесе неміс шығыстанушысы Юлиус Клапрот: «Қазақтардың диалектісіз сөйлейтініне көзім жетті» дей ме? 
Қазір сахна неше түрлі шоулардан шаршады. Кино өнерінің элементтерін араластырады, түрлі жарықпен құбыл­тады, бірақ көрерменнің жүрегіне, эмоция­сына әсер етпесе, «еңбегің – еш, тұзың – сор, артың – соқпақ, алдың – тор» күйге түсесің. Көрермен спектакльді бір көргеннен кейін көңілі құлазып, көпке дейін театрға бас сұқпай қоюы мүмкін. Кейіп­керін сағынып келіп отыруы керек олар. Бір емес, он рет айналып соғатындай деңгейге жеткізу керек. Қазір заманауи озық технологияның дамы­ған заманы. Бұдан ат-тоныңды ала қашу – надандық. Бірақ жұрттың жүрегіне барлық уақытта әрекет, болмаса сөз арқылы ғана жол табылады екен дей де алмайсыз. Өйткені Еуропада, тіпті Ресейдің өзінде эмоция, пластика, панто­мима театрлары бар. Бұларда сөз, мәтін атымен жоқ, тілсіз театрлар, бірақ оқиғаны қандай керемет қимылмен, эмоциямен, көз жасымен, бет-әлпет арқылы жеткізе сипаттайды. Актермен бірге спек­такльдің ішіне ентіге еніп кете жаздайсыз. Сөзді де қажет етпейтін осындай жас жанрлар дүниеге келіп жатқанда, қол қусырып отыру – тағы ұят.

– Ондай театрларды Қазақстанда қолға алуға не кедергі болып отыр?

– Ол үшін әуелі актерлерді даярлайтын арнайы мектеп, кәсіби білікті мамандар қажет. Мұнсыз спектакльдің көркемдік құны көтерілмейді. Бұлшық еттер адамның дене салмағының бестен екі бөлігіне дейін мөлшерді құрайды екен. Демек эмоция тек бет-әлпеттегі қуанып-мұңаю белгілері арқылы ғана емес, актердің бүкіл дене мүшесінің, бұлшық еттерінің оқиғаға орай қозғалысымен беріледі. Сол себепті бұл мәселені сәл кейінге шегере тұруға мәжбүрміз. Бірақ қолбайлау болған асау өзен-дариялар жүгенделіп, болашақта бұйыртса, кекілі желбіреген кенже жанр да дамып, өзіне тән сипатта көрініс табар деп үміттенемін.

– Қандай жағдайда шығарманы қоюдан бас тартасыз?

– Қоғам үшін маңызсыз, тәрбиелік мәні жоқ дүниелерден бас тартамын. Біреулер тікелей билікті сынап-мінеген дүниесін әкеліп оқытады. Не нәрсені болсын талғамсыз өңешке тықпалап өткізудің, жазылғанның бәрі қойыла беруі керек деген түсініктің дәуірі ескіріп, дәурені тайғалы қашан. Тіпті билікті балағаттаған кісі осы заманның сұмдық қаһарманы болып шыға келетін жағдайға тап болдық. Мен олардан: «Мына шығарманың қай жері өнер?» деп сұраймын. Кейбірі уәжіңе дес бермей: «Мұндай пьесаны қоюға қорқасыңдар ма?» деп айбат шегіп, көз алартады. Балағаттап, баса-көктеп, тұрған жеріңде турай жаздайды. Ашынған, адасқан пенденің жүрегінің шыңырауында не тұншығып жатқанын кім білсін? Алайда өнердің өзі қайшылықсыз қарға адым ілгері баспасы мәлім. Сондықтан сахна әлемінің томаға-тұйықтыққа салынбай, алуан сипатты алапат арпалысты бастан кешіп жатуы – дамып, алға ұмтылуының тағы бір жарқын белгісі.

– Өткенге өкінетін кезіңіз бар ма?

– Кейбір қысқартқан тұстарымды кейін қалдырмағаныма өкінемін. Адам­ның тағдыры сияқты бұлар да өмір белесінде түрлі теперішті бас­тан өткізеді. Жұ­мыр басты әр пенденің иығына Құдай тағала заманына лайық миссия ар­қалатады. Мезгілінен ерте туып қойса да, дүниеге кеш келсе де – соры. Сахналық қойылым да солай. Мұндай жағдай менің спектакльдерімнің басында да бар. 

– Өзіңізге орынсыз айтылған сын-ескертпе­лерді қалай қабылдайсыз? 

– Осыдан 13 жыл бұрын Ермек Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» пьесасын алып, заманауи жаңа үлгіде сахналадым. Шығарманың негізгі айтар ойы: бір адамның екі бейнеге айналып кетуі, екі түрлі өмір сүруі, екіжүзділігі. Ол кезде Әбіш ағамыз (Кекілбаев) бен Фариза апамыздың (Оңғарсынова) көзі тірі. Сондай зиялы қауым өкілдері тамашалап, жылы тілектерін білдірген болатын. Спектакльден кейін автор да риза болған еді. Қызылорда облысында өткен театрлар байқауына сол қойылымды алып бардық. Сонда қазылар алқасының мүшелері «сауатсыз қойылған» деген сыңайда бірінен соң бірі жарыса сөз сөйледі. Марқұм Әшірбек Сығай ағамыз­дың: «Не болды сендерге жамырап?» деген бір ауыз сөзіне де тоқтай қоймады. Қай шығармамды да ешкімді қайталамай, өз жотамда жорғалатқым келеді... Сонда ішім удай ашыды. Сол картина әлі көз алдымнан кетпейді... Мұны әдейі түсінбей қалулары да мүмкін-ау, ә деген де ой келіп еді сонда.

– Қазақ хандарының бейнесін сахналауда көп тер төгіп жүрген режис­серсіз. Спектакльдеріңіздің ұзын-ыр­ғасы қанша? 

– Шамамен 40 шақты-ау. Елордаға келгеніме 21 жылдай болды. Көрерменге жылына кейде біреу, ал кейде үш спектакль ұсынамын. «Мұқа­ғали» спектаклі 15 жылдан бері репертуардан түскен емес. «Кеш» спектаклі де солай, он жылға жуық көрерменмен қоян-қолтық өмір сүріп келеді. Тапсырыспен Өскемен, Көкшетау, Тараз, Талды­қорған, Қостанай, Орал, тағы да бірталай қалаларда қойылым әзірледім. Мұны тағы әрі қарай жалғастырмақ ойым бар. Жаныма тарихи тұлғалар жақын болғандықтан басқаға қарағанда, соған көбірек мән беремін. Қай спектакльді қолға алсам да алдымен, халыққа, ұрпаққа пайдасы тиюі керек деген ұстанымға бағынамын. Болмаса заманауи үлгідегі шығармаларды мен де қоя аламын. Бірақ менің бағытым ол емес. Қазақ тарихында елеулі орны бар Абылай хан, Кенесары хан сияқты ірі тұлғаларды, драматург Думан Рамазанмен шығармашылық байланыстың нәтижесінде Өскемен театрында «Керей-Жәнібекті» сахналадым. Елбасы қатысқан мемлекеттік шаралардан бөлек, Ахмет, Әлихан, Сұлтанмахмұт, Мұстафа сынды Алаш арыстарының бейне­лерін тірілтіп, театрландырылған қойылымдар әзірледім.

– Өмір мен өнердің мәні неде деп ойлайсыз? 

– Асылында өнер иесінің тағдырында ерекше орын алатын нәрсе, ол – сенім. Өмір шындығымен, заман тілегімен мақсат-мүддесі ұштасқан кісінің сенімі тағдыр­дың соқтықпалы-соқпақты небір иірімінен сан соқтырмай алып шыға­­тын серігі екен. Біздер сахнадағы өнердің арзандап, ақсауына ешқашан жол бермеуіміз керек, өйткені ол екінің бірінің қолжаулығына айналып кетсе, өнер­дің мәні жоғалады. Сахнада шалажан­сар дүниелер қойылса, өнерге сенім азаяды. Сенім жоқ жерде, не мән бар? Өмірдің мәні – Жаратқанның саған сыйлаған жарық сәулесі. Біреуден сатқын­дық, озбырлық көруің мүмкін. Арыз жазып, опасыздық жасайды. Бірақ әлгінде айтқанымдай, халықтың сеніміне ие жанның табанын тағылық пиғыл тайдыра алмайды. «...Өнер адамдары біздің емес, біз өнер адамдарының қолынан сүюге міндеттіміз» депті жарықтық Мұс­тафа Кемал Ататүрік. Осы керемет ұлы сенім ғой! 

– Шекспир шығармасын сахнаға қою әрбір режиссер үшін үлкен мәртебе са­налады. Осы туралы пікіріңізді орта­ға сала кетсеңіз.

– Мен Шекспирдің «Гамлетін» сахналадым. Сан-сапат үлгіде 400 жылдан бері жүріп келе жатқан мәңгілік туынды ғой. Ал мен Шекспир шыңдарына өзімше көз тіге келіп, «бірін-бірі алдап-арбаған, сыбай­лас жемқорлық, екіжүзділік жай­лаған қоғамда мынадай таза адам өмір сүре ала ма?» деген сыни соқпаққа өз тұрғымнан жол іздедім. Не ол ана топқа өз ықтиярымен қосылуы керек, не мына өмірден кетуі керек. Мұны режиссерлер неше түрлі трактовкамен қойған. Біреулер әкесінің кегін алушы десе, енді бірі Гамлетті философ ретінде таныды және т.б. Мен оны мына фәни жалғанның иесі емес, кіршіксіз таза жүрекпен анадай қоғамда өмір сүре алмайды, деген қорытынды жасадым. Негізгі күрес оның ішкі жан дүниесінде... Құндылықтар құ­ны өзгерген қазіргі заманда, әсіресе кейінгі өскелең ұрпақ үшін мұның бе­ретін тәрбиелік мәні өте жоғары деп ойлай­мын.

– Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Қойшығара Салғараұлы ағамыз біздің даламызда Тұмар патшайымға дейін өмір сүрген әйел патшайым Заринаның өмірі, ерлігі туралы жазған болатын. Зарина – «зор ене», «зор ана» деген мағынаны білдіреді екен. Қойшығара ағадан осы шығарманың драмалық нұсқасын жасап беруді өтіндім. Келесі жылы, Құдай қаласа, соны репертуарға кіргізгім келеді. Тағы бір сахнаға шығуы тиіс өзекті мәселе – шекараның ар жағындағы, атамекенін аңсап жүрген қандастарымыздың тағдыр-талайы. Бір ұлттың екі жақта қалып қоюы сұмдық трагедия ғой. Мұнан соң Бейімбет Май­лин драматургиясын сахнаға әкелгім келеді... Театрдан тыс уақытта фильмдерге түсіп жүрмін. Жақсы ұсыныстар болса неге түспеске деп ойладым. 

– Өнерде кімді ұстаз тұтасыз?

– Өнерге Асқар аға Тоқпановтың арқасында келдім. Ол кісі менен емтиханды өзі алды. «Абай жолынан» үзінді оқыдым. Асқар ағаның ең жақсы көретін шығармасы екен. «Түсіп кетсең, оқисың ба?» деді. «Иә», дедім. «Жалқау емессің бе?» Жоқ... Әй, осыдан түбінде бірдеңе шығады-ау деп ойлаған болса керек. Түстім. Аға үмітін ақтаған шығармыз. «Актер болсаң бол, болмасаң қой, бірақ адам ғып шығару менің міндетім» дейтін еді жарықтық. 

Фарида Шәріпова мен Ыдырыс Ноғайбаев сияқты қазақ өнерінің саң­лақтарынан дәріс алдым.

Әңгімелескен 
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»
 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

23.09.2018

Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін?

23.09.2018

Түркістанда халықаралық деңгейдегі инвестициялық және туристік форум өтеді

23.09.2018

Әдет қалыптастыру оңай ма?

23.09.2018

Тіл ықылассыз істі емес, періште көңілді ұнатады

23.09.2018

«Әкім Тарази шығармашылығының феномені» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті

23.09.2018

Қостанайда екі полицей жол бойында әйелді ажалдан аман алып қалды

23.09.2018

Павлодарға Дүниежүзілік Украиндар конгресінің президенті Евгений Чолий келді

23.09.2018

Балалар Евровидениесінде еліміздің намысын Даниэла Төлешова қорғайтын болды

23.09.2018

Энтони Джошуа ресейлік боксшы Александр Поветкинді жеңді

23.09.2018

Астанада ТҚО объектілерді қорғаудың цифрлық басқару жүйесі ұсынылды

23.09.2018

Екібастұзда алғашқы STEM-зертханасы ашылды

23.09.2018

Маңғыстауда VI Халық спорты ойындары басталды

23.09.2018

Астаналықтар заң мәселесі бойынша тегін кеңес алды

23.09.2018

Ақтауда триатлоннан Қазақстан Кубогының финалы басталды

22.09.2018

Жалпықалалық сенбілікте 9 мыңнан астам ағаш егілді

22.09.2018

Мақтаарал ауданында «Жасыл ел» жастардың еңбек жасақтары жұмысын бастады

22.09.2018

«Балалар Евровидениесі» байқауының жеңімпазы анықталмақ

22.09.2018

Халықаралық «Ясауитану-2018» байқауы өз мәресіне жетті

22.09.2018

Елбасы елорданың қала құрылысын игеру жоспарымен танысты

22.09.2018

Даниал Ахметов Зырян ауданын Алтай деп атау туралы ұсынысты қолдады

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qasiet pen qasiret

«Dánikkennen qunyqqan jaman» degen sózge mán bersek, munda úlken fılosofııalyq maǵyna bar. Táýba, bireý bireýden nan surap jeıtin zaman emes qazir. Toqshylyq zaman. О́zimizdi qoı ústine boztorǵaı jumyrtqalaǵan barshylyqta, etek-jeńniń keń kezinde dúnıege kelgen, zárýlik kúıin sezinbeı ósken urpaqqa balaımyz. Dastarqannan nan, maı, qant, sút, qaımaq eshqashan úzilgen emes. Sonymyzben baı sanalmasaq ta, bardyń sanatynan bolatynbyz... Qudaı saqtaı gór, taǵamǵa talǵam-talabymyzdyń sharyqtap ósip ketkeni sonshalyq keıde dastarqannan búginde nan qoıylatyn bos oryn tappaı qınalatynymyz ras. Sóıte tura, toqshylyq zamanda ómir súrip jatqanymyzdy sezinbeıtinimiz jaman. Moıyndaǵymyz kelmeıtini qorqynyshty. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Minez adamnyń taǵdyry ma?

Qazir Elbasynyń «Bolashaqqa baǵdar: rýhanı jańǵyrý» baǵdarlamasy týraly jıi áńgime qozǵalýda. Jańa turpatty jańǵyrýdyń eń basty sharty – ulttyq kodyńdy saqtaı bilý, ıaǵnı zaman jańalyqtaryn qabyldaı, oǵan ún qosa otyryp, basqa ulttardan árdaıym erekshelendirip turatyn ózińniń ulttyq bolmysyńdy, qazaqy qalybyńdy damyta bilý ekendigi aıtylýda.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Esti men eski

Elektrondy aqparat quraldaryn qosa qalsań-aq jarq etip shyǵa keletin ánshilerdiń bitim-bolmystarynan syr aýlaı uzaq qadalatynyń bar. Qyz-jigitterdiń arasynda burynnan biletiniń ıa qatarǵa jańa-jańa ilingenderiniń oryndaǵan ánderine qulaı elikpeseń de – beker obaldary káne, beıjaı tyńdap otyrǵyzbaıtyn izdenisteriniń qýaty barshylyq. Bul salanyń jetik bilgiri sanalmasań da, tańdaǵan repertýaryna ózińshe kóńil aýdaryp, naqyshyn ishki tarazyńmen ólshep, órnek ıirimin oısha saraptaısyń ǵoı, baıaǵy. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Naǵyz Báıterek

Qazirgi baspasóz betterinde, buqaralyq aqparat quraldarynda «Báıterek» degen sóz teńeý retinde kóbinese qoǵamǵa eńbegi sińgen nemese ómir jolynda jeke basy jaqsy tabystarǵa jetken, sodan halyqtyń kózine túsken adamdarǵa qatysty qoldanylyp júr. Durys-aq. Ondaı adamdardyń eńbegi halyq ıgiligine jarap jatsa, sol ıgilikten kóptegen adamdar nár alyp, turmysyn jaqsartsa nemese sol adamnan úlgi alý arqyly urpaǵyna durys tárbıe, baǵyt-baǵdar berse, tipti basqany bylaı qoıǵanda, et jaqyn týystary, aýyldastary sonyń saıasynan pana taýyp, sol arqyly ómirin durys arnada jalǵastyryp jatsa, nege qoldanbasqa. Rasynda da, mundaı adamdar «Báıterek» degen atqa ábden laıyq qoı.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу