Қазақстан • 22 Маусым, 2018

Туристік қызмет көрсету шарты – сенімді демалыстың кепілі

1693 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жазғы демалысты дұрыс пайдаланып, алыс-жақын шет­елдерге туристік сапармен барып, сәтті демалғанға не жетсін. Осыған орай жыл сайын қазақстандықтар шет­елге туристік сапармен ағылып жатады. Бірақ кейде отан­дастарымыз күтпеген жағдайға тап болып, туристік сапарда кездескен түрлі келеңсіздіктен демалыс шырқы бұзылады. Оның басты себебі, туристік қызмет көрсету барысының ойдағыдай ұйымдастырылмауынан туындайды. Мұндай жағдайда демалыстың сәтті өтуіне не кепілдік бола алады? Бүгінгі бұл сұрағымызға адвокат Сейфулла Шыңғыс жауап береді.

Туристік қызмет көрсету шарты – сенімді демалыстың кепілі

– Бұл орайда бірден айтарымыз, туристік қызмет көрсету шарты жоспарланған демалысыңыздың сәтті өтуі­нің нақты кепілі бола алады. Әрине жазғы демалыс кезеңі жаппай басталысымен көптеген туроператорлар және турагенттік компаниялар да өз жұмыстарына қызу кірісіп, халыққа әр­түрлі туристік мар­шруттарды ұсынады. Сон­да ал­дымен, туроператормен немесе турагенттік компания­сымен арада түзілетін ке­лісім­­шартты мұқият оқып, асықпай танысып шығу, алдағы демалысыңыздың жақ­сы әрі көңілді өтуіне жол ашады. Себебі бүгінде кейбір компаниялар «жеңілдің үс­тімен» жүрмек болып, заң­­да бекітілген Туристік қыз­мет көрсету шартының ор­нына мойындарына ар­тыл­­­ған міндеттемелерді орын­­дамаудың сылтауы ре­тінде Қызмет көрсету туралы шарт жасауды ұсынады. Мәсе­лен, «Қазақстан Респуб­ликасындағы туристік қыз­мет туралы» заңы тұтынушының құқықтарын қорғаудың бір­қатар тетіктерін қарастырған. Атап айт­қан­да, заңның 17-бабында саяхат барысының нашарлауы, саяхат мерзiмiнiң өзгеруi немесе көлiк та­риф­терiнiң ойламаған жерден өсуi орын алған жағдайда тарап­тардың әрқайсысының шарт­ты өзгерте алу немесе бұзуды талап ету құқығы қарас­­тырылған. 

Сонымен қатар туристік қыз­метті жүзеге асыратын тұлғаға шартты орын­даудан бас тарту туралы хабардар етiлгенге дейiн, яғни қызмет түрлеріне қаржы төленіп қойылған болса да, саяхат басталмай тұрып шартты орындаудан бас тарту құқығы сақталады. Тағы бір маңызды талап, туроператорда және турагентте туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың жа­рам­­ды шарты болған кезде ғана туроператорлық және турагенттік қыз­метті жүзеге асыруға рұқсат етіледі. 

Демек, демалыс кезінде тұ­­тыну­шының өмірі мен денсаулығына залал келген болса, сақтандыру ком­па­ния­­сы сақтандыру төлемақы­сын өтейді. Бұл заңда қарас­тырылған маңыз­ды мәселе. Бұған тұ­тынушы туроператормен немесе турагентпен туристік қыз­мет шартын жасасқан жағ­­­дай­да ға­на қол жеткізе алады. Ал егер тұ­тынушы турис­­тік ком­панияның айт­қа­нына еріп, Туристік қызмет көр­сету шар­тының орнына өтел­мелі Қызмет көрсету туралы шарт жасаса, онда аталған құқық­тардан айырылуы бек мүмкін. Себебі мұндай әрекетке барған ком­па­ния­ның пиғылы айтпаса да түсінікті. 
Шарт жасардың алдын­да туристік мар­шрутты әзір­ле­ген туристік опера­тор­дың­­ на­рық­та қанша уақыт қыз­­мет­ істеп келе жатқан­ды­ғын­ біліп алған жөн. Таң­дау­ кезінде, әсіресе демалыс орын­­дарының арзан баға­сына емес, туроператор компания­сы­ның сенім­ділігіне назар ауда­ру керек деп кеңес береміз. Сонда бір жыл асыға күткен демалысыңыздың сәтті өтері­не күмәніңіз болмайды.

Дайындаған
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»