Аймақтар • 22 Маусым, 2018

Жезқазғанның жаңа әкімі тағайындалды

822 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұған дейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының жетекшісі болып қызмет еткен Қайрат Бегімов Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалды. Қаланың жаңа басшысын активке Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов таныстырды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жезқазғанның жаңа әкімі тағайындалды

«ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі, менің өкімім, қалалық мәслихаттың келісімі бойынша Қайрат Бегімов Жезқазған қаласының әкімі болып сайланды. Қайрат Баяндыұлының еңбек жолы негізінен коммуналдық сала және құрылыспен байланысты болды. Сол себепті Жезқазған қаласының әкімі қызметіне үміткерлерді қараған кезде біз қаланың негізгі мәселелері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығымен байланысты екенін ескердік», - деді Ерлан Қошанов.

Жезқазғанның бұрынғы әкімі Батырлан Ахметов өз еркімен қызметінен кеткен болатын. ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген тағайындау тәртіптеріне сәйкес, жаңа қала жетекшісінің үміткерлігі кезектен тыс сессияда жергілікті мәслихат депутаттарына ұсынылды. Депутаттар бірауыздан үміткер Қайрат Бегімовті қолдады.

Қайрат Баяндыұлы 1968 жылы 23 ақпанда Қарағандыда туған. Екі жоғарғы білімі бар. 1992 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 2004 жылы Алматы экономика және статистика академиясын «өнеркәсіп көлігінің инженері», «қызметкерлерді басқарушы, экономист» Еңбек жолын «Қарағанды көмір» бірлестігінде жекешелендіру және тұрғын үй бөлімінің басшысы болып бастаған. Кейін Қарағанды аудандарының бірінде ТҮКШ бөлімін басқарған. Октябрь ауданының әкімі, Қарағанды әкімінің коммуналдық мәселелер бойынша орынбасары, Қарағанды облысы құрылыс басқармасының жетекші орынбасары болып қызмет етті. 

Тағайындауға дейін 2015 жылдың шілде айынан бастап Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасына басшылық етті.